АЛМАТЫ
Кешегі күн біздің болашақ спортшыларды баулитын білім ордамызда мерекеге айналды. Мұнда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қызметіне кірісуін ұлықтау рәсіміне арналған митингі Астанадағы ұлық оқиғаның ізін ала жедел өткізіліп, оған спортшылар, студенттер, оқу орнының оқытушылары мен қонақтары қатысты.
Академия ректоры, профессор Қайрат Зәкіриянов қазақ мемлекеттілігі қалыптасуының даңқты әрі қилы да қиын тарихына шегініс жасап, егемендіктің соңғы 20 жылындағы қадау-қадау жарқын белестерді атап өтті.
– Біз бүкіләлемдік универсиадалар мен Олимпия ойындарындағы тамаша жеңістерімізді мақтан ете аламыз. Сол жеңістердің арқасында туған Қазақстанымызды әлем жұртшылығы тани түсуде, – деді бірінші курс студенті, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Алексей Левкин. – Спорт біздің еліміздің бет-бейнесін танытар брендіне айналды.
Академия ардагері Май Хван, қазақ тілінде тамаша сөйлеген бірінші курс студенті Оля Московченко және басқалар баршаны инаугурация өткен қуанышты оқиғамен құттықтап, өздерінің әрқашан Елбасымен бірге екендіктерін мәлімдеді.
Петр ПОМИНОВ, Қазақ спорт және туризм академиясының оқытушысы.
* * *
АТЫРАУ
Ұзақ жыл Атырау облысының басқару органдарында қызмет істей жүріп, еліміз өркендесе екен, халқымыздың тұрмысы жақсарса екен деуші едік. Сол мақсатымыз еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін іске аса бастады. Ғасырға татыған 20 жылдың ішінде Қазақстанды, қазақ халқын әлем таныды. Қазақстан десе, қазақтың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев десе жаһан жұрты елең ететін болды.
Елбасының ұлттық экономиканы өркендетудегі саясатын халық әр кез қолдайтыны мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында айқын байқалды. Ал кешегі Мемлекет басшысын ұлықтау рәсімін отбасымызбен теледидардан тікелей эфир арқылы көрдік. Инаугурацияның сән-салтанатымен өткеніне, Қарулы Күштеріміздің сап түзегеніне, Нұрсұлтан Әбішұлының шешендерше көсіле сөйлегеніне – бәрі-бәріне марқайып отырдық. Жүрегімізді мақтаныш сезімі кернеді.
Көшбасшысын таңдауда жаңылыспаған Қазақстандай елде тұратын ұрпағымыздың келешегі жарқын болсын! Ел аманатын арқалаған Нұрсұлтан Назарбаевтай кемеңгер тұлғамыз аман болғай!
Орынғали ҚАРАСАЕВ, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Атырау облысының құрметті азаматы.
* * *
АҚТӨБЕ
Елбасының инаугурациясы күні біздің «Ақтөбемұнай-газ» акционерлік қоғамы үшін ақжолтай сәттіліктерге толы болды. Ұжымда еңбек ететін сегіз мыңға жуық жұмысшылар осы бір салтанатты сәтке әдейі дайындалғандай қыруар істің басын қайырды. Атап айтсақ, кеше барлау блогындағы төрт ұңғыма бұрғыланды, Кеңқияқ тұз асты кен орнындағы үш ұңғыманы да бұрғылау аяқталды.
Сондай-ақ, нақ осы күні жыл басынан бері 1548610 тонна мұнай өндіруге қол жеткізілді. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 13479 тоннаға көп. Міне, «әуелі экономика, сонан кейін барып саясат» қағидасын ұстанып келе жатқан Елбасының инаугурация салтанатын біздің акционерлік қоғам осындай екпінді еңбекпен қарсы алды. Теледидардан Елбасы сөзін тыңдап, елімізде қол жеткен табыстар мен ізденістердің алда да жалғасын табатынын айқын аңғардық. Елбасымен ертеңіміздің іргесін бірге қалауға жұмыла отырып, жаңа белестерді алатынымызға күмән жоқ.
Болат КӨПТІЛЕУОВ, «СНПС-Ақтөбемұнай-газ» АҚ өндірістік-технологиялық жұмыстарды үйлестіру департаментінің директоры.
* * *
АҚМОЛА
Жалпыхалықтық сайлауда жеңіп шыққан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау салтанатын теледидардан тамашалау барысында айрықша мақтаныш сезіміне бөлендім. Бұл дана халқымызға, дара көшбасшымызға деген мақтаныш еді.
Елбасымыз үнемі бізбен бірге. Ата Заңымызға қолын қойып, Қазақстан халқына Ант берген Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ақ жүрек халқымның сенімін ақтаймын. «Көп тілегі – киелі» деген нақыл тауып айтылған. Сіздердің алдарыңыздағы жауапкершілікті сезінемін және сіздермен бірге үлкен жеңістерге қол жеткіземіз. Отбасыларыңыз берекелі, баршаңыз аман болыңыздар», дегенде: «Әумин», деп бет сипадық. Елбасымыз біздің үйге кіріп келгендей, 10 балам мен 14 немеремнің басынан сипағандай толқыдым.
Елбасымыздың басты ұстанымы халқымыздың әл-ауқатын үздіксіз көтеру екендігі болашағымыздың бекемдігін айғақтайды. Дамуымыздың алдағы кезеңі де жақсылық шарапаттарына толы болатынына сенемін. Ұлық той құтты болсын. Көкшеліктер де өзінің Тәуелсіздік, Абылай хан, Көкшетау аталатын алаңдарында дүркіретіп думандатуда. Тойымыз тойға ұлассын.
Жібек ЖҮНІСОВА, «Алтын алқалы» ана.
* * *
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН
Президентімізді ұлықтау рәсімі өткізілген күн – біздің кәсіпорынның өндірістік өміріндегі айрықша, есте қалатын күндердің бірі болып қалмақ. Өйткені, дәл осы күні о бастан машиналар жасауға мамандандырылған біздің зауыттың конвейерінен тұңғыш рет қала көшелеріне су сеуіп, жол жуатын арнайы көлік шығарылды.
Мәселенің мәнісі мынада. Біз өткен жылы әлемге әйгілі Минск автомобиль зауытымен республиканың коммуналдық қызметіне қажетті арнайы көліктер шығару жөнінде келісімге келген болатынбыз. Оған қажетті бөлшектер мен приборлардың бәрі бізде жасалады. Әрі оған Беларусь елінен жеткізілген шассилер қондырылады. Ал арнайы көліктің негізгі қаңқасы мен құрылымдарын минскілік әріптестеріміз әзірлейді.
Коммуналдық қызметтің арналары сан-салалы. Оның жықпылы мен ішкі иірімдері аз емес. Коммуналдық қызмет қажеттілігіне бағытталған арнайы көліктер шығару арқылы біз республикада осы саладағы реформаның аяғына дейін жетуі үшін оған өз үлесімізді қосуды көздеп отырмыз. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы Кедендік одақ оң ықпалын тигізгенін де айта кеткім келеді.
Ғимран БИСЕНОВ, «Оралагрореммаш» АҚ президенті.
* * *
ЖАМБЫЛ
Мына сәйкестікті қараңыз. Елде сайлау болып, оған жасы бар, жасамысы бар қарапайым халық жаппай қатысып, өз таңдауларын жасап жатқан тұста біздің Шу қаласынан «Енисей-Қамқор-1200» атты комбайнның алғашқы данасы құрастырылып бітті. Ел диқандары үшін аса қажетті бұл жобаны «Шу-Локомотив» зауыты кәсіпорыны мен Ресейдің Краснояр қаласындағы «Трактор зауыты концерні» ЖШС өндірістік компаниясы қолға алғанын бір ай бұрын естігенмін. Енді, міне, адам айтса сенгісіз уақытта келісім-шартқа сәйкес алғашқы комбайн дүниеге келіп отыр.
«Қуаныш бөліссе көбейеді», деген. Сайлауда өзім дауыс берген үміткер бәсекеден дарабоз келіп, ұлықталып жатқан тұста алғашқы комбайнның иесі өзім болғанымды риясыз көңілмен бөліскім келеді. Менің жеке меншік шаруашылығым Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлерімен бірігіп, жаздық арпаның жаңа сұрыптарын сынақтан өткізіп, өндіріске енгізу жұмыстарымен жүйелі түрде айналысуда.
Мені егін шаруашылығы елге танытып отыр. Бүгінде ол ауданның 3211 гектар алқабын алып жатыр. Құдай қаласа, ел ризығын енді Елбасын ұлықтау күні сыйлыққа берілген комбайнмен жинайтын боламын.
Жұмахан ОСПАНОВ, «Нұр-2000» ЖШС директоры.
* * *
ҚАРАҒАНДЫ
Өмірде қуанышқа көбірек бөленгенге не жетсін. Сондайда әлбетте, мәні мен жөні жағынан бөлек қуаныштар болатыны анық. Соны біз кеше көрдік. Ол – Елбасымызды ұлықтау салтанаты.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президенті міндетін атқаруға кірісуі рәсімін алыстағы ауыл азаматтары – біздердің көңілімізді қатты толқытты. Аудандық орталық кітапханада ардагерлер, мұғалімдер, оқушылар ерте басқосып, осы бір тамаша рәсімді теледидардан тікелей көрдік. Елбасын құттықтауға жиналған астаналықтардың ду қол шапалақтауына қосылып біз де Қарқаралыда отырып қуанышымызды білдірдік.
Мемлекет басшысы алда тұрған міндеттерді тұжырымдап айтып берді. Сүйікті Қазақстанымызды көптеген қиындықтардан алып шығып, жаңа жеңістерге жігерлендіруші ұлт жетекшісінің кемеңгерлік басшылығы мен саяси көрегендігінің жемісін көре беретінімізге сенім мол. Біз Елбасыға қашаннан шексіз сенеміз. Қуаныш құтты болсын, әлеумет!
Еркін ҚАСЫМЖАНОВ, Қарқаралы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
* * *
ҚЫЗЫЛОРДА
Кеше Астанада Президенттің ресми түрде қызметіне кірісу рәсімі өтті. Тәуелсіздік сарайынан тартылған тікелей байланыс бүкіл республикада көрсетілді. Ақмешіттің ақжарқын халқы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау рәсімін теледидардан тамашалады.
Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Оларды мемлекетшілдікке, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін жоғары оқу орындары. Міне, солардың бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті. Кеше осында студенттер Астанада өткен Елбасын ұлықтау рәсімін тікелей эфир арқылы теледидардан тамашалады.
Университеттің мәжіліс залы көрерменге толып отырды. Осынау тарихи күнді тікелей байланыс арқылы тамашалаған оқытушылар мен студенттер құрамы Елбасы ант қабылдаған тұста ерекше тебіренді. Ал мемлекеттік Әнұран орындалғанда зал дүр етіп көтерілді. Одан кейін Елбасының сөзін ыждаһаттылықпен тыңдап, соңынан өз ойларымен бөлісті.
Қайырбай ЗӘКІРОВ, суретші-график.
* * *
ҚОСТАНАЙ
Мен «Алпамыс» аяқ киім фабрикасында қырық жылдан бері еңбек етіп келемін. Институттан кейін жас маман ретінде осы ұжымның табалдырығын аттаған едім. Содан бергі бүкіл ғұмырым осында өтіп келеді. Қазір аяқ киім фабрикасының бас инженері болып қызмет істеймін. Айтайын дегенім, біздің кәсіпорындағы жұмысшы ұжымы талай сайлауды өткізіп келеміз. Өйткені, мұнда өзім сияқты ардагер жұмысшылар жеткілікті. Кейінгі жылдары жастар да келіп жатыр.
Сайлау мен инаугурация кезінде оны біз есте қаларлықтай етіп өткізуді ойластырғанбыз. Соның бір белгісін нақты мысалмен айтайын. Кеше 380 адамдық зауыт ұжымындағы жастар «Нұр Отан» партиясының қатарына өту туралы ұсыныс жасады. Біз оларды дереу қолдадық. Сөйтіп, біздің ұжымда көшбасшысы Елбасы болып табылатын «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастауыш ұйымы құрылды. Және ол қай күні дейсіз ғой. Ұлықтау рәсімі күнінде Президентімізді қолдауды, оның саясатын жүзеге асыру жолы осы деп отырмыз.
Анна БЕГА, «Алпамыс» аяқ киім фабрикасының бас инженері.
* * *
МАҢҒЫСТАУ
Инаугурация күні мына жәйттер ойыма оралып отыр. Кешегі сайлауда бізде құрылған жастар қанаты өз қатарларына жас мұнайшылармен бірге аймақтың студенттері мен жұмысшы жастарын молынан біріктірді. Жарқын сәттердің бірі деп Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Елбасымен біргеміз» интернет-сайтының ұйымдастырылып ашылуы дер едім.
Осы сайлауда сенімді өкіл болдым. Сонда зейнеткерлер және ардагерлермен, ел ағаларымен бірнеше кездесулер өтті. Ол жүздесулерде Елбасыға деген халықтың ыстық ықыласы, лебізі, ризашылық сезімін естудің сәті түсті. 3 сәуір күнгі сайлауда аймақ адамдарының дауыс беруі 94,2 пайызды құрап, 96,58 пайыз өз дауыстарын Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, әлем таныған тағылымды тұлға Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Бұл аймақ адамдарының Елбасының ерен еңбегін аса жоғары бағалауы мен оның байтақ еліміздегі саяси тұрақтылық пен экономикамыздың қарқынды дамуындағы сарабдал саясатын қызу қолдағандықтың белгісі. Маңғыстаулықтар бүгін ойдағымыздың орындалғанына қуанышты.
Алик АЙДАРБАЕВ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры.
* * *
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН
“Қазақстанның болашағы жарқын, тұғыры биік, мәртебесі асқақ, экономикасының өрлеуі әрбір отандасымыз үшін маңызды. Біз тағдырымызды Назарбаев есімімен байланыстырамыз”, дейді республикадағы ең іргелі оқу орындарының бірінен саналатын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің ұжымы.
Ер еліне сенсе, елі еріне сеніп отыр.
* * *
ПАВЛОДАР
Президенттік сайлауда жеңіске жеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық, ел алдындағы Ант қабылдау рәсімін облыс орталығындағы «Достық» үйінде 19 ұлттық мәдени орталықтарының өкілдері басқосып, теледидар арқылы көріп, қолдау білдірдік. Осыдан екі жыл бұрын бұл үйдің ашылу салтанатына Елбасы келіп өзі қатысқан болатын. Жиналған қауым – түрлі ұлт өкілдері біздер Астанада өтіп жатқан еліміз үшін маңызы бар салтанатты рәсімді көру ерекше есте қалатын тарихи күн деп бағалаймыз.
Астанадағы салтанатты рәсімді көріп болған соң, Мемлекет басшысына құттықтау тілек білдірген жиналған қауым бір-бірімізді шын жүректен құттықтап, Президентіміздің алдағы жұмыстарына толағай табыстар тіледік. Сонымен қатар «Жаңғыру» деп аталатын түрлі ұлт өкілдерінен құралған жастар бірлестігі патриоттық асқақ әуенді әндерден шашу шашып, жиылған жұрттың көңілдерін одан сайын көтере түсті.
Оксана МАРТЕНОВСКАЯ, Болгар этномәдени орталығының жетекшісі.
* * *
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН
Біздің кәсіпорын үш жылдан бері темір жол саласына вагондар шығару ісімен тұрақты түрде айналысып келеді. Осы мерзім ішінде вагонның төрт түрі игеріліп, сынақтан ойдағыдай өтті. Тұтынушыларға 600 вагон жөнелттік.
«ЗИКСТО» АҚ облыстағы жетекші мәшине жасау кәсіпорындары арасында көш бастап индустриялық дамудың жаңа бағыттарын тынбай іздестіріп келеді. Біз әр мерекені лайықты табыстармен қарсы алуды дәстүрге айналдырғанбыз. Президенттің кезектен тыс сайлауында бір ауыздан Елбасыға дауыс берген ұжым мүшелері ұлықтау рәсімі күні аса ұйымшылдықпен жұмыс істеп, кезектен тыс 160-шы жүк вагонын құрастырып шығарды. Алдағы межеміз тіпті зор. Жыл аяғына дейін 600 вагон шығаруды жоспарлап отырмыз. Өндірісті жаңғырту бағытындағы қарышты қадамдар жалғаса беретіні күмәнсіз.
Владимир ШУМАКОВ, «ЗИКСТО» АҚ бас директорының орынбасары.
* * *
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН
Инаугурация салтанатын облыстың барлық қалалары мен аудандарында тұратын еңбек адамдары теледидардан тамашалады, түрлі мәдени шараларды өткізді. Бұдан басқа, облыс орталығындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік және техникалық университеттерінің кең фойесінде «Біз Елбасымен біргеміз!» деген тақырыпта студенттермен әңгіме өткізіліп, дәл сол жерде орнатылған үлкен теледидардан инаугурация салтанатындағы Президент сөзі ынта қоя тыңдалды.
Сондай бір жиын облыстағы өзім басқарып отырған баспахана «Рекламный Дайджест» ұжымында болып өтті. Бұл баспа өндірісі қазір жиырмаға тарта республикалық, облыстық, қалалық және аудандық газеттерді басып шығаруда. Біздің ұжым Елбасын ұлықтау рәсімін басынан аяғына дейін зейін қоя көріп, өз ризашылықтарын білдірді.
Еліміз тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы Кенді Алтайдың экономикасын алға бастыртып, тоқтап қалған талай кәсіпорындарға жан бітірткізді. Олар Өскемен титан-магний комбинаты, «Казцинк» ЖШС, Үлбі металлургия зауыты. Елбасының осындай ерен ісі бізге жігер береді.
Қайрат МУСИН, «Рекламный Дайджест» баспаханасының директоры.