Кеше «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы» деген тақырыпта Үкімет сағаты болды.
Оны Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева ашып, жүргізіп отырды.
Қаралған мәселе бойынша негізгі баяндаманы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жасады. Министр бағдарламаның орындалу барысын оқушының жас деңгейіне сәйкес баяндады. Соның ішінде, 3-6 жас аралығындағы бөбектерді төрт жылдың ішінде мектепке дейінгі біліммен балабақшаларда толықтай қамту мәселесі мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту жолымен шешілетіні айтылды. 2016 жылы ғана 77 мың орынға арналған 825 мектепке дейінгі білім беру ұйымы осы жолмен іске қосылыпты. Соның 600-і жекеменшік балабақша екен. Сөйтіп, 3-6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 85 пайызға дейін өскен.
12 жылдық оқу бағдарламасына көшу үшін 0-ші сынып биылдан бастап енгізілмекші. Бұл бағдарламаның толығымен іске асырылуы 2019 жылғы мерзімге шақталған. Бағдарламаны іске асыру барысында бөбектер бірінші сыныпқа 100 пайыз дайын болып, барлық әріптер мен сандарды біліп келеді. Қазір бөбектердің 70-80 пайызы ғана бірінші сыныпқа дайын болып келіп жатыр. Министр осыған өкініш білдіріп, бөбектердің әріптерді тұтастай, толық танымайтындығына қынжылды. «Әліппе» осы сыныпта оқытылады, деді ол. Биыл қанатқақты ретінде бұл бағдарлама басталады екен. Сөйтіп, бөбек үшін білім есігін мұғалім емес, тәрбиеші ашатын болып қала беретін көрінеді...
Тіл мәселесіне тоқталғанда Е.Сағадиев бүгінгі күні қазақ балаларының 90 пайызы ана тілінде оқитынын қанағатпен атап өтті. Өкінішке қарай, орыс мектептерінде оқитын 500 мыңдай бала қазақ тілін білмейді. Сол мектептерге арналған жаңа әдістемелік дайындалды. Биылғы оқу жылынан бастап ол да қанатқақты бағдарлама ретінде жеке мектептерге енгізіледі екен. Ағылшын тілін оқыту сапасын арттыру үшін биылдан бастап осы пәннің 5 мыңнан астам мұғаліміне 9 айлық білім жетілдіру курсы ашылған. Бюджетке енгізілген жаңа түзетулер бұл санды тіпті 12 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді, деді министр. Бүгінгі таңда еліміздің 2700 адам ағылшын тілін оқытатын көрінеді. Алдымыздағы жаңа оқу жылынан бастап ата-аналардың келісімімен жүздеген сыныптар ағылшын тіліне ауыстырылатын көрінеді. Ал 2018 жылдың аяғынан бастап барлық мектептерде 4 пәнді ағылшын тілінде оқыту қолға алынбақ. Бұл уақытта жаңадан енгізілетін ағылшын тіліндегі пәндерді оқыта алатын мұғалімдерінің саны 3 мыңға артады екен. Жалпы, осы мақсатты жүзеге асыру үшін пәндерді ағылшын тілінде оқыта алатын 16 мыңнан астам маман керек көрінеді. Одан әрі Е.Сағадиев барлық пәндер бойынша «үй жұмысын» күніне бір сағатқа дейін азайту мәселесі де қолға алынғанын айтты.
Қосымша баяндама жасаған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанованың сөздерінде министрге қарағанда оптимистік сарын кемшін болды. Алдымен ол білім беру саласының 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінгенін, ал бұл дегеніңіз осы салаға соңғы 11 жылда берілген қаражатпен шендес екенін айта келіп, алайда сала қызметкерлерінің еңбекақысының төмендігі жұмысқа деген құлшынысты азайтатынын айтты. Ауыл мектептері ұстаздарының біліктілігі төмен. Тестілеу табалдырығынан өте алмағандардың 65 пайызы ауыл мұғалімдері деді ол. Одан әрі шешен «0+11» бағдарламасының өзін 12 жылдық деп айту күмәнді екенін жеткізді. Егер 2019 жылдан бөбектер мектепке алты жастан баратын болса, 0-сыныбына бүлдіршіндер бес жасынан барады екен, сонда осы сыныптың мәртебесі қандай болмақ? Оның үстіне, мектепке дейінгі ұйымдарға лицензия да берілмейді. Сондықтан, құқықтық тұрғыдан бұл толық шешілген мәселе емес, деді ол. Одан әрі Г.Ықсанова оқу бағдарламаларының шикі тұстарын атап өтіп, оларды ширатудың маңыздылығын атады. Осының бәрі орынсыз асығыстықтың, мазмұнға назар аудармаудың себебінен болып жатқан кеселдер, деді депутат.
Қызу талқылаулар мен сұрақтар қойылған Үкімет сағаты барынша тартысты болды. Отырысты жүргізген Гүлмира Исімбаева оны бірнеше мәселемен қорытындылады: «0+11» үлгісі бойынша 12 жылдық білім беруге көшу жағдайындағы мектепалды даярлық пен бастауыш сыныптар бағдарламаларын пәнаралық сәйкестендіру тетігін әзірлеу; Білім беру процесінен қол үзбей, мұғалімдерінің біліктілігін арттырудың нақты жоспарын жасау; Нормативтік-құқықтық актілерді қорытынды аттестаттаудың және ҰБТ-ның жаңа форматына сәйкес келтіру; «Үздік» және «нашар» мектептер арасындағы алшақтықты азайту бойынша, ауылдық мектептерді қолдау жөнінде іс-шаралар кешенін әзірлеу; «Білім туралы» Заң нормаларын іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимыл тетігін пысықтау және т.б. Отырыс Үкіметке осы және басқа мәселелерді қамтыған ұсыныстар жасайтын болды.
Үкімет сағаты шеңберінде Мәжілістің жалпы отырыс залының фойесінде көрме ұйымдастырылды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»