Елімізде халық денсаулығына аса пайдалы балық өнімдерінің дені импорттың үлесіне тиетіндігі белгілі. Соның өзінде республикамызда балық тағамдарын тұтыну көлемі жан басына шаққанда жылдық нормадағы 14,6 килограмның орнына 7 килограмдай ғана. Сондықтан да, экономиканың осы маңызды саласына Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету қажет деп санаймыз. Өйткені, қазіргі уақытта отандық балық шаруашылығының әлеуеті толық игерілген жоқ. Бұған біз жақында Атырау облысында сапарда болып, балық аулау кәсіпорындарындағы нақты жағдаймен танысқанымызда көз жеткізе түстік.
Біріншіден, балық өндіруге республикалық бюджеттен субсидия бөлу мәселесі әлі оң шешімін таппай келеді. Егіншілік пен мал шаруашылығына көптен бері көрсетіліп келе жатқан қуатты мемлекеттік қолдаудан балық шаруашылығының неліктен құралақан қалдырылғандығы түсініксіз. Балық аулау кәсіпорындары өз жұмыстарынан мол пайда тауып, шалқып отыр деу қиын. Олардың рентабельділігі төмен, материалдық-техникалық базасы да жұтаң.
Екіншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жыл сайын балық аулау лимитін (квотасын) бекіту Үкімет құзыретіне жатады. Алайда, кей жылдары лимитті көктемгі балық аулау маусымы қарсаңында белгілеу жағдайлары жиі орын алып жүр. Бұл тым кеш болғандықтан, балықшыларға қолбайлау болып келеді. Сондықтан да алдағы жылға лимитті ағымдағы жылдың желтоқсан айынан қалдырмай бекіту туралы құқықтық норма қабылдаған жөн. Бұл өз кезегінде балық аулау кәсіпорындарының жұмыстарын жоспарлауға, жұмыс күшін, балық аулау құралдарын тиімді пайдаланып, өнімді өткізуге байланысты ішкі және сыртқы байланыстарды уақтылы қарастыруға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, балық аулау лимитін алу үшін биоресурсқа төлейтін төлем мөлшері жыл сайын ең төменгі күнкөріс көрсеткішіне сәйкес өсіріліп келеді. Мұның өзі балық аулау кәсіпорындарының экономикалық жағдайын қиындатып, саланың дамуына теріс әсерін тигізіп отыр. Осыған орай аталған төлем мөлшерін қайтадан қарап, оны белгілі бір кезеңге тұрақты баға етіп белгілеген дұрыс.
Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңның 48-бабы 4-тармағына сәйкес, қазақстандық шағын көлемді, өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін кемелердің түнде жүзуіне рұқсат етілмейді. Мұндай шектеу ауланған балықты өңдеп, өткізуге бөгесін болып отыр. Өйткені, балық аулау учаскелері балықты сақтау және өңдеу орындарынан алыста орналасқан. Кейбір учаскелерден тоқтамай жүргеннің өзінде жолға бір тәуліктей уақыт кетеді. Соның салдарынан балықшылар жарық уақытта жұмыстарын аяқтап үлгермей, шекарашылар тарапынан әртүрлі кедергілерге ұшырап, машақат шегіп жүр. Түптеп келгенде, бұл балықшылар еңбегінің өнімділігі мен балық аулау кәсіпорындары табысының, сондай-ақ, одан тиісінше мемлекетке түсетін салық түсімдерінің де кемуіне әкеліп соқтыруда. Осы жөніндегі балықшылар қауымының өтінішіне орай қолданыстағы заңнамаға тиісті түзету енгізу қажет-ақ.
Бұған қоса, кейінгі 20-30 жылда табиғаттың өзгеруіне байланысты өзен-көлдердің арналары тарылғаны мәлім. Кейбір шағын өзендер мүлдем құрғап кеткен. Экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты балық қорының азая бастағандығына алаңдаған балықшылар қауымы Үкіметтен мелиорация жұмыстарына қаржы бөлініп, теңіз тамағы, қиғаш сағалық кеңістігі тереңдетіп қазылса деген тілектерін білдірді. Бұл да зейін қойып, зерттеуді және болашақта болуы ықтимал табиғи апаттың алдын алу шараларын дер кезінде қарастыруды талап етеді.
Ел экономикасының балық шаруашылығы саласының қазіргі қанағаттанғысыз жағдайына оны дамытудың ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламасының болмауы теріс әсерін тигізіп отыр деп білеміз. Сондай-ақ, бір кезде өзінің Балық шаруашылығы министрлігі болған Қазақстанда бүгінде тіпті осы маңызды салаға жетекшілік жасайтын арнаулы комитеттің де жоқтығы ойландырмай қоймайды.
Осы мәселелердің шешімі Үкіметке тірелетіндіктен, еліміздің басты атқарушы билігін аталған проблема бейжай қалдырмайды ғой деп үміттенемін.
Бейбіт МАМРАЕВ,
Мәжіліс депутаты