Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің студенттері Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуі мен биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі бағыттарын талқылау мақсатында бас қосты.
Қазіргі таңда еліміз бойынша қызу талқыланып жатқан бұл тақырыптарға студенттердің қызығушылық танытуы өте орынды. Өйткені, еліміздің келешегі саналатын бүгінгі жастар өз отанының бүгінгі тыныс-тіршілігін, алға қойған мақсаттарын біліп жүруі тиіс.
Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық құқық кафедрасының профессоры Марат Бәшімов жүргізген жиында студенттер өздерінің ой-пікірлерін ашық айтып, белсінділік танытты.
Жиын барысында студенттер биылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметін ойдағыдай атқарып келе жатқанын, Астананың Сирия дағдарысын дипломатиялық жолмен шешу мақсатында мүдделі тараптарға келіссөздер жүргізу үшін диалог алаңын ұсынғанын айта келіп, бұл мәселелердің барлығы еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы биік беделін көрсететінін жеткізді.
Сондай-ақ, олар елімізде қолға алынған конституциялық реформалардың және биылғы Жолдаудың басым бағыттарының маңыздылығына назар аударды. Студенттердің айтуынша, Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформалар елімізді демократияландыру үдерісін одан әрі сәтімен жалғастыра түсуге жол ашады. Ал Президент елдің сыртқы саясаты мен ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласын өз құзыретінде ұстайды, бұған қоса, билік тармақтары арасында жоғарғы арбитрлық рөл атқарады.
Басқосуда студенттер президенттік биліктің бірқатар өкілеттігінің Парламент пен Үкіметке берілетіні еліміз үшін маңызды екенін атап өтті. Олардың ойынша, бұл қадам Парламенттің өкілеттігін кеңейтеді, ал Үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Аталған мәселелерді іске асыру үшін Конституция мен қолданыстағы бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу қажеттігі туындайды. Осы орайда шараға қатысушылар Конституцияға енгізілмек өзгерістердің халық талқысына салынуын құптай отырып, оның ел мүддесіне сай қабылданатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, жастар Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарынан туындайтын міндеттерді де саралап, аталған құжат талаптарының орындалуы еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына тікелей әсер ететінін, экономикамыздың дамуына тың серпін беретінін жеткізді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»