Дәнді дақылдан рекордтық көрсеткішке қол жетті
Өткен 2016 жыл берекелі жыл болды, деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. Халқымыз үшін ең ұлы мереке – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ерекше жоғары деңгейде аталып өтті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер көшбасшылығының арқасында Қазақстан тарихтың сындарлы сәттерінен үлкен абыроймен өтті. Ел экономикасының дамуы еселеп, халықтың тұрмыс-тіршілігі түбегейлі өзгерді. Жалақы, жәрдемақы, зейнетақы жыл сайын өсіп, әлеуметтің әл-қуаты артты. Осының бәрі Елбасымыздың Қазақстандағы тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық және ел бірлігі жолындағы тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Президентіміз биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында бүгінгі және болашақтағы мемлекетіміздің әлемдегі рөлі және орны туралы бағыт-бағдарын нақты айқындап берді. Осылай деген өңір басшысы облыстағы атқарылған жұмыстарды сала-салаға бөліп жіліктеп берді. Атап айтқанда, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында өткен жылы 19 жоба іске қосылып, 600-ден астам жұмыс орны ашылды. 2016 жылы индустриялық аймақтарда 15 жоба іске қосылып, 6 млрд теңге инвестиция тартылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 303 жобаға қолдау көрсетіліп, 2126 жұмыс орны құрылды. Соңғы жылдары облыстың агроөнеркәсіптік өндірісінің дамуында оң үрдістер байқалып отыр. Ауыл шаруашылығында жалпы өнімінің өсу динамикасы сақталуда. Егін шаруашылығын әртараптандыру, асыл тұқымдандыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл мемлекеттің белсенді бюджеттік саясатының арқасында мүмкін болып отыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 445,0 млрд теңгені құрап, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9 пайызға артты. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 2016 жылы 26 млрд теңге субсидия бөлініп, 43 мыңнан астам ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді. Ал, ауылшаруашылық дақылдары бұрнағы жылдан 13 мың га артып, 788,8 мың га орналастырылды. Орта есеппен 633 мың тонна дәнді дақылдар жиналып, 2015 жылмен салыстырғанда 8,9 пайызға артты. Орташа түсімділігі гектарына 25,1 центнерді құрап Қазақстан тәуелсіздігі кезеңіндегі ең үлкен көрсеткішке қол жеткізілді. Облыс әкімі өңірде көкөніс, бау-бақша, жеміс-жидек дақылдары және жүзім өнімділігіне өндіріске интенсивті баулардың арқасында қол жеткізілгендігін атап өтті. Тамшылатып суару әдісінің көлемі 51 мың гектарға көбейіп, республика бойынша үлесі 73 пайызға жетсе, жылыжайлар көлемі 1123 гектар құраған. Егер осыны республикалық көлемге шағар болсаңыз 80 пайыздан асады. Тек, жылыжайлардан ғана 160 тонна өнім жиналған. Елбасының тапсырмасына сәйкес «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заңды нәтижелі іске асыру мақсатында кооперативтерді құру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бүгінгі күні жаңадан 17 мыңнан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 242 кооператив құрылды. Сонымен қатар, облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 211,9 млрд теңгені құрап, 2,3 пайызға өсті. Жыл басынан 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласында – 4, білім саласында – 39, мәдениет саласында – 8, спорт саласында 2 нысан пайдалануға берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 18,8 млрд теңге игеріліп, нәтижесінде 72,2 мың адам қамтылды. Ал, 36,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, 24 ауыз су, 25 табиғи газ нысандары пайдалануға берілсе, 640,9 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді.1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды
Елбасы биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салалары мен өнеркәсіптің басым салаларындағы бәсекеге қабілетті экспортқа бағытталған өндірістерді құра отырып, өндірісті дамыту міндеттерін қойып отыр, деді әкім. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында, облыстың Индустрияландыру картасы аясында 2017-2020 жылдары 91 жоба, оның ішінде 2017 жылы 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде облыс экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылады. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 2017 жылға жалпы 3,1 млрд теңге бөлініп, 400-ге жуық жоба қаржыландырылмақ. Нәтижесінде 1 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде.«Жақсы әкімнің келгенін газ келгенде білерсің»
Облыс әкімінің есебінен кейін сұрақ-жауапқа кезек берілген. Кейінгі жылдары байқалған бір жақсы қасиет, бұрынырақтағыдай әркім өз басының қамын күйттеп кетпейді. Халық саны жыл сайын жедел өсіп жатқан облысқа балабақша, мектеп, емхана керек. Өзінде мол су қоры, электр қуаты болмағаннан кейін бұл мәселелер де өзекті саналады. Алты алашқа даңқы тараған Отырар ауданда көгілдір отын жоқ. Осы жайында сөз қозғаған халық ақыны Әселхан Қалыбекова «біздің ауылдың келіндері «Жақсы күннің келгенін жаз келгенде білерсің, Жақсы әкімнің келгенін газ келгенде білерсің», деп әзілдей отырып, Отырарға қашан газ келеді», деп базына айтты. Жансейіт Қансейітұлы тек ағымдағы жылы 57 елді мекен газдандырылғанын, бүгінде 1 млн 860 мың адам көгілдір отынды тұтынып отырғандығын жеткізді. Жалпы, 2021 жылға дейін іс-жоспар түзілген. Сонда тағы да 383 елді мекеннің қолы көгілдір отынға жетеді. Облыста ауыз су мәселесі де өткір күйінде қалып отыр. Есеп беру жиынында облыс басшысы жақында өткен мемлекетаралық кездесуде Өгем өзенін бұрып Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал аудандарындағы 1 миллионға жуық халыққа ауыз су жеткізуге келісімге келгендігін айтты. Бұл, әрине, Сарыағаш сияқты ауыз су орнына арасан суын ішіп отырған аудандарға өте қуанышты хабар болды. Есеп беру жиынынан соң жарыссөзге шыққан азаматтар көптеген мәселелерді көтерді. Жалпы, сөз сөйлеген азаматтар облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, алдағы істеріне сәттілік тіледі. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы