Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Алматының ауасы туралы және қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы халқының саны 1,5 есеге артуына байланысты жеңіл көлік саны 10 есеге өсті. Бұл қала тұрғындарының қазіргі жағдайының көрінісі. Барлығына белгілі, көлік қаладағы кептелісті арттырып қана қоймай, 80 пайыз түтін қалдығын шығарады. Ауаның ластану деңгейі жоғары, дегенмен төмендеу үдерісі де бар. «Қазгидромет» мәліметіне сүйенсек, 4 жылда ластану индексі 22 пайызға азайды. Энергетикалық нысандар шығаратын түтін үлесі 2016 жылы 8 пайызға азайды», - деді әкім.
2016 жылы токсиндер мен пайдаланылған газ түтіні бойынша бақылау күшейтілді. Экологиялық талаптарға сай емес көліктерден 136 млн теңге өндірілген. Әкім экологиялық талаптарға сай емес көліктердің 67 пайызы өзге қаладан келген автомобильдердің үлесінде екенін айтты. Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, экологиялық таза қоғамдық көліктердің үлесі 60 пайызды құрап отыр.
«Экологиялық көлік түрлерін ендіріп жатырмыз. «Almaty Bike» жобасы аясында бүгінде 50 велобекет ашылды. 2018 жылы оның 5 есе көбейтеміз. Газдандыру да маңызды міндетіміз. Қаланың 95 пайызы газдандырылған. 2018 жылдың аяғына дейін толығымен газдандырылады», - деді Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар, ол Елбасы тапсырмасымен Әл-Фараби көшесінен жоғары 12 метрден биік 3 қабатты үй салуға тыйым салынғанын еске сала кетті.