«Балалық шағымның аспаны»
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шығармаларының желісі бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсіріліп, үлкен экранға жолдама алған жаңа көркем фильм осылай аталады. .Кинотуынды Елбасының дүниеге келер кезінен бастап, оның ат жалын тартып мініп, азаматтық жасқа жеткенге дейінгі өмір жолын қамтиды. Кеше Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуымен аталмыш картинаның тұсаукесері болып өтті. Бірден айтып қояйық, фильм өте жоғары шығармашылық және техникалық деңгейде түсірілген. Бүгінде есімі елге кеңінен танылып қалған жас талантты режиссер Рүстем Әбдіраштың қойылымында жарыққа шыққан лента сондықтан да басталған сәтінен көрерменін бір нәзік сезімнің қауызына бөлеп, аяқталғанша сол құштарлықтың уысынан шығармайды. Сол себепті де екі сағатқа жуық кинотуындыны бір деммен көріп, оның қалай соңына жеткенін сезбей қаласың. Ерекше айтып өтетін бір жәйт, картина Елбасының балалық және бозбала шақтарындағы өмір белестерін бейнелеуге арналғанымен, ол сонымен қатар сонау 40-50-ші жылдардағы қазақ ауылдарының сан алуан қырларын қамтитын киноэнциклопедия тәрізді болып шыққан. Одан әр түрлі деңгейдегі көрерменнің өзіне керегін екшеп алары сөзсіз. Фильмде бәрі де бар. Онда қазақ ауылының сол кезеңдердегі тыныс-тіршілігі, ұлттық салт-дәстүр, заманына сай саясат түгел орнықты көрініс тапқан. Ұлы Отан соғысының өрті лапылдап тұрған тұста тоталитарлық жүйе мен сталиндік зұлматтың қанды шеңгеліне кезіккен қаншама басқа ұлт өкілдерінің қазақ топырағына жер аударылып келгені де шындық. Мұның аз санды халықтарды осылай бөлшектеп, құртып жіберудің зұлым жоспары болғанын бала Сұлтан сол кезде толық ұғына қоймаса да, кейін келе дана Нұрсұлтан толық түсінеді. Мұның бәріне біз кадр сыртында Елбасы кітаптарынан оқылып жататын үзінділердегі ой толғамдары арқылы көз жеткіземіз. Ал сол кезде бауырмал Сұлтан әкесі Әбіш жанашырлықпен өз үйіне кіргізген балқарлар отбасы балаларымен бірден тіл табысып, тез жақындасып кетті. Оның соңы үлкен жүректі адамның ұлы достығына ұласты. Фильмде адам жанын тебірентпей қоймайтын мынадай да көрініс көзге ұялайды. Бір перзентке зар болған Әбіш әкей мен Әлжан шешей аналары Мырзабаланың ертіп баруымен Райымбек бабаның басына түнейді. Сол түні Әлжан ана керемет түс көреді. Түсінде терең теңіздің түбінен күмістелген ұзын мылтық тауып алыпты. Сонда ең ішіндегі сәуегей түс жорушы: «Ұлды боласың. Балаңның өмірі ұзақ, бірақ күреске толы болады», деп болжапты. Сол түс ақыры ақиқатқа айналады. Арада көп уақыт өтпей, Әлжан ананың аяғы ауырлап, айы-күні жеткенде, өмірге шекесі торсықтай ұл әкеледі. Соңынан перзентханаға барып тұрған Әбіш әкенің терезеге көз салып тұрып: «Кімге ұқсайды?» деп сұрайтыны бар. «Менің ағама, нағашысына тартқан», деп жауап береді бұған Әлжан ана. Оның туған ағасы Бөлеген тумысынан өжет, жасынан топ бастаған көсем, сөз бастаған шешен болған екен. Кейіннен билікке араласып, ел басқарып жүргенінде 1937 жылғы зобалаңға ілігіп кетіпті. Бұл фильм бір жағы қазақ тұрмыс-салтының этнографиялық көрмесі іспеттес. Олай дейтініміз, мұнда жоғарыдағыдай батырлар жырындағыдай бір перзентке зар болған ата-ананың әулиенің басына қонуы, киелі түс көруі, оны жорудың жөн-жосығы, халықтың тұсау кесу, тоқымқағар, жеті атаны түгендеу, бата беру, ат үйрету, ит жүгірту, құс салу, бәйгеге түсу, қыз қуу, көкпар тарту, қазақша күрес секілді сонау қадым замандардан бері сабақты жібі үзілмей жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріне кеңінен орын берілген. Ендеше, қазақтың өткен ғасырдың 40-50-ші жылдарындағы барша тұрмыс-тіршілігінен жеткілікті мағлұмат алғысы келген кез келген көрермен осы картинаны көруі керек. Айтқандай, кинопрокаттың қазіргі жағдайы өзімізге белгілі болғандықтан да бұл фильм телеарналар арқылы кеңінен насихатталуы керек деп ойлаймыз. Фильмнің келесі бір ерекшелігі, ол бүгінде әрбір қазақстандық үшін етене таныс бола бастаған тарихи оқиғалардың тізбегінде жасалғанында. Әдетте көркем фильмнің астарында авторлық ойдың шығармашылық образдарына қатысы көрініс беріп жатады. Ал мына картинада бәрі керісінше, ол өмірде болған нақтылы оқиғалардың негізінде өрілген. Осы тұрғыдан келгенде, фильмнің Елбасы шығармаларының желісінен шықпай, өмірдегі шындықты өнердегі кескінге айналдыра білгені анық байқалады. Содан да болар, ондағы кез келген оқиға мен эпизодтар көрерменді бей-жай қалдырмайды. Мұнда барлық образдарды шынайы бейнелей білген актерлер шеберлігінің де алатын орны үлкен. Бұл ретте, әсіресе, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенованың есімі ауызға алдымен ілігеді. Оның сомдауындағы Мырзабала бейнесі Шоқанның әжесі Айғаным, Абайдың әжесі Зере деңгейіне дейін жетіп, ұлттық дәрежедегі аяулы аналарымыздың қатарын толықтыра түскен. Шын мәнінде Жетісудың ел бастаған көсемі, сөз бастаған шешені болған Назарбай бидің бәйбішесін бедерлейтін бұл образ барлық әжелердің үлгі-өнеге етіп ұстайтын кинобейнесі болып шыққан. Ол – дала әжелеріне сай даналықты, ақыл мен парасатты бірдей меңгерген үлкен отбасының ұйытқысы, көпті көрген көрегендігін кейінгіге жеткізуден жалықпайтын ақылман адам ретінде сомдалған толымды тұлға. Баяғы «Тақиялы періштеден» кейін кино экрандарынан көрінбей кеткен Бибігүл Ахметқызы жасаған кейуана кейпі, сөз жоқ, қазақ кино тарихындағы ең бір шоқтығы биік образдардың бірі болды деп бағалауға толық негізіміз бар. Елбасының әкесі Әбіш ағаның жігіт шағын сомдаған Ержан Жарылқасынұлын біз бұдан бұрын да бірнеше фильмге түсіп үлгерген актер ретінде білетін едік. Ал мына фильмде оның таланты барлық қырынан жарқырай көрінген. Өзінің кейіпкері бейнесін образын соншалықты дәлдікпен нанымды жеткізе білген оның кең тынысты үлкен диапазонның әртісі екеніне осы жолы анық көз жеткіздік. Көп сөйлемейтін, аз сөйлесе де саз сөйлейтін Әбіш әкейдің қасқырмен алысқан кезін ол қалай табиғи қалпында бере алған десеңізші! Бұл образ әкейдің егде тартқан кезіне келгенде Қазақстанның халық әртісі Нұржұман Ықтымбаевтың сомдауында тағы бір қырынан жарқ ете түседі. Енді біз әдеттегіден де салмақты, сабырлы, байсалды Әбіш ақсақалға көз тоқтатумен бірге, оның керекті кезінде тау суындай тасқындап ала жөнелетін бұла күші мен қайсар қайрат-жігеріне куә боламыз. Бұл оның әйгілі волюнтаристің кезінде есік алдындағы әрбір түп ағаш пен мал басына салынатын салықтың жайын айтып келген шекпенділер сөзінен кейін кілт көтеріліп, бүкіл алма бағын бір мезетте отап тастайтынынан көрінеді. Өзі будандастыру арқылы бір дарақтан бірнеше түрлі жемісті өндіріп беретін, мәуесін баласындай мәпелейтін керемет бағбан болған кісі үшін бұл қадамға барудың оңайға түспегені белгілі. Бірақ тоталитарлық қоғамның көрер көзге жасап отырған қиянатына осылай қарсылық білдірмеске де болмайтын еді. Сондықтан зиянкес есебінде ұсталып кетуі мүмкін екенін біле тұрса да, Әбіш ақсақал осыған барды. Баласы Сұлтанның алған бетінен қайтпас өжеттігі әке қанымен берілгендігі осы эпизодтан-ақ айқын көрініп тұр. Баласын жақсылыққа баулып, ізгілікке үндеген әкесін Сұлтан да жанындай жақсы көріп өсті. Қалай болғанда да, оның атына кір келтірмеуге, айтқанын екі етпеуге тырысты. Баяғы өзі бала жасынан армандаған ұшқыштың оқуына тұяғын іліктіріп тұрып, оған бармай қалуы да Сұлтанның әзиз әке көңілін қалдырғысы келмегендігінен болған амалсыз шара еді. Әйтпесе, орта мектепті үздік бітірген бозбала аяқ астынан өзіне жол сілтеген ұшқыштарға кезігіп, Киев азаматтық авиация институтына қиналмай түсіп тұрған. Обалы не керек, әке Әбіш те оған: «Ол оқуға барма» дегенді кесіп айтқан жоқ. Қайта үй ішілік кеңеске әр ұлттың өкілдерінен құралған көрші-қолаңды араластырған ақсақал олардың ұйғарымымен баласының оқуға баруына бата беруге тоқайласқан. Дегенмен, әкенің «Қай қаласында болса да, Қазақстанның бір жерінде туыңды тіккенің дұрыс болар еді» деген емеурінін айтқызбай ұққан Сұлтан әке тілегін екі етпей орындайды. Мұның өзі де оның ұлағатты ұл ғана емес, бірден батыл шешім қабылдай алатын ерік-жігер иесі болып өсіп келе жатқанын көрсетті. Елбасының анасы Әлжан апаның келіншек кезіндегі бейнесін сомдаған жас актриса Алмагүл Әлішева үшін бұл үлкен кинодағы дебюттік рөл екен. Соған қарамастан ол қанатқақты бейнесін өз дәрежесінде көрсете білген. Ал бұл кісінің егде тартқан кезіндегі образын сахналаған әйгілі кино жұлдызы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Наталия Орынбасарова бұдан да жоғары биіктен табылған. Оның экрандағы әрбір қимылы, қозғалысы, көзқарасы, тіпті үндемей отырып та үлкен ойды білдіретін хас шеберлігі еріксіз таң қалдырады. Мұнда режиссер әр буын актерлерін қатыстыру арқылы ұрпақтар арасындағы жас алшақтығын емес, керісінше сабақтастықты қалыптастырыпты. Әрине, фильмде бұлардан да басқа бояуы қанық бейнелер бар. Солардың ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ даласына жер аударылып келген балқарлар әулеті, ежелден қазақтармен қоңсы отырған орыс Шаповаловтар отбасы арасында орнаған туыстықтан бетер қарым-қатынас тап өмірдегі қалпында көрініс тапқан. Бөбек Сұлтанның қатты ауырып, сандырақтап жатқанында, «Алма жеймін» деген бір ауыз сөзіне бола қыстың күні жеті қараңғы түнде Әбіш әкенің қыстаудан қыстақта тұратын Шаповаловтар үйіне суыт барып, баланың сұрағанын алып қайтуы сол шуақты байланыстың ертеден бері жалғасып келе жатқанын білдіреді. «Балалық шағымның аспаны» фильмінің басты кейіпкері, әлбетте, Елбасының өзі. Осы ретте нәресте Сұлтан, бөбек Сұлтан, бала Сұлтан, бозбала Сұлтан рөлдерін кезектесе сомдаған актерлеріміздің де еңбектері ерекше. Бұл жерде Нұрсұлтан ағаны жас кезінде ата-анасы да, ауылдастары да түгелдей «Сұлтан» деп атағанын оқырмандар біледі ғой деп ойлаймыз. Олардың ішінде бізге, әсіресе, 6 жастағы бала Сұлтанды бейнелеген Елжас Әлпиевтің соншалықты табиғи ойыны қатты ұнады. Түр жағынан да бас кейіпкерден айнымайтын ол өзінің қимыл-қозғалысымен, сүйкімді тірлігімен, кейде тіпті әдемі жымиысымен Елбасының балалық шағын көзге елестетіп, көрерменін сол уақыттардың иіріміне қарай тартып алып кетеді. Оның сыртқы келбеті ғана емес, бүкіл ішкі дүниесі бізді Елбасы шығармаларынан оқыған асыл бейнемізбен қайта қауыштырғандай әсерге бөлейді. Шынында ол бала Сұлтанның нағыз көшірмесіндей болып көрінеді. «Сен маған балалық шағыңның қалай өткенін айтып берсең, мен саған болашағыңды болжап беремін» деген екен бір данышпан. Ендеше, Елбасының бүгінгідей күллі әлем танып, жаһан жұрты мойындаған көрнекті қайраткер дәрежесіне дейін өсіп-жетілуінде оның балалық шағында алған тәлім-тәрбиесі мен қаланған негізінің үлкен орны бар. Осы тұрғыдан келгенде, жігіт Сұлтанның образын сомдаған танымал актер Нұрлан Әлімжановтың ойынын ерекше атап өткен ләзім. Ол картинада қатарының алды болған алғыр оқушы, ата-анасының қолғанаты болған еңбекқор бала, кез келген сазды аспапта ойнай беретін сауыққой бозбала, ат құлағында ойнайтын жас жігіт болып көрінеді. Көкпар тартқанда да ересектерге дес бермей, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығын танытқан Сұлтанның көзіндегі отты да Нұрлан жақсы бере білген. Фильмде адамды бастан-аяқ ғажайып сезімге бөлейтін тағы бір қосалқы кейіпкер бар. Ол – Елбасының туып-өскен өңірі Алатаудың бөктеріндегі Үшқоңыр жайлауы. Көктемде түркіменнің түкті кілеміндей құлпырып, жазда жасыл желекке малынатын, күзде сыңсыған мәуеге толып, қыста биік шыңдарынан еңістегі етегіне дейін ақ қар жастанып жататын бұл өңір фильмнің желісімен керемет үндестік тапқан. Кинотуындыда сондай-ақ жер жәннаты – Жетісудың көлдері мен өзендері, таулары мен қыраттары, аңы мен құсы – бәрі-бәрі тізбектелген моншақтай біртіндеп көрсетіліп тұрады. Біздіңше, осы керемет сұлу көріністердің өзі ұрпақтардың кез келген буынына қазақстандық патриотизм, отансүйгіштік рухын егуге толық қызмет ете алады. Ал Отан деген әдетте отбасынан басталады. Ата-ананың тәрбиесін көріп, тағылымын алып өскен ұрпақ өзгелерден оқ бойы алда тұрса керек. Осы тұрғыдан келгенде, фильмнің тағы бір артықшылығы, оның жастарды отбасындағы береке-бірлікті сақтау мен туған жерді сүюден басталатын қазақстандық патриотизмге үндей білетіндігінде болса керек. «Балалық шағымның аспаны» фильмі туралы сөз еткенде, ондағы әрбір қимыл-қозғалысқа, кейіпкерлердің іс-әрекетіне ерекше әр беріп тұратын, ондағы сезімнің иірімдерін тереңдетіп, барынша шарықтата түсетін тағы бір қосалқы кейіпкерге тоқталмай өтуге болмайды. Ол – талантты композитор Қуат Шілдебаевтың қанатты қиялынан туған музыкалық безендірілу. Халықтың бай музыкалық дәстүрін тиімді пайдалана білген ол арасында Жетісу өңірінің жүрек қылын тербейтін ғажайып әндері мен күйлерін орынды таңдап алған. Адамды ұдайы керемет керімсал күйге бөлеп отыратын бұл саздар расында көзге шүлпілдетіп жас та тұндырады. Мұнда композитор халықтың «Гүлдерайым», «Дедім-ай-ау», «Күміс құман», «Шилі өзен» секілді өлмес мұрасын әдемі қиюластырып, сюжетке ендіріп жібереді. Бұлардың кейбірін Елбасының әдемі қоңыр даусымен айтқанын естігенде, бойыңды ерекше бір сезімнің баурап ала жөнелетіні де жасырын емес. Өйткені оны біздің Елбасымыз, ел Президенті айтып отыр. Біздің ұлан-байтақ елімізді бала жасынан жеті өнерді жанына серік етіп өсіп, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып жетілген ұлы тұлға билейді. Осының бәрі, айналып келгенде, адамды айрықша мақтаныш сезіміне бөлейді. Жалпы, эпикалық құлашта түсірілген картинаны тебіренбей отырып көру әсте мүмкін емес. Ең соңында қадап тұрып бастапқыдағы ойымызды тағы да қайталасақ, бұл фильм қазіргі заманғы ең озық техникалық жабдық-жарақтармен түсірілген. Сондықтан лента өте сапалы шыққан. Бұл ретте қоюшы-оператор Александр Рубановтың жоғары кәсіби деңгейден көрінгенін де айта кетуіміз керек. Өмірден алынған оқиғасы өрбіген сайын ширығып, ұдайы динамикалық серпінмен дамып отыратын фильмнің мазмұны да барынша бай. Әдетте тұшымды түсірілген фильмді жұрт бір көрумен шектеліп қалмайды, қайталап тамашаласа, жалықтырмай жәмиғатты өзімен ілестіре әкететін осындай рухани құндылықтың құрамына тағы бір татымды дүниенің келіп қосылғаны кім-кімнің де есіне өзінің мөлдір бастаудай сыңғырлаған балдаурен шағын түсірері хақ. Біз бұл фильм туралы ойымызды ортаға салмас бұрын кинолентаның таспасын алдын-ала алдыртып, көріп шыққан жайымыз бар. Кеше тағы тамашаладық. Айтпағымыз – көрген сайын көкірекке көп ой түйдіреді, әуелгі әсер әлсіремейді. Мұның өзі адам жанын шынайы бейнелейтін фильмнің өміршең болып қала беретінін аңғартады. Фильмнің өн бойында бала Сұлтанның, бозбала Сұлтанның, жігіт Сұлтанның аспанға құштарлығы, ұшқыш болмақ арманы алтын арқау ретінде тартылған. Бұл арада аспан – биіктіктің, асқақтықтың символы. Президент ол арманына да жеткен. Елбасымыздың әлем аспанына Қазақстан қыранын қалай қалықтатып шығарғанын бұл күндері бүкіл дүние көріп отыр. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Астана. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше