Ядролық энергетика жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) пен Қазақстан Төмен байытылған уран банкін құру туралы келіссөз жүргізгені белгілі. Бұл жөнінде Астанада «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумы аясында өткен баспасөз мәслихаты барысында МАГАТЭ-нің Бас директоры Юкио Амано мәлімдеген еді.
«Қазақстан мен МАГАТЭ өте жақсы қарым-қатынаста. Біз Төмен байытылған уран банкін құру жөнінде байланыс орнату мәселесін бірге талқылап, соған сәйкес Қазақстанда қажетті қуат көздерін қалыптастырудамыз», деген болатын Ю.Амано. Оның айтуынша, Қазақстан мен МАГАТЭ ядролық қауіпсіздікті нығайту мәселесі бойынша да ынтымақтастық орнатқан. «Осындай ықпалдасқан іс-әрекеттердің арқасында Қазақстан біздің маңызды серіктесімізге айналды. Біз осы серіктестігімізді нығайту үстіндеміз. Қазақстан – МАГАТЭ-нің ең маңызды мүшесі. Ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік мәселесінде бағытымыз бір. Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамаларын толық қолдаймыз. Өз басым сіздердің Президенттеріңізді қатты сыйлаймын», деген еді Ю.Амано.
Бұдан кейін МАГАТЭ-нің тікелей шақыруы бойынша Венада өткен Ядролық қауіпсіздікке арналған конференцияға Қазақстан тарапы да барып, қатысып келді. Халықаралық конференцияға қатысқан 168 елдің өкілдері бірауыздан арнайы декларацияға қол қойды. Декларацияға сәйкес, радиоактивті материалдардың қолды болуына жол берілмеуі керек және оны заңсыз тауар айналымына шығаруға да жол берілмеуі тиіс, өйткені, бұл өте қауіпті мәселе деп көрсетілген.
«МАГАТЭ-де әр үш жыл сайын осындай конференция өтеді, – дейді Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі, Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков. – Бұл – осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған жиын. Конференцияда министрлік сегментінің пленарлық отырысынан бастап, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты әртүрлі тақырыптар бойынша ғылыми және техникалық сессиялар өтті. Әр сессияда тараптар Қазақстанның пікіріне ерекше назар аударды.
Э. Ғаділетұлының айтуынша, жиында еліміздің ядролық қаруды таратпау саласындағы жетістіктері, ядролық қауіпсіздікті нығайтуға байланысты Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы тиімді ынтымақтастық жайында жан-жақты сөз болған. Конференцияға қатысушылардың назары Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында көтерілген бастамаларына да ерекше ауған көрінеді. Солардың бірі – «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде тіркеуге алынғаны белгілі.
Вена конференциясына қатысушылар, сондай-ақ, 2017 жылдың екінші жартысында іске қосылады деп жоспарланып отырған МАГАТЭ-нің Қазақстандағы Төмен байытылған уран банкі жобасының қай деңгейде атқарылып жатқаны туралы да кең көлемді әңгіме қозғапты. «Жобаның іске асырылуы біз үшін аса маңызды, – дейді бас директор. – Өйткені, бүгінде ҰЯО қауіпсіз ядролық реакторларды пайдалану жөнінде маңызды ғылыми жұмыс атқаруда. Тағы бір жасалған жұмыс, бұл – ядролық сұйық отынды өңдеу және ұзақ уақытқа сақтау мәселесі. Қазақстанда атом энергетикасының даму болашағы жарқын. Соның бір дәлелі, Орталық ғалымдары жапондық әріптестерімен қатарынан 20 жыл бойы бірлесіп жұмыс істеп келеді. Қазіргі кезде де жапондармен бірге тың жобалар жасалуда».
Сондай жобалардың бірі атом реакторының белсенді тұсындағы ыстыққа төзімді жабын материалдарды дайындау жұмыстары екен. Қазақ елінің сыртқы және ішкі саясатының негізгі басымдықтарының бірі әрқашан ядролық қарудан азат әлем құру болған және болып қала бермек. Сол себепті де Қазақстанды ядролық қарусыздану, ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік саласындағы көшбасшылардың бірі және МАГАТЭ-нің бейбіт өмірге негізделген барлық жобаларының қолдаушысы десек, асыра айтқандық бола қоймас.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Шығыс Қазақстан облысы,
Курчатов қаласы