«Сараптама ұйымдарының палатасы» кәсіптік бірлестігі өткен жылдың ақпан айында елдегі үш бірдей сараптама ұйымының негізінде құрылған. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруды мақсат еткен бірлестік бүгінгі таңда құрылыс объектілерін жобалау саласындағы сараптама қызметін нығайту мен оны дамытуды, құрылысқа арналған жобалардың ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізуді және серіктес ұйымдардың кәсіби дамуын арттыра отырып, институционалдық базаны қалыптастыруды көздейді.
Елбасы жариялаған Ұлт жоспарының 47-қадамында 2020 жылға дейін елдегі сараптама қызметінің 90 пайызын кезең-кезеңмен жеке нарыққа беру жоспарланғаны белгілі. Осыған орай, жоспардың орындалу барысын егжей-тегжейлі баян еткен елордадағы палата жиынында бірлестіктің бір жылдық жұмысы қорытындыланып, ертеңгі күннің еншісіне тиесілі шаруалар пысықталды.
Бүгінде алпысқа жуық сарапшылық кәсіпорынды қанатының астына алған «Сараптама ұйымдарының палатасы» кәсіптік бірлестігі елдегі жалпы нарықтың 39 пайызын құрап отыр. Негізінен, жоспар бойынша бұл көрсеткіш жеке компаниялар арқылы 50 пайызға тең түсуі тиіс болатын. Республиканың әр өңірінен келген сарапшылық ұйым өкілдерінің алдында баяндама жасаған басқарма төрағасы Бірлік Ережепов ұйымның алғашқы жылы жалпы қызметті ұйымдастыру үдерісіне арналғанын айтып өтіп, бір жылдық жұмысты қорытындылады.
«Бірқатар кәсіпорындар мемлекет меншігінен бәсекелестік нарыққа шыққанымен, олардың көпшілігі сарапшылық қызметтің түп-төркінін жете түсініп, анық біле қоймады. Сондықтан да, бұл жерде бизнес пен орасан мол кіріс көзінің жоқтығын дұрыс түсіндіре отырып, сарапшылық ұйымның басты мақсаты – жобаларды тексеру мен ғимараттардың және құрылыс нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігіне баса көңіл бөлуімізге тура келді», деді Б.Ережепов.
Бүгінгі таңда палата қарамағындағы кәсіпорындардың нормативтік-құқықтық актілері жобаларын жасаумен қатар, мемлекеттік органдардың мүддесіне қызмет етеді. Сондай-ақ, мамандарды әдістемелік оқытумен де айналысады. Сонымен қатар, ұйымның кәсіби сарапшылары сан түрлі жобаларды жоғары деңгейде тексеруін үйлестіреді. Қызметке кіріскен алғашқы жылдың өзінде палата құрамына 60 ұйым тіркеліп, оның ішінде 9 мекеме тізімнен шығарылған болса, оның екеуі сарапшылық кеңестің сапасыз шешімін тұрақты түрде шығарып келгені анықталған.
Мамандар пікірінше, әсіресе, сарапшылық ұйымдарды нарықтық бәсекеге берілуіне мемлекеттік органдардың немқұрайлы қарауы істің ілгерілеуіне кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді. Сондықтан да, осы күнге дейін жоспарға сай ұйымдардың 50 пайызы жеке компаниялар арқылы нарыққа жіберілудің орнына, қазіргі күнгі көрсеткіш жоғарыда атап өткеніміздей, 39 пайызды ғана құрап отыр.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»