Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәдениет және спорт министрлігі «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясымен және Астана қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, биылғы жазда халықаралық мамандандырылған көрме шеңберінде өткізілетін мәдени ойын-сауық іс-шараларының кешенді бағдарламасын әзірледі. Бағдарламаға сәйкес, қазақстандық және шет ел шығармашылық топтары мен орындаушыларының, сондай-ақ, еліміздің жас дарындарының қатысуымен 3,5 мың мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бұл туралы жақында Орталық коммуникациялар қызметінде бағдарламаның таныстырылымында Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан мәлім етті.
«Қазанат» ипподромының аймағында 2500 шаршы метр ауданда орналасатын «Этноауыл» этномәдени кешені қазақ халқының ұлттық дәстүрлерінің орталығына айналады. «Этноауыл» келушілерді қазақ халқының бай тарихы, мәдениеті, өнері және дәстүрлерімен таныстырып, келген қонақтың әрқайсысына көшпенділер өркениетінің этномәдени ортасын, өткен ғасырлар тынысын өз бетінше сезінуге мүмкіндік береді.
«ЭКСПО мәдени бағдарламасы шеңберінде Ла Скала (Италия) театрының гастрольдері, әйгілі Пласидо Доминго негізін қалаған әрі көркемдік жетекшісі болып табылатын «Опералия» опера әншілерінің халықаралық байқауы, Император Цинь Шихуандидің Терракот әскери музейінің көрмесі, Ежелгі Египет археологиялық бұйымдарының көрмесі, Эрмитаж қорларының көрмесі, «TURKVISION» заманауи эстрада өлеңдерінің байқауы және тағы басқа іс-шаралар өтеді», – деп атап өтті А.Нұразхан.
Оның айтуынша, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі шеңберінде өтетін мәдени ойын-сауық іс-шараларымен бұқаралық қауымды кеңінен таныстыру мақсатында арнайы сайт жұмыс істейді.
«Халықаралық көрмені өткізу барысында «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының шығармашылық ұжымы қала тұрғындары мен қонақтарына 70-тен астам мәдени іс-шара ұсынады. Олар театрдың Үлкен және Камералық залында өтіп қана қоймай, ашық аспан астындағы алаңдарда да ұйымдастырылады, – деп атап өтті «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев. Шаралар легі 10 және 11 маусым күндері А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» қазақ ұлттық операсымен ашылады.
Театр ашық аспан астында Дж.Вердидің «Аида» операсын және Л. Минкустың «Дон Кихот» балет спектаклін қоюды жоспарлап жатыр. Мәдени бағдарлама аясында театр сахнасында әлемдегі вокалистердің арасында ең беделді болып табылатын «Опералия» байқауы, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының гастрольдері, Г.Малердің №8 симфониясы, Ла Скала және Мария театрының гастрольдері өтетін болады.
«Бұл халықаралық көрме барысында театрымызда өтетін іс-шаралардың бір бөлігі ғана. Мен айтқан ірі халықаралық жобалардан басқа «Астана Опера» театрының сахнасында ұжымның репертуарынан опералар мен балеттердің қойылымдары үздіксіз өтіп отырады. Атап айтқанда, театр репертуарында 20 спектакль, оның ішінде 11 жарқын балет пен 9 опера бар», – деді театр директорының орынбасары.
Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»