Жиында алдымен министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет, спорт пен өнер саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол Алматыда ХХVІІІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың сәтті өткенін, оған еліміздің жақсы дайындалғанын, жарысқа қатысқан шетелдің өкілдері ойындарға жоғары бағасын бергенін айтып, студенттер додасының арқасында көптеген спорт нысандарының салынғанын атап өтті. Осы орайда ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасы бойынша бұқаралық спортқа баса назар аударылып отырғанын, былтыр Алматыда ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де спортты дамытуға қолда бар мүмкіндіктің бәрі жасалғанын айтты.
– Мысалы, – деді ол, – қазір елімізде 11 000 спорт нысаны бар. Соңғы екі жылда қосымша қаржыландыру мен мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы 18 денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. 450 балалар мен жастардың спорт мекемесі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 12 спорт клубы, 569 балалар мен жасөспірімдер мектебі жұмыс істеуде. Саламатты өмір салтын насихаттау аясында елімізде жыл сайын 40 000-нан аса спорттық шара өткізіледі. Оған кем дегенде 5 миллион адам қатысады. Ал 125 жоғары оқу орындарында 180 000 студент-жастар спортпен айналысып келеді.
Отырыста министр осылай дей келіп, алдағы уақытта да халықтың жаппай спортпен айналысуына барлық жағдайдың жасалатынын мәлімдеді. Сонымен бірге, ол кәсіпқой спортшылардың былтырғы жарыстарына тоқталып, оған көңілі толатынын жеткізді. А.Мұхамедиұлы Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиялық ойындарда Қазақстан спортшыларының 3 алтын, 3 күміс және 11 қола медаль жеңіп алуын үлкен жетістік санайтынын, өйткені, 207 елдің өкілдері қатысқан аламан додада солардың алдына шығып, жалпыкомандалық есепте 23-орынды иеленуі спорттағы жеңістеріміздің бірі деп бағалайтынын айтты. Сол сияқты ол отандастарымыздың Паралимпидадағы жеңістері туралы да айта келіп, еліміз тарихында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында алғаш рет Паралимпиаданың алтын медалін жеңіп алғанын атап өтті.
Осыдан кейін ол министрліктің спортқа қатысты биылға жоспарлаған жұмыстарын хабарлады. Ведомство басшысы әуелі спорт түрлерін қаржыландыруда әділетсіздіктің болып жатқанын, мысалы жергілікті жерде футболға қыруар қаражат бөлінсе, ұлттық спортқа, басқа да спорт түрлеріне азғантай ғана ақша берілетінін ескертті. Осыған байланысты министрлік қаржыландырудағы тепе-теңдікті сақтау үшін «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасына өзгертулер енгізгенін, онда спорт түрлері бойынша қаражатты қайта қарау мәселесі қарастырылғанын айтты.
– Қазір бұл құжат Парламент Мәжілісінің қарауында. «Құжат бұқаралық спортты дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Біз осы мәселені әр облыстың ерекшелігіне байланысты жергілікті атқарушы билікпен, депутаттармен, қоғам қайраткерлері және спортшылармен бірге талқылайтын боламыз. Яғни, әр өңірде жақсы дамып жатқан спорт түрлерін жеке қарастырамыз. Бұл жеңіл атлетика немесе басқа да спорт түрлері болуы мүмкін. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында ескек есу спорты дамып келеді. Универсиада кезінде фристайлдан Алдабергенова, Арапбаева, Карпек, Бағланов есімді спортшылар жақсы өнер көрсетті. Олар осы өңірдің жастары. Сондықтан өңірдің спорттан жетістіктері болса, ол спорт түрін саралау тізіміне қосамыз», – деді министр.
Одан әрі баяндамашы «Лоторея және лоторея қызметі туралы» Заңның мәні мен маңызы туралы да айта кетті. Ол аталған құжаттың лоторея операторларының әр тоқсан сайын билеттерді сатудан тапқан табыстары мен сыйлық қорының арасындағы айырмашылықтың кем дегенде 10 пайыз қаражатын аударып отыруын көздейтінін жеткізді.
Жиында министр мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Ол қазір «Кинематография туралы» және кино саласын дамыту тұжырымдамасы бойынша жұмыстардың Үкіметтің қолдауымен іске асып жатқанын, мәдени саясаттың тұжырымына сәйкес, 2014 жылдан бастап, еліміздегі барлық шығармашылық орындардың Мәдениет министрлігінің қарамағында екендігін еске салды.
Одан кейін А.Мұхамедиұлы өз баяндамасында халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамыту, Қазақстанның музей және музей-қорықтары қызметі саласын кеңейту, мемлекет тарихы мен мәдениеті туралы ауқымды кино және тележобаларды жасау жөнінде «Мәңгілік Ел» кешенді жоспарын іске асыру, 2020 жылға дейін туристік сала тұжырымдамасының жаңа жобасын әзірлеу, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау мәселелеріне тоқталды.
Отырыстың соңында 2016 жылдың спорт саласындағы үздік ұйымдары мен мамандары марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік спорттық өңір» аталымы Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына берілді. «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі» аталымы бойынша Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі жеңімпаз атанды.
«Жылдың үздік спорт федерациясы» аталымында жеңімпаз Қазақстанның бокс федерациясы болды. «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы» атағын Әлімжан Сүлейменов жеңіп алды. Қазір ол Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» МКҚК-да жаттықтырушы-оқытушы болып жұмыс істейді. «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман» аталымы бойынша Спорттық медицина және оңалту орталығының массаж жасаушысы Наталья Максимова марапатталды. «Спорттың ауылдық жердегі үздік нұсқаушы-әдіскері» аталымында Ақтөбе облысы Алға ауданының білім бөлімінің әдіскер-нұсқаушысы Қази Мұхамбеталин үздік атанды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»