Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің тұрғындармен биылғы есепті кездесуі байырғы мәселелердің көбесін қайта сөкті. Мегаполисте әкімдердің есеп беруі үрдіске енгелі бері шешілмей келе жатқан жайттар жеткілікті. Әрине, әкімдердің есебінде тындырылған тірліктер шетінен тізіліп айтылса да, қордаланған сауалдар қозғалмай қоймайды.
Әкім есеп берген сайын көлік кептелісі, Алматының экологиясы, базарларды көшіру, жұмысы сын көтермейтін кейбір пәтер иелері кооперативтері қызметі, айналма жолдардың құрылысы сөзсіз айтылады. Содан кейін әлмисақтан белгілі жайттардың барлығы Алматының ажарына, туризмді дамытуға барып тіреледі. Биыл да солай болды.
Мәселен, туризмді табыс көзіне айналдырғысы келетін шаһардың тұрғындары жұрттың армандап жете алмай жүрген Шымбұлағы мен Медеуіне бармайды. Қарағайлы ормандары қол бұлғаған Алатау бөктерлеріне қыдырмайды. Қысқасы, қаланың туристік нысандары толық әлеуетін іске қосып отырған жоқ.
Есесіне, дейді әкім, қалалықтар дәрігерге жағдайы әбден мүшкіл болғанда барады. Ішуді азайту керек. Шымбұлақты қымбат дейді. Алайда сыраның бір саптаяғына 1500 теңгені аямаймыз. Кешке қайда барсаң да орын жоқ, ал Шымбұлаққа баруға келгенде ақша таппай қаламыз. Бұл әдетті өзгерту керек, деген әкімнің сөзіне көпшілік қошеметпен келісті.
Ал енді қала әкімінің айтуынша, тағы бірнеше жылдан кейін Алматыда көлік кептелісі деген болмайды. 2018 жылға қарай кіші көліктік айналма жолы іске қосылады. Одан бөлек биыл Алматы үлкен автомобильді айналма жолының құрылысы басталды.
Өздеріңіз білесіздер, көлік кептелісі көптеген мегаполистерге тән. Біз бұл мәселеге көлік реформасын бастау арқылы, жүйелі түрде келдік. Елбасының тапсырмасы бойынша соңғы 15 жылда тек қана Алматыдағы 30 жолайрықты салуға 300 миллиард теңге бөлінді. Тағы екі айналма жолдың құрылысы 2018 жылы бітеді, дейді Бауыржан Байбек.
Алматының көлік кептелісін айтқанда, айналып өтпейтін бір мәселе «Алтын Орда» базары орналасқан трасса. Әкім бұл мәселе биыл шешімін табады дейді. Сол сияқты, Алматы үлкен автомобильді айналма жолы қаланы транзиттік көліктерден арылтып, бұл Алматының Батыс Қытай мен Еуропа арасындағы логистикалық хаб ретіндегі экономикалық әлеуетін күшейте түспек. Бұл жобаға 350 миллиард теңге көлемінде инвестиция келеді деп күтіліп отыр.
Қала әкімінің айтуынша, Алматыдағы көлік кептелісі жолайрық, айналма жолдармен шешілмейді. Қала әкімдігі қазір жекеменшік емес, қоғамдық көліктерді дамытуға басымдық беріп отыр.
Қоғамдық көліктер жүретін жолақтар көбейе түседі. Троллейбус желілерін жаңалауға 5,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл трамвай жолдарын қалпына келтіргеннен гөрі 3 есеге арзан. Тағы бір үлкен көліктік жоба – жеңіл рельсті трамвай. Биыл бұл жобаның мердігерлігіне байқау жарияланды. Ал 2020 жылға қарай тағы 2 метро стансасы пайдалануға беріліп, метро тармақтары Абай мен Момышұлы көшелерінің қиылысына дейін жетеді. Қазір метро өзін өзі ақтай бастады. Жолаушылар саны 4 есеге көбейді, деді әкім. Сол сияқты, қоғамдық көліктерді электронды билеттендіру де айтылмай қалған жоқ. Басында шу туғызған бұл мәселеде қазір ілгерілеу бар. Тұрғындар бір жолғы билеттен гөрі, электронды билетпен жүрген тиімді екенін түсіне бастады.
Яғни, Алматыда соңғы жылдары көліктер саны 10 есеге көбеюі көлік кептелістерін көбейтіп қоймай, қаланың экологиялық ахуалын да нашарлатып отыр. Ауаны 80 пайызға ластап отырған да осы жайт.
Сондықтан, өткен жылы түтіні будақтаған ескі көліктерге 136 миллион теңге айыппұл салынған. Және бұл көліктердің 67 пайызы қалаға сырттан кіреді. Әкім қаланы экологиялық жағынан тиімді көлік түрлеріне көшіруге қатысты нақты есеп бере келе, бұл мәселенің 2018 жылға қарай қаланы толық газбен қамтамасыз ету арқылы шешілетіндігін атады.
Сол сияқты, пәтер иелері кооперативтері қызметінің сапасы тұрғындардың тұрмысының тазалық айнасы екені аян. Әкімдер есеп берген сайын халық та ПИК-тердің жұмысына көңілдері толмайтынын жылда алға тартады.
Қала әкімінің айтуынша, ПИК-тердің қызметіне қоғамдық және партиялық бақылау күшейген. 150-дей ПИК тексерілген. Оның 86 пайызына айыппұлдар салынып, ескертулер жасалған.
Сіздердің назарларыңызды мына мәселеге аударғым келеді. Статистика бойынша Алматыда 1,7 миллион тұрғын бар. Шын мәнінде қазір мегаполисте 2,2 миллион халық тұрып жатыр. Бірақ тек оның 800 мыңы ғана қоқыс шығару ақысын төлейді. Мұнан былай біз бұл мәселеде қатаңдық танытамыз, деді қаланың қақ ортасында қоқысын арнайы жәшікке емес, далаға тастай салған тұрғындарды өз көзімен көрген әкім.
Сол сияқты, әкімнің есепті кездесуінде Алматының базарлары, жан-жануарлары қайта-қайта өле берген Хайуанаттар бағының мәселесі қозғалып, жаңа басшының жоспарлық есебі тыңдалды. Денсаулық сақтау саласының қызметі мен жұмысынан қуылған шенеуніктердің жайы сөз болды.
Қалалықтардың сұрақ қойып, жауап алуына ыңғайлы болу үшін есепті кездесу күні жедел телефон желісі жұмыс істеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ