Алматы, Астанадағыдай көлік кептелісіне халқының саны бір миллионға жеткен Шымкент тұрғындары да үйреніп қалды. Халық көп, машина көп. Бірақ, басқалай ретсіздіктер халықтың мазасын алуда.
Тұрар Рысқұлов пен Бәйдібек би даңғылының қиылысқан тұсында қоғамдық көліктер мен таксистер шаршы жер қалдырмай иін тіресіп тұрады. Әрі қарайғы ауылдарға жол жүретін адамдар да өте көп. Бажылдаған көлік, қол көтерген жолаушы. Кешқұрым бұл жерден өз көлігіңмен өту қиынның қиыны.
Шымкент қаласының қоғамдық келісім мәжілісінде ОҚО кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Ғани Қарабеков осы сұрақты қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа қойды.
«Көмешбұлақ, Қатынкөпір, Леңгір және Гипер Хаус таксопарктеріндегі ретсіздікті қалай шешуге болады?» деген сұраққа қала әкімі былай деп жауап берді:
– Аталған таксопарктер қоғамдық көлік қозғалысы мен жолаушыларға көп кедергі келтіруде. Екі апта бұрын дәл осы мәселе бойынша арнайы жиналыс өткізген болатынбыз. Ол парктерді еуропалық қалалардың үлгісіне сай жаңартпақшымыз. Бұл автопарктерге тек арнайы тіркелген маршруттар ғана кіре алады. Ал жолаушылар емін-еркін, ешқандай кедергісіз кіріп-шығатын болады. Дәл қазіргі жағдайда жоғарыда аталған таксопарктердің мәселесіне тыйым сала алмаймыз. Арнайы жол белгілерін орнату арқылы реттейміз, – деді әкім. Сонымен қатар, аялдама мәселесіне де пікірін білдірді.
– Алдағы 2 айдың ішінде қала бойынша 104 жаңа аялдама орнатылатын болады. Оның басым көпшілігі қалаға жаңадан қосылған елді мекендерге тиесілі. Кейбір аялдамалар дүкенге айналып кеткен. Біз аялдама басшыларына бір-ақ талап қойып отырмыз. Аялдама сәулет және қала құрылысы басқармасының жобасының негізінде салынуға тиіс. Өйткені, ол – қала көркі. Әрқайсысы өзімбілермендікке салса, шаһар келбетіне әсер етуі мүмкін, – деді қала әкімі.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы