17 Ақпан, 2017

Жүзеге асқан жобалар

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
заңдылықтардың сақталуымен қатар, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына ықпал етеді Қостанай облыстық прокуратурасы өткен жылдың жұмыс нәтижелерін қорытындылады. Осыған орай өткен алқа мәжілісінде облыс прокуроры Марат Қайыпжановтың мәлімдегеніндей, көп мәселеде көрсеткіштер түзеле бастаған. Әдетте, қылмыс пен әділетсіздіктің қай түрі де халықтың әлеуметтік тұрмысына кері әсер етеді. Сондықтан соңғы уақытта жергілікті атқарушы билік, өкілетті органдар мен қадағалау органдары тізе қосып әрекет еткенде тірлік түзеліп сала беретінін көрсеткендей. Облыстық прокуратураның бірнеше әлеуметтік жобаны жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүргізуді бастауы осының нақты мысалы болады. Қай жерде де кең тараған қылмыстың түрі – ұрлық. «Ұрлыққа қарсы әрекет» жобасы жұмыс істеп келе жатқан 3 жылдың ішінде қылмыстың осы түрі үштен бірге дейін азайған. Мал, көлік, ұялы телефон ұрлығы алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген. Пәтерге түсетіндердің жолы 22 пайызға кесілген. Өйткені, осы жоба аясында көп жұмыс жүргізілді. Оған кәсіпкерлер, пәтер кооперативтері, әкімдіктер тартылды. Малдың барлығы құжатталды, орталықтандырған жайылымдарға шығару ұйымдастырылды, үй­лерге бейнекамералар мен домофондар орнату қадағаланды, автотұрақтарға күзет қойылды. Осы жобаның арқасында қылмыс өткен жылы 14 пайызға азайған. Әділдік барлық салада ақсап жатады, оның сақталуын прокуратура қадағалайды. Ішкі істер органының өзінде тергеушілер тарапынан болған азаптау фактілері өткен жылдары жиі қылаң беретін. БҰҰ комитетінің 2012-2014 жылдар­ғы шешімдері негізінде облыс­тың екі тұрғыны 2007-2008 жылдары азаптау құрбандары болып танылған еді. Сондай-ақ, 2015 жылы азаптауға байланысты арыздар саны 63-ке жеткен болатын. Тіпті, өткен жылдың бірінші жартысында прокуратураға тергеу барысында азапталғанын айтқан 28 арыз түскен. Өткен жылы осы келеңсіз көріністің жолын кесуге прокура­тура өзі кірісті «Азаптауға жол бермейміз» атты жобаны іске қосты. Оның шеңберінде тер­геу орындарына 337 бейнекамера, Ішкі істер басқармасында 83 бей­неқұрылғы прокурорлармен онлайн қарау қызметіне қосылды. Жеткізілген адамдармен сауалдама толтыру тәжірибеге енгізілді, учаскелік инспекторлар бекеттерінде прокуратура жәшіктері қойылды. Түзеу мекемелерінде этаптарды қа­былдағанда прокурордың мін­детті түрде қатысуы, бейнежазба жүр­гізу қамтамасыз етілді және әрбір сот­талған адам кем дегенде тоқсанына бір рет жеке қабылдауда болды. Облыстық прокуратура жер­гілікті әкімдіктермен, әлеуметтік салалармен бірлескен жобаларын биыл да одан әрі жалғастыра береді. Олардың қатарын «Тең мүмкіндіктер» әлеуметтік жобасы толықтыра түсетін болады. Онда прокуратураның қадағалауымен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инфрақұрылымдық мәсе­лелердің шешімін табуына ықпал жасалады. Бұл ғаріп жандардың қалыпты өмірге қайта оралуына қа­жетті көмекті көбейте түсері сөзсіз. Сонымен, биыл облыстық проку­ратура 8 жобаны жүзеге асыр­мақ. Олардың шеңберінде құқық бұзушылықтар реттеліп, заң­дылықтардың орындалуымен қатар, әлеуметтік мәселелердің ше­шімін табуына да мүмкіндіктер туады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ