21 Ақпан, 2017

Қайда сол бір «Қаракөз»?

912 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ән әлемінің алпысыншы жылдарындағы алпауыттардың бірі – «Битлзды» білмейтініңіз жоқ. Еуропадан жеткен өзгеше өнердің сол өкілдері әлдебір себептермен 1970 жылы өз шығармашылық қызметтерін біржола тоқтатыпты... Алайда, Тұманды Альбиондағы ыңыл Арқа төсінде зор ырғаққа айналып үлгерген еді. Жезқазған қаласының әрлі-берлі тарихынан сыр шерткен тұста ең бірінші – «Қаракөз» вокальды-аспапты ансамблі еске түсетіні шындық. Шын мәнінде, жетпісінші жылдардың басында «Қаракөз» ансамблі Жезқазған өңірінің ғана емес, ұлттық эстрада саласының шарықтау шыңына көтерілгені, еліміздің өнер әлеміне жаңаша үрдіспен үлес қосқаны баршаға аян еді. Бұл тарапта бір ғана Жақсыкелді Сейілов феноменінің өзін жеке тақырып етуге болады. Ағайынды Болат пен Ахмедия Есмұхановтар жайлы да айтар ақпар аз емес. Керек десеңіз, «Қарамашы, қадамашы көзіңді...» деген кесек туындының авторы Қайырбек Асановтың өзі «Қаракөзде» ән салған. Дегенмен, әу бастағы әңгіме «Қаракөз» туралы болған соң, аталған аңызды ұжымның бұрыны мен бүгінін сөз етіп алалық. Журналист Әшімхан Жанпейі­совтің айтуына қарағанда, Сә­лімжан Сейілов, Жақсыкелді Сейі­лов, Болат Есмұханов, Қой­шықара Әміралин, Әбу Түсіп­беков және басқа да жігіттер өзара келісе келе, вокальды-ас­папты ансамбль құруға тәуекел етеді. – Жалпы, ұйымдастыру жұ­мыстары маған жүктелсе, шы­ғар­машылық жағына Жақ­сыкелді Сейілов пен Болат Есмұ­қанов жауап беретін болып келісілді. Осылайша бірі­гіп басталған іс берекесін берді. 1970 жылдың 17 қаң­та­рында Қарағанды қала­сында көр­кемөнерпаздар ұжым­дары­ның облыстық байқауы ұйым­дастырылып, соған қатыс­тық. «Қаракөз» атауы да аталған өнер сайысына қатыспақшы болып жатқанда туды. «Қара­көздік­тердің» алғашқы тұсау­кесер сынаққа алып шыққан туын­дысы Болат Есмұхановтың «Сағыныш» әні еді, – деп еске алады сол шақтарды Сәлімжан Сейілов. Ансамбльдің алғаш рет ха­лық алдына дербес концерттік бағдарламамен шығуы – 1970 жылдың 13 желтоқсаны. Ан­самбль құрамындағы биші Мая Сарыбаева, концерттік бағдар­ламаны жүргізушісі Дә­мен Жо­лаушинова, халық әнде­рін орындаудың шебері Камал Қазымбетова да ер-азамат­тар­мен бірге ұжым абыройын асқақтатуға күш салады. Ансамбльдің концерттік бағ­дарламасына енген көптеген әндердің сөзін алғашқыда қазақ­тың белгілі ақындарының бірі Аманжол Шамкенов жазыпты. Ал өлеңдердің әуені Жақсыкелді мен Болаттың үлесінде. «Ана туралы баллада», «Неге солай?», «Кез­десу», «Махаббат мұңы», «Әке дауысы», «Алматым, ғажа­йып қаламсың» сынды тамаша әндер осындай шырайлы шығар­машылық еңбектің жемісі. Тек тоқсаныншы жылдардың орта тұсындағы еліміздегі эконо­микалық тоқырау жылдарында «Қаракөз» ешкімге керек болмай қалған. Алайда, араға жылдар салып, 2013 жылдың қараша айында қайта жасақталған «Қаракөз» былтыр ғана ансамбльдің жаңа құрамы кеншілердің астанасын­да концерттерін берді. Болат Есмұхановтың «Әке», «Сағы­ныш» әндеріне екі бейнебая­н түсіріп, екі ән жинақтары жарық көрген. Демек, «Қаракөз» жасап келеді, жасарып келеді. Бас­шылық міндетін Жаңабай Сәт­жанов атты кәсіпкер, өнер жанашыры өз қолына алған. «Аумалы-төкпелі заманда біздің өнерді бағалап, қанатының астана алатын ешкім болмады. 1996 жылы Көкшетау қала­сына қоныс аудардым. Сол жыл­дың күзінде Жақсыкелді досымыз қайтыс болыпты. Оны маған ешкім хабарламаған... Қима­ғаннан гөрі, сенбейді екен­сің! Мысалы, Лұқпанның орындауындағы «Жарығым-ай» әні – «Жақсыкелді өмірден өтті...» деп естігенде жазған менің әнім. Қазір зейнеттемін, ешқандай мемлекеттік атаққа ие емеспін. Жеке студиям бар. Биыл жетпіс жасқа толамын. Соған орай үлкен концерт өткізбекке іштей дайындық үстіндеміз», дейді бізбен әңгімесінде әнші, сазгер Болат Есмұханов. «Қаракөз» аз ғана уақыт ішін­де бірнеше рет республика са­райындағы үлкен концерт­терге қаты­сып, Алматы қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өздерінің жеке концерттерін беріп үлгерген. «Әсем әндерің мен тәтті күй­лерің» көп болғай, «Қаракөз»! Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ