20 Ақпан, 2017

Көксайдағы қар көшкіні апат айтып келмейтінін көрсетті

782 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қаңтар айында қар көрмеген Жамбыл облысы ақпан айында қалың қардың астында қал­ды. Ақпан айының алғаш­қы күндерінен-ақ қыс қаһа­рын танытып, мезгіл міне­зін көрсетіп тұр. Қардың қа­лың жауғаны соншалық, елдіме­кен­дер арасында көлік қозғалысы қиындады. Тіпті, кейбір азаматтар мұн­дай қыстың соңғы он жылдың көлемінде болмағанын айтады. Ал ұялы телефонға соңғы кездері «Алматы – Таш­кент» тасжолының жабылған­дығы туралы хабарламалар да жиі түсіп жатты. Алайда, таби­ғаттың тосын мінезіне қар­сы тұратын қауқар жоқ. Күре жол­дарды қанша күрегенмен, күн сайын жауған қардың тұрғындарды әбігерге салғаны анық. Апат айтып келмейді. 17 ақ­пан күні Жамбыл облы­сын­да төтенше жағдай орын алып, қалың елді дүр сіл­кін­дірді. Жуалы ауданы, Көк­сай шатқалында әскери жат­тығу кезінде қар көшкіні жү­ріп, 7 әс­кери қаза тапты. Тосын­нан келген апат салдары­нан әскерилер қалың қардың астында қалып қойған. Көксай шатқалында 91678 әскери бөлімшесін жос­парлы жауынгерлік дайын­дықтан өткізу барысында кенеттен қар көшіп, қайғылы оқиғаның орын алғанын сол күні ресми түрде Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қорғаныс министр­лігінің баспасөз қызметі мәлім­де­ді. Ал еліміздің Ішкі істер министр­лігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, жалпы, жиырмадан астам арнайы жасақ сарбазы қарға көміліп қалған. Облыстық Төтенше жағдай­лар департаменті баспасөз қызметінің басшысы Сәуле Мұнатаева орын алған төтенше жағдайға байланысты департамент тарапынан 75 адам мен 7 техниканың оқиға орнына шұғыл жіберілгенін айтады. Сондай-ақ, апатқа байланысты облыстық департамент «шұғыл желіні» іске қосты. Және оқиға орнына құтқару бөлімшесінің 185 қызметкері мен 24 техника жұмылдырылған. Құтқару жұмыстары сол күні түнгі сағат он бірге дейін жүргізілген. Қайғылы оқиға 17 ақпан күні түс мезгілінде болған. Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне қорықшы Әлімбековтен Жуалы ауданы, Алатау ауылынан 35-40 шақырым жерде орналасқан Көксай шатқалында қар көшкіні жүріп, 23 әскеридің қар астында қалғаны туралы хабар келіп түседі. Арада бір сағатқа жуық уақыт өткенде қорықшы департаменттің кезекші бөліміне тағы да хабарласып, қар астынан 4 әскериді алып шыққанын айтады. Нәтижесінде, құтқарушылардың еңбегімен қардан зардап шеккен 16 азамат құтқарылып, оларға тиісті медициналық көмектер көрсетілді. Көксайдағы көшкінге орай, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғаны тергеу барысын өз бақылауына алатыны хабарланған болатын. Ал 18 ақпан күні еліміздің Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов облысқа арнайы келді. Қорғаныс министрі қар көшкінінен зардап шеккен әскери қызметшілердің хал-жағдайын Тараздағы әскери госпитальға өзі барып білді. Сондай-ақ, министр Сәкен Жасұзақов пен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы және Күркіреусу ауылдарына барып, қайтыс болған Тілеужан Кеңесов пен Мұхит Тұрысмағамбетовтің және Мақсат Шәкеннің отбасына көңіл айтты. Қатардағы жауынгер Тілеужан Қуатжанұлы 1993 жылы, ефрейтор Мұхит Балмағанбетұлы 1991 жылы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Қатардағы жауынгер Мақсат Құрманғазыұлы 1995 жылы Күркіреусу ауылында туған. Сондай-ақ, Қорғаныс министрі мен облыс әкімі Тараз қаласына да келіп, қаза тапқан Әуесбай Ерісбаевтың отбасында болды. Кіші сержант Әуесбай Көмекбайұлы 1992 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Қаза болған қалған үш азаматтың да аты-жөні белгілі болды. 1988 жылы туған кіші сержант Әмір Аралбаев Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданынан, 1991 жылы туған аға лейтенант Әлішер Мошабаев Алматы облысының Үштөбе қаласынан және 1991 жылы туған кіші сержант Мақсат Қыдырбаев Қызылорда облысының Шиелі ауданынан. Кеше Қорғаныс министрлігі 91678 әскери бөлімінің (өңірлік қолбасшылығы) аумағында Жуалы ауданындағы қар көш­кінінен қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасты. Жамбыл облысы әкімдігінің баспа­сөз қызметі хабарлағанындай, қаза тапқан әскерилердің мәйіті туыстарына жеткізіледі. Оқиға орын алған күні-ақ облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тапсырмасымен құтқарушылар жасағы мен техникалар жұмылдырылған болатын. Дегенмен, қалың елді қамықтырған қайғылы оқиға орын алды. Тосыннан келген тағдырдың жазуына ешқандай амал-айла жоқ. Беймезгіл сәтте бақиға аттанып кете барған азаматтардың орны ойсырап қалды. Қанша жерден тағдырдың тосын сынағы, жазмыштың жазуы десек те, қайғының қалың бұлты көптің көкейінен көпке дейін көшпесі анық. Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көп­босынов қайтыс болған әр азаматтың отбасына әзірге 200 мың теңгеден қолдау көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ, облыстағы әскери қызметшілер де қолдау көрсетуге дайын. Бірақ көптің көңілінде күрең мұң қалдырған Көксайдың көз жасы арманда кеткен азаматтардың ақырғы демін ұзақ уақыт ұмыта алмайды... Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы