08 Сәуір, 2011

Ел тарихы жайындағы қос еңбек

439 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекет тарихы институты ғалымдарының «Раритет» баспасынан ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып жазылған «Қазақстандағы президенттік билік институты: тарих, тағылым, тәжірибе» және «Независимый Казахстан и Лидер нации» атты кітаптардың тұсаукесері өткізілді. Мемлекеттік тапсырыспен 1000 данамен жарық көрген бұл екі кітап та институттың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Ая­ғанның жетекшілігімен жазылып, оның авторлығына бірнеше ғылым докторлары тартылыпты. Ұжымдық екі еңбектің алғашқысында еліміздегі президенттік билік институ­тының қалыптасуы ұлттық және әлемдік тәжірибе аясында қа­рас­тырыла отырып, біз­­дің еліміз­дің өзін­дік жолы зерттеу ны­санына айнал­ған. Пре­зи­дент мәр­те­­бесі мен өкілеттігі, Мем­лекет бас­шы­сы­ның заң шы­ғарушы, ат­қа­ру­шы жә­не сот биліктеріне қа­тысты өкі­лет­тігінің жү­зеге асы­рылуы, сырт­қы сая­саттағы белесті кезең­дері нақты деректер негізінде талданған. Жал­пы, екі ұжымдық мо­ногра­фияның да басты дерек көздері архив құжаттары бо­лыпты. Ол туралы тұ­саукесер рәсі­мі басталмастан бұрын журналистермен пікірлескен ғалымдар айтып жатты. «Независимый Ка­зах­стан и Лидер нации» атты екінші ең­бекте Кеңес Одағы құла­ғаннан кейін құ­рыл­ған жаңа мем­­ле­кеттің қалып­тасу кезе­ңіне сараптама жа­са­лыпты. Моно­графия­ның атының өзі хабар беріп тұрғандай, ең­бек­те Ел­басы Нұрсұлтан Назар­баевтың тәуелсіз мемлекетті құру мен нығайту жолындағы тарихи рөлі маңызды деректер мен дәйектер келтіріле оты­рып, жан-жақты зерделеніп, еңбекті жазуға Қазақстан туралы шетелдік сарап­шы­лардың, саясаттанушылар мен экономистердің пікірлері, өзге де тарихи ма­қалалар мен ғылыми еңбектер және жоғарыда ай­тылған архив құжаттары пайдаланылыпты. Тәуелсіздік тарихын жазу оңай емес көрінеді, деді ғалымдар, сондықтан біз еңбекке кіріспестен бұрын алдымен оның тұжырымдамасын дайындадық. Жазу барысында бір-бірімізбен айтысқан, қызу пікір та­ластырған күндеріміз де болды, өйткені, біздің қай-қайсымыз да мұның қаншалықты маңызды еңбек болатынын ұғындық. Шынын айтқанда, Қазақстанның жаңа замандағы тарихына арналған ғылыми еңбектер тым көп емес, сондықтан кітап тарихшыларға, сая­саттанушыларға және еліміздің тарихына қызы­ғушылықпен қарайтын барша қауымының кәдесіне жарайды ғой, деп ойлаймыз деген. – Алаштың асылы Ахмет Байтұрсыновтың бір сөзі бар: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, онда оның өзі де жоғалуға ыңғай танытып тұрады», деген, – деп тұсаукесердің ашық екенін жариялаған институттың директоры Бүркітбай Аяған Қазақстандағы президенттік билік инсти­тутының қалып­тасуында елдегі жүргізілген саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалардың тиімділігі, елдің тарихи аренаға шығуы, тәуелсіздік жылда­рын­дағы біздің көз алдымызда өзіміз куә болып жүрген тарихи оқиғалар, Елбасы мен оны қолдаушылардың, ұлт зиялылары мен саяси элитаның еңбегі осы кітапта көрініс тапқанын атап көрсетті. Кітаптың рецензенті, тарих ғылымдарының докторы Қадыр Ахметов: «Бүгін біз Қазақстанның ғылыми ортасы үшін жақсы бір жаңалықты жария еткен күнде кездесіп отырмыз», – деп сөзі бастап, еңбек­тің 20 жылдық тарихтың жарқын беттерін зерделеген құнды еңбек екенін, оның тарихшылармен қатар, сая­саттанушылардың біріге жазуымен де ерекшеленетінін айтқан. Менің аса бір назарда ұстағаным, кітапта көрсетілген мына жәйт. Ол – қазақ даласында ертеден мемлекеттің болғандығы, өзіне тән билік жүйесінің өмір сүргенін көрсетуі дер едім. Хан билігінің халықпен санасуы, дала демократиясының болуы, Шерағаң – Шерхан Мұртаза айтқандай, «Президент – біреу, қалғанымыз–тіреу» дегеніндей, қазақ қоға­мында осындай үрдістің барлығын көрсетуі болды, деді шешен сөзінің соңында. Монография авторларының бірі Гүлжан Нұ­рымбетова алғаш рет мемлекеттік тілде жарық көріп отырған еңбектің ерекшеліктеріне тоқтала келіп, ұжымдық автор­лардың жұмысты әрі қарай дамыта, толықтыра түсу ниеті барлығын айтып өтті. Мұнан соң сөз алған ғалымдар Сергей Селиверстов, Әлима Ауанасованың пікірлері де алдыңғылармен сабақтас шыққан. Қазіргі жаңа тарихты жазудың, оған баға берудің қиындығына тоқталған ғалымдар әлі де осы тұрғыдағы еңбектер көп­теп жазылуы қажеттігін көлденең тартты. Тұсаукесер рәсімін қорытындылаған институттың директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған екі еңбектің оқырманға жол тартуы қазақ мемлекетінің тарихи аренаға шығуының тағы бір жарқын көрінісі – Елбасының кеше ғана өткен кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жетуі мен енді өтетін ұлықтау салтанатына тура келіп, тартқан тартуымыздай болғанына қуанып тұрмыз, деген. Институт ел тарихына қатысты былтыр 15 кітап шығарса, биыл 20 еңбекті жарыққа шығаруды жоспарлап отыр екен. Қазақстан қоғамындағы экономикалық, саяси, мәдени, рухани өзгерістер қамтылатын ең­бек­тер алда оқырмандар қолына тиеді деген ойдамыз. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.