21 Ақпан, 2017

Бейжің Жібек жолын қайта жаңғыртуға мүдделі

281 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
ҚХР төрағасы лауазымына та­ға­йындалғанына тура бір жыл өт­кеннен кейін Си Цзиньпин Ор­та­лық Азия мемлекеттерін ара­лағаны белгілі. Аймақтағы бар­лық елдермен арада құны ми­л­ли­ондаған долларлық келісімдер жа­­сасқан Қытай басшысы олар­дың назарын өзіне аударып алды деу­­ге болады. 2013 жы­л­дың қыр­күйе­г­інде Си жолдас еже­л­гі Жі­бек жолының бойымен эко­но­ми­ка­лық белдеу құру туралы өзінің стра­те­гиялық бастамасын жариялау үшін Астананы таңдаған болатын. Содан бергі аралықта ғаламның әр түкпірінде Қытай бастамасына қа­тыс­­­ты түрлі пікірталастар өрбіді. Си Цзинь­пи­ннің бағдарламалық жобасы ре­тін­де ойластырылған Жібек жолы эко­но­ми­калық белдеуі бірнеше айдың ішінде ау­қымы жағынан айтарлықтай өзгеріп үл­герді. Бұл идея Еуразиядағы барлық субъектілердің мүдделеріне сай келгенін түсінген қытайлық саяси технологтар идеяны одан әрі дамытып, соның нәтижесінде екі бірдей бағыттың кешенді стратегиясы пайда болды. Оның бірі құрлық жолы – Жібек жолы экономикалық белдеуі болса, екіншісі – ХХІ ғасырдағы теңіз Жібек жолы. Іле-шала Бейжің бұл оған «Бір белдеу – бір жол» деген атау берді. Сөйтіп, бір­қатар Қытай сарапшыларының, оның ішін­де Бейжің университетінің профессоры Ван Цзисидің атсалысуымен жасалған, ежелгі Жібек жолының желісін қамтитын күре жол қайта жаңғырып, жаңаша түрге енді. Оған экономикалық серпін беру үшін ҚХР бюджетінен миллиардтаған қар­жы бөлінді. 2013 жылдан бері Қытай билігі өз бас­та­масын жүзеге асыру үшін күш-қуатын аяған емес. Үздіксіз насихат, болашақтағы экономикалық күрт өсім үдерісі туралы уәделердің арқасында Бейжің Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасына Орталық Азия мемлекеттері, Ресей, Иран, Түркия, Еуроодақ елдері сынды шешуші қатысушылардың назарын аудара білді. Осылайша, 2015 жылдың көктемінде Жібек жолы жобасын Еуразиялық эко­но­ми­калық одақ сынды ықпалдастық үде­ріс­і­мен үйлестіруге қол жеткізді. Қытай тарапының бастамасы бір­қа­тар объективті себептерге байланыс­ты тез танылғанын айта кету керек. Бұл бастаманың көптеген елдер үшін тиім­­ді әрі болашағы зор екені қазірдің өзін­­де анық байқалады. Си Цзиньпин Астана­да­­ғы сөзінде (2013 жылғы қыр­күй­ек) атап өткендей, жобаның бас­ты міндеті – оған қатысушы елдер ара­сында сауда жә­не инвестициялық ке­дер­гілерді ал­ды­­мен біртіндеп, кейінірек то­лық­тай жою. Қытай тарапы Жібек жолы эко­но­ми­ка­лық белдеуіне атсалысатын ел­дер­дің сау­да және инвестициялық әлеу­е­тін то­лық­қанды ашу үшін бұл өте қажет деп са­найды. Сонымен қатар, жоба аясында қаржы са­ласындағы көпжақты ынтымақтастықты күшейту, қатысушы елдердің арасында үздіксіз ақша айналымын қамтамасыз ету және валюталық жүйені үйлестіру қа­­рас­тырылған. Осы міндет табысты жү­зе­ге асырылған жағдайда аймақтық да­му қаржы ұйымдарының желілерін құ­рып, қа­р­жы ағынының қозғалысын оңтай­лан­ды­ру жоспарланып отыр. Назарбаев Университетте сөйлеген сөзінде Си Цзиньпин бірінші кезекте, Орталық Азия елдері мен Қытай арасында өзара тиімді терең қарым-қатынастар орнатудың маңыздылығын атап өткен болатын. Сонымен қатар, ҚХР лидері қытайлық философтарға тән биязы мәнер­мен Қазақстан мен Қытай арасын ежелден бай­ланыстыратын өзіндік сабақтастық бар екенін де тілге тиек еткен-ді. Әрине, кез келген сыртқы жобалар сияқты, бұл бастаманың да өзіндік «су ас­ты тастары» бар екенін айтпай кетуге бол­­майды. Жібек жолы эко­но­ми­калық бел­­­деуі бірінші кезекте Қытай эко­но­ми­ка­сының мүмкіндіктерін артты­ру­ға, сол ел­дің мүдделерін қорғауға ба­ғыт­талғанын тү­сінген жөн. Сондай-ақ, «Бір белдеу – бір жол» стратегиясындағы түрлі талаптар, қиындықтар болғанымен, жобаға қа­ты­су­шы елдер үшін үлкен мүмкіндіктер т­у­ғы­­затынын да назарға алу керек. Яғни, бұл жобаны көзге ілмеу немесе одан бас тар­ту үлкен қателік болар еді. Атап айтар болсақ, қытайлық сарапшылардың өза­ра пікірталастарын аңдай отырып, Қаза­қ­с­тан­ның Жібек жолы экономикалық бел­деуі жобасына қатысуына жол ашатын ба­рынша тиімді әрі қиындықтары аз ба­ғы­т­тарды байқауға болады. Бұл үдерістің қыр-сырын толық түсіне отырып, Қазақстан әуел бастан-ақ оған қатысу туралы шешім қабылдағаны бел­гілі. Жібек жолы экономикалық бел­деуінің артықшылықтарын ұлттық да­му бағдарламаларын жүзеге асыруға пайд­алану мақсатында Астана оны «Нұр­­л­ы жол» ұлттық бағдарламасымен түйіс­ті­ру­ді жөн санады. Бұл орайда, тараптар бірқатар маңызды нәтижеге қол жет­кіз­генін де айта кету керек. Мәселен, екі жылдан астам уақыт ішінде «Нұрлы жол» мен ЖЖЭБ жобасын түйістіре жүр­гізу арқылы Қазақстан мен Қытай ынты­мақ­тас­тықтың бірқатар бағыттары бойынша келісімдер жасасты. Қазіргі таңда өн­діріс қуаттарын Қытайдан Қазақстан ау­мағына көшіру жобасының жүзеге асы­рылып жатқаны осының бір көрінісі. Бұл бағыт бойынша төрт жоба іске асса, та­ғы 46 жоба жоспарлау мен жүзеге асыру деңгейінде. Ұлы Жібек жолын жаңғырту жөніндегі идея­ның айтылғанына төрт жылға тарта уақыт өткенімен, әлі күнге дейін еш­қан­дай ресми құжат, тұжырымдама немесе бағ­дарлама жасалған емес. Бұл орайда, тіл ұшына 2015 жылғы Боао форумында та­ныстырылған «Бір белдеу – бір жол» жол картасының стратегиясы ғана ора­лады. Алайда, атауына қарамастан, атал­ған құжатта ешқандай нақтылық жоқ. «Қытайдың бастамасы қалай және қандай те­тіктер арқылы жүзеге асырылады?» деген басты сауалға жауап берілмеген. Биылғы мамырда Қытай билігі «Бір бел­деу – бір жол» форумын өткізуге бе­кі­ніп отыр. Жалпы, алдағы мамыр айында бұл елде әлемдік көшбасшылардың қа­тысуымен екі бірдей ауқымды шара өте­ді деп жоспарланған. Оның біріншісі – Жібек жолы саммиті (Бір белдеу – бір жол» саммиті деп те аталады). Са­м­мит­ке әлемдік көшбасшылар, азулы халықаралық ұйымдардың басшыла­ры, Үкіметтік емес ұйымдардың, ха­лық­ара­лық БАҚ-тардың өкілдері қатысып, Қытай­дың «Бір белдеу – бір жол» бас­тамасын талқылауға тиіс. Екінші шара – BRICS құрамындағы елдердің жыл сайын­ғы саммиті, ол Сямэнь қаласында өтпек. Жуырда Гонконгте шығатын South China Morning Post (SCMP) басылымы Ре­сей президенті В.Путин мәртебелі мей­мандардың бірі болатыны, екі саммит­ке де қатысатыны туралы хабарлады. Ба­сы­лымда айтылғандай, Ресей мен Қытай Си­рия дағдарысы, Иранның ядролық бағ­дар­ламасы, Солтүстік Кореяның ядролық қа­тері сынды халықаралық аренадағы ма­ңызды мәселелерде ортақ ұстаным біл­дірді. Сондай-ақ, Си Цзиньпин ҚХР төрағасы лауазымына келгеннен бергі аралықта басқа мемлекет басшыларымен салыстырғанда, В.Путинмен ең көп кездесу өткізген екен. Бұл ҚХР мен Ресей арасында екіжақты қатынастардың нығайып келе жатқанын білдірсе керек. Қалай болғанда да, Қытай мен Ресей арасында біршама жақындық орнағаны рас, алдағы мамыр айында өтетін шаралар кезінде тараптар инвестиция саласына қатысты ірі келісімдерге қол қоюы әбден мүмкін. Соңғы жылдары Қытай билігі өзінің жаһан­дық ықпалын қарқынды түрде кү­шейтіп жатқаны байқалады. Жуырда өт­кен Давос форумындағы Си Цзиньпин сө­зіне зер салсақ, Қытай жаһандық лидер­ге тән жауапкершілік жүгін көбірек арқа­лау­ға әзір екендігі анық байқалады. ҚХР көш­басшысы форумда елінің жаһандық эко­н­омикада қандай рөл атқаратынына тоқ­талған болатын. 1950-1916 жылдар ара­лығында Қытай жалпы көлемі 400 мил­лиард юань жұмсалған 5 мыңнан ас­там халықаралық көмек жобаларын қар­жы­л­андырыпты. Алдағы уақытта осымен шек­теліп қалмақ емес. Ал құрлық жолы мен теңіз жолдарын қамтиын «Бір белдеу – бір жол» ұзақ мерзімді стратегиялық жо­ба­сы арқылы Қытай өзінің геосаяси мүд­де­­лерін шешіп алуды көздеп отыр. Осы айтылғандарды қорыта келгенде, Жібек жолы саммитін өткізу Қытай билігінің жаһандық деңгейде белсенді рөл ат­қаруға ұмтылып, әлемдік көшбасшы дер­жава болуды жоспарлап отырғанын көр­сетеді. G20 саммиті, Давос форумы жә­не басқалары сияқты, Бейжің саммиті де жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер тал­қыланатын және шешімін табатын ау­қымды шара болуы әбден ықтимал. Бү­гін­гі таңда ҚХР әлемдік экономиканың аса ірі қозғалтқышы екенін ескерсек, он­­дай бол­жам жасауға толық негіз бар. Қа­зірдің өзін­де Бейжің дүниежүзілік және ай­мақ­тық деңгейдегі бірқатар тетіктерге ие. Жалпы, капитал көлемі 100 миллиард доллардан астам Азия инфрақұрылымдық инвес­тициялар банкінің жұмысын қада­ға­лап отырғаны көп жайтты аңғартса ке­рек. Бұл банк өткен жылы 1,7 миллиард доллардан астам қаржыға түрлі ірі жоба­лар­ды қаржыландырып, жоспарды 200 миллион долларға асыра орындағаны мә­лім. Азия-Тынық мұхиты елдерімен ара­да Еркін сауда айналымы идеясын да кө­терген. Ал Жібек жолы экономикалық бел­деуін жүзеге асыру үшін арнайы Жібек жо­лы қорын құрды (капиталы 40 миллиард доллар). Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, мамырда өтетін Жібек жолы форумына қырықтан астам ел­дің көшбасшылары қатысуға тиіс. Шақы­рыл­ған меймандардың арасында Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасы ел­дерінің басшылары бар. Әзірге саммиттің күн тәртібіне шыға­ры­латын мәселелер туралы нақты ештеңе ай­тылған жоқ. Дегенмен, қазірдің өзінде бұл шара аясында әлемдік экономиканың одан әрі даму жолындағы ең өзекті деген мәселелер талқыланады деп бол­жау­ға болады. Әлемдік көшбасшылар қа­тысатын аса маңызды форумда басым бө­лігі Қазақстан аумағы арқылы өтетін ежел­гі Жібек жолын жаңғырту жолдары та­л­қыланатыны көңіл қуантады. Руслан ІЗІМОВ, саясаттанушы