20 Ақпан, 2017

Қауіпсіздік конференциясына қатысты

176 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлағанындай, Қазақ­стан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қауіпсіздік конференция­сына қаты­с­ты. Бұл беделді форумның биылғы күн тәртібі транса­т­лан­ти­ка­лық қатынастардың келешегі мен НАТО, сондай-ақ, қауіп­сіздік пен қорғаныс саласындағы халықаралық ынтымақтастық төңі­ре­­гін­де болды. Шара аясында Батыс пен Ресейдің өзара қарым-қатынас­тары, Сириядағы соғыс, Азия-Тынық мұхиты айма­ғы­ндағы ахуал және басқа да тақырыптар бойынша пікірсайыс өрістеді. Конференцияға 600-ден астам меймандар, оның ішінде 30 ел­дің мемлекет және үкімет басшы­лары, парламенттер төрағалары, бедел­ді сая­саткерлер, дипломаттар, әске­ри­лер мен сарапшылар қатыс­ты. Германия Канцлері Ангела Мер­кель, БҰҰ Бас хатшысы Ан­тонио Гутерриш, АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс, НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенбергтің сөздері ерекше ықылас туғызды. Қазақстан Сенатының Төрағасы «Еуразиядағы сыну сызықтары» тақырыбы бойынша панельдік пікір­сайысқа қатысты. Қ.Тоқаев өз сөзін­де аймақтағы мемлекеттер ара­сын­да болжалды және достық қаты­нас­тар қалыптастырудың маңыз­ды­лығын атап өтті. Төраға Қазақ­стан­ның шектесетін елдермен аумақ­тық мәселелерi жоқ екенін, өйт­кені әлемдегі құрлықтағы ең ұзақ шекара – Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағыны қоса есептегенде, бар­лық елдермен мемлекеттік шекара делимитацияланғанын айтты. Қ.Тоқаев Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» тұжырымы аймақтық экономикалық ынтымақтастыққа, оның ішінде транзиттік әлеуеттің арта түсуіне және Еуразия елдерінде жаңа өнеркәсіп қуаттарын қалып­тас­тыру үшін ауқымды мүмкін­діктер ашатынына тоқталды. Төраға бұл тізбекте Ресей маңызды рөл атқарады деп санайды. Сенат Төрағасы Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асып жатқан реформаларға егжей-тегжейлі тоқталды. «Қазақ­стан реформашыл мемлекет болып табылады. Біз экономика немесе саясат саласы болсын, біздің қоғамның трансформациялануын тоқтатуға болмайтынына кәміл сенеміз. Қазақстан әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына ілгерілеу үшін қандай жағдай болса да құрылымдық реформалар жалғаса беруі тиіс», – деді Қ.Тоқаев. Төраға сондай-ақ Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі лауазымында Қазақстанның басымдықтары туралы да хабардар етті. Ол ядролық қару мен ядро­лық материалдардың жайылу мәсе­ле­лерін, әсіресе, олардың терро­рис­тік ұйымдар қолына түсу қаупін ерекше бөліп айтты. Одан бас­қа, Қ.Тоқаевтың айтуынша, Қазақ­стан Азиядағы өзара сенім және іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңесті нығайта түседі, сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы жұмыстарды үдетуді жалғастырады. Сессияға сонымен қатар Әзер­байжан Президенті Ильхам Алиев, Эстония Президенті Керсти Калью­лайд, Грузия Премьер-министрі Геор­гий Квирикашвили және Ук­раи­на­ның бұрынғы Премьер-Министрі Арсений Яценюк қатысты. Пікірсайысты «Eurasia Group» компаниясының негізін салушы Ян Бреммер жүргізді.