Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі Тәуелсіз мемлекетіміздің демократиялық бағытта өсіп-өркендеп келе жатқандығын кезекті рет айқындап берді.
Үндеуде айтылғандай, күшті президенттік вертикаль бізге мемлекетті қалыптастырудағы алғашқы қиындықтарды еңсеру кезеңінде қажет болды. Осы кезеңде өзіміз бүгінде мақтанышпен айтып жүретін қаншама жетістіктерге қол жеткізілді десеңізші! Мемлекет басшысы, міне, саяси жүйені одан әрі демократияландыру қадамын жасап отыр. Мұның өзі мемлекетті басқару жүйесінің тиімділігін барынша арттырып, еліміздің әлем алдындағы беделін бұрынғыдан да жоғарылата түсетіндігі сөзсіз.
Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен Президент ие өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігін беруге саналы түрде барып отырмын. Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын», деген сөздері демократиялық даму жолын таңдағанымызды одан әрі айқындай түседі.
Бүкіл қазақстандықтардың қатысуымен жүзеге асатын жаңа реформаны жарқын болашаққа жасалып отырған баянды қадам ретінде бағалаймын. Осындай түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру арқылы мемлекеттік құрылыстың бөгде ешбір модельдеріне ұқсамайтын өз мемлекетімізді, жауапкершілік пен біліктілікті басты орынға қоятын Үкімет пен Парламентті қалыптастыратынымыз сөзсіз.
Мейрам ЖАНӘДІЛОВ,
«Өлке тынысы» ЖШС директоры
Алматы облысы