Шығыс Қазақстанның төтенше жағдай қызметкерлері көктемгі ықтимал тасқынға әзірлік жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі уақытта сала мамандары қар қалың түскен аумақтардың тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Биыл өңірдегі қар жылдағыдан қалың. Әсіресе, Катонқарағай мен Бесқарағай аудандарында ақ ұлпа әдеттегіден 2 есеге дейін артық түскен.
– Шығыс Қазақстанда 100-ден астам елді мекенді су басу қаупі бар. Бұл жерлерде 20 мыңға жуық халық тұрады. Осыған байланысты қауіптің алдын-алу жұмыстары қолға алынды. Өзендердің арналарын тазартып, бөгеттер орнатып жатырмыз, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқар-
масының аға офицері Әнуар Қайсанов.
Облыс орталығы – Өскеменде де тасқын қаупі бар жерлер қатаң бақылауға алынған. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының таратқан деректеріне сүйенсек, шаһарда 2535 тұрғыны бар 1016 үй тізімге алынып, тасқынның алдын алу үшін оперативті-мобильді топтар құрылған.
– Өзендер мен су шайып кету қаупі бар аудандарға адамдар бекітілді. Олар жағдайды кірпік қақпай қадағалайтын болады, – дейді Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасы азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы Валентин Литвиненко.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН