20 Ақпан, 2017

Целиноград, сен әлі тірі ме едің?!.

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астана абаттанған сайын қазақ қанаттанған керемет кезді бастан кешудеміз. Ажар-көркі көз арбаған қаламызға дос сүйсіне, дұшпан күйіне қарайды. Құдай қуанышымызды көп көрмесін деңіз. Ал, енді осы ертеңі нұрлы елор­дамыздың тағылымды тарихы қай замандардан тамыр тартады? Жеті ықылымнан жеткен деректер мен дәйектерге жүгінген ғалымдарымыз Есіл-Нұра екі судың ен жағасын ежелден ел жайлағанын айтады. Ең бастысы, олар ойда-қырда мал бағып, айран ұрттап, қой құрттап қана күн көрмеген. Арық қазып, астық өсірген. Қалалар салып, су құбырын тартқан. Ақша шығарып, қолөнершілікпен айналысқан. Айна­ласындағы жұртпен алыс-беріс жасаған. Қазба жұмыстары барысында табылған құнды жәдігерлер бұл өлкені мекендеушілер мәдениетінің қаншалықты жоғары болғанды­ғын болжауға мүмкіндік береді. Архео­логтар аршып жатқан анау Бытығай, мынау Бозоқ соның айғағы. Ақордалы Астанадан атшаптырым жердегі Тайтөбеңіз де тарихтың талай сырын бүгіп тұр. Арғы-бергі зерттеушілердің алға тартқан айғақтарына сүйенсек, сіз бен біз этимологиясын сан саққа жүгіртіп жүрген Ақмола атауының шығу төркіні сол төбенің үстінде қирандысы қалған көне қорған­мен байланысты көрінеді. Сайын Сарыарқаның төрт тарап төңіректі тоғыстырар тұсында тұрғызылған қамал төріндегі алтын тақта отырып ата-бабаларымыз алыс-жақынға билік еткен. Ғұн тілінде «Ақ» – Батыс, «Мола» – қамал ұғымын білдірген екен. Сонда астарын таптырмаған Ақмолаңыз «Батыстағы қамал» болмай ма?! Тайтөбеден таяқ тастамдағы ауылдарда Рейхстагта жеңіс туын желбіреткен қаһарман Рақымжан Қош­қарбаев пен аспанда жаумен айқас­қан батыр ұшқыш Талғат Бигел­диновтің кіндік қаны тамған. Бағалай білсек, Қазақстанның бас шаһары бой түзеген қасиет­ті байтақтағы бағзыдан қалған бағана­лы орда – осы Тайтөбе. Ендеше, ол Тәуелсіз еліміздің ономастикалық картасынан лайықты орнын ойып алуға тиіс. Тарихтың тәбәрігіндей Тайтөбе Ақмола облысына қарасты Цели­ноград ауданының аумағында орна­ласқан. Кешегі кеңестік кезеңде Ком­партия көсемдері алаулатып-жалау­латқан тың игеру саясатының хал­қымызға тигізген пайда-зиянын таразыға тартпай-ақ қоялық. Бәрі белгілі. Бұған дейін де жан-жақ­ты жазылған. Бірақ Целиноградтың жаны сірі екен, сүлдесін сүйретіп әлі келеді. Сондықтан, көп сөйлеп соз­бай, ұзын сөздің қысқасына көшсек: бүгінде бәріміздің құлағымыз­ға түрпідей тиетін Целиноградтың атын ерен елдігіміздің белгісіндей Тай­төбеге аударып берсек, яғни аудан атын Тайтөбе деп өзгертсек, біткен істің бірі болар еді. Тарих қапияда кеткен қате­лік­тердің түзетілгенін қалайды. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»