20 Ақпан, 2017

Шығыс Қазақстанда 65 адам қар құрсауынан құтқарылды

181 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақпан ақырып тұр. Сенбі-жексенбі күндері Шығыс Қазақстанның құтқарушылары 65 адамды қар құрсауынан құтқарды. Облыстық Төтенше жағдай департаментінің мамандары тұрғындарға қалың қардың жауатыны, боран соғатыны жөніндегі хабарландырулар дер кезінде жіберіліп жатса да, бұған құлақ асатындардың қатары аз екенін айтады. Демалыс күнгі құтқару жұмыстары негізінен «Семей-Қарауыл» және «Кіші Владимировка-Қарағайлы» трассасында жүргізілген. Өздерінің жеңіл машиналарымен жолға шыққан тұрғындар қалың қарға батып қалған. Осының кесірінен жол қозғалысы шектелген. Департаменттің өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің мамандары «Семей-Қарауыл» трассасының 30 шақырымында 31 адамды қар құрсауынан шығарған. Оның үшеуі – балалар. Және осы жолдың 50 шақырымында тағы да үш жолаушыға жәрдем көрсетілген. Құтқарушылар дәл осы уақытта Бесқарағай ауданы аумағындағы «Кіші Владимировка-Қарағайлы» трассасының 18 шақырымында 21 адамға көмек қолын созады. Сонымен қатар «Шемонайха-Секисовка» трассасының 25 шақырымында департамент қызметкерлері жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып 10 кісіні ақ ұлпаның «қақпанынан» алып шыққан. Қар құрсауынан құтқарылған барлық азаматтар жылыту орындарына апарылып, жақын маңдағы елді мекендерге жеткізілген көрінеді. Зардап шеккен ешкім жоқ. Синоптиктер мұндай қолайсыз ауа райы өңірде әлі бірнеше күнге дейін сақталатынын айтады. Департамент қызметкерлері аймақ тұрғындарына алыс сапарларға шықпауды ескертеді. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»