18 Ақпан, 2017

Оңтүстік Қазақстанда аграрлық секторды дамыту мәселесі талқыланды

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты. Вице-премьер ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін ірілендіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. «Мемлекет басшысы Жолдауда аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Осы тапсырмаға сай агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Ондағы негізгі мақсат – үй шаруашылықтары мен ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру, өнімді қажетті инфрақұрылыммен қайта өңдеуді ұлғайту. Өткен жылы осы тапсырма аясында еліміз бойынша 15 мың жеке қосалқы шаруашылықты қамтыған 157 кооператив құрылды. Олардың базасында 100-ден астам сүт қабылдау пункті мен жеті мыңнан астам отбасылық бордақылау алаңы ұйымдастырылды», – деді А.Мырзахметов. Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартып, өнімнің өңдеу сапасын жақсартуға күш салмақ. Бұл бағытқа мемлекет бюджетінен 57 млрд теңге бағытталып отыр. Несие шаруаларға 6 пайыздық жеңілдікпен үлестірілетін болады. Ондағы негізгі талап – кооперативке бірігетін шаруа қожалықтардың саны 20-дан кем болмауы тиіс. Вице –премьер сондай-ақ субсидиялау қағидаттарының қайта қаралып жатқанына да кеңінен тоқталды. Бүгінде 11 субсидия түрі алынып тасталып, 35 субсидия түрінің нормативтеріне өзгерістер енгізілген. Аталған мақсат-міндеттер Елбасы Жарлығымен бекітілген Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алғышарттары ретінде белгіленіп отыр. Жиын барысында еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы келген дирекция басшылары жиналғандарға кооператив құрудың негізгі алғы шарттары мен субсидиялау, құжаттандыру мақсатындағы қағидаттарды жан-жақты түсіндірді. Бағдарламаның басты мақсаты – ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту. Оның аясында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 38 пайызға, жалпы өнімін 30 пайызға, азық-түлік тауарларын экспорттау көлемін 600 млн АҚШ долларына арттыру және импорт көлемін 400 млн АҚШ долларына төмендету қарастырылған.