Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Георгий Соков алуан жанрда және түрлі техникамен жұмыс істейтін қылқалам шебері. Ол пейзаж жанрына көп қалам тартпағанын айтса да, осыдан шамалы уақыт бұрын көрермендеріне пленэрлік жұмыстарын ұсынған болатын. Енді ол қостанайлықтарға графикалық шығармаларын тарту етті. Көрмені суретші «Ақ пен қара» деп атапты. Ол көрменің ашылу салтанатында «Ақ пен қараның» мәнісін түсіндіріп өтті.
– Мен бұл жолы тек графикалық жұмыстарымды көрсетуді мақсат еттім. Өйткені, біздің көрермендер көркемсурет өнерінің алтын ордасына балайтын майлы бояуды, кескіндемені жақын тұтады, ал графикаға көңіл бөлмейді. Мен осы түсінікті жоққа шығарғым келді. Өнер бір жанрдан және бірыңғайлықтан тұрмауы тиіс. Әр жанрдың, техниканың айтары, кереметтігі болуы керек. Мен ақ қағаз, қара қаламмен де көп дүние айтылатынына көрермен назарын аударғым келді, – деді Георгий Михайлович.
Суретшінің 20 жыл ішінде салған сексеннен аса графикалық шығармалары мазмұны жағынан да сан алуан. Ол әлем және орыс классикалық әдебиеті шығармалары кейіпкерлерін біраз графикалық еңбектеріне арқау еткен. Мысалы, «Ронсардың өлеңдеріне» линонақыш топтамасы, А.Пушкин мен М.Булгаковтың танымал туындыларына арналған парақтар соның айғағы. Сонымен қатар, графикалық туындылар сюжеттерінде дала салт аттылары тақырыбы да суретші қиялынан тыс қалмаған.
– Графикалық жұмыстар көп тер төгуді қажет етеді. Қазір суретшілер ондай жұмысқа бара бермейді. Георгий Михайлович секілді қылқалам өнерінің еңбек торылары ғана оған ерінбейді. Картиналары бірінен бірі өтеді, көрермендер таңданысын жасыра алмай тұр, – дейді суретшінің әріптесі Татьяна Изюмова.
Георгий Михайловичтің айтуынша, оның графикалық жұмыстары суретші ретіндегі ізденістерінің де нәтижесі. Ең бастысы, суретші қылқалам арқылы ой айтуы керек қой. Алуан түсті пайдаланатын кескіндеме өмір ақиқатына жақын, ал ақ пен қарадан ғана тұратын графика өзінің шектеулі мүмкіндігі секілді өмірдегі шартты түсініктерді беруге қолайлы. Суретшіні графикалық жұмыстарға жетелеген себептің бірі де осы екен. Оның еңбектеріндегі жоғары орындау мәдениетін, бай қиял, мәнерлілік, ақ пен қара түстердің кереғарлығын ұтымды пайдалануды әріптестері де, көрермендер де ерекше бағалады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ