Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтен қалған «Шаянға барсаң – әншімін деме, Созаққа барсаң – күйшімін деме»... деген ғибратты сөз бүгінде халық мәтеліне айналғаны белгілі. Егер сол кезде ұлы жазушының жолы Төле би ауданына түсіп, Диханкөлдің сары қымызын ішіп, Қасқасудың жасыл жайлауында Аққұм ауылы шеберлерінің қолынан шыққан текеметі мен төрт қабатты құрақ көрпелердің үстінде оюланған құс жастықтарды жастанып жатып, табиғатына тамсанып, бір сәттік демалыс бұйырғанда... жоғарыда айтылған екі сөйлемнің міндетті түрде жалғасы болар еді деп ойлаймын. Жарықтық, «Төле биге барсаң... суретшімін деме!» деп тайға таңба басқандай етіп айтып кетер ме еді, кім білсін?!
Өткен ғасырдың өзінде Төле би ауданынан отызға жуық елге танымал суретші шықты. Олар қазақ өнерін әлемге паш етті. Таулы өлкеден шыққан танымал суретші Тоқболат Тоғысбаев осы елдің тумасы. Әуесқой суретші, туындылары Лондонның төріне шыққан Молдағали Қалдыбаев та осы ауданның перзенті. «Ұлы көшімен» тарихта қалған Бексейіт Түлкиев те суретшілер мекенінің ұлы. Әлем мойындаған талантты суретші Ерболат Төлепбай да Төле бидің ұрпағы.
Бір отбасынан шыққан ағайынды суретшілер Мұрат пен Қанат Қалбаевтар да осы киелі өлкеде туып-өскен. Бір мақалада, құдай-ау, бәрін түгелдеп шығу, әсте мүмкін емес...
Суретшілер мекенінде жарық жұлдыздай жарқырап шыққан тағы бір тума талант Құрасбек Тыныбеков еді. Қысқа ғана ғұмырында гобелен өнерінің негізін қалап, сурет өнерінде жаңалық ашып, өшпес мұра қалдырды халқына.
Құрасбек Тыныбекұлының өмірі шығармашылығының нағыз толысқан кезінде, 33 жасында күрт үзілді. Суретшінің қолтаңбасы қалған құлпырған бояудың өзі әлі де толық зерттелмеген бір әлем дерсіз. Құрасбек алуан түрлі бояуларды «сөйлету» арқылы Ұлы Даланың жылнамасын мәңгілікке жазып кеткендей. Ә дегенде «Дала әуеніне»(1970) елтітіп, одан туған жердің «Аспаны»(1973) бейнеленген текеметтерге көз тастай отырып, шексіз кеңістікке бойлайсыз да, тоғызыншы территорияның ұлылығына тағы бір тәнті боласыз. Енді бір кезде гобелен өнерінің құдіретіне құлай берілгеніңіз соншалықты, «Тау мен дала аңызы» (1975) рухыңды асқақтатып, бір сәт «Байқоңыр ырғақтарында»(1977) тербеліп, «Теңіз симфониясы»(1979) жаныңды кереметтей баурап алады. Осының барлығы жинақтала келіп, талантты суретші Ұлы Дала туралы асқақ ойын гобелен өнері арқылы өрнектегенін көрсетеді.
Ал 1981 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлық берілген «Қазақстан шұғыласы» атты топтық монументалды гобелені қылқалам шеберінің туған жерге деген толғанысынан туған шедевр дүниесіне айналды. Орта бұзар жастан асқанда қайтпас сапарға аттанғанымен, Құрасбек Тыныбекұлының өнерді бағалай білетін халқы бар да, өзінің «Мәңгілік»(1975) туындысындай елімен бірге жасай беретіні анық.
Күлия АЙДАРБЕКОВА,
«Отырар» ғылыми-әмбебап
кітапханасының директоры
Оңтүстік Қазақстан облысы