09 Сәуір, 2011

Қатысушылар лебізі

419 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Нажмеддин ҒҰБАШЕВ, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты: – Президентімізге бүкіл халық сенімін ар­тып, дауысын бергеннен кейін заң бойынша өт­кі­зілуі тиіс ұлықтау рәсіміне қатысқаныма қуа­ныштымын. Осы салтанатқа еліміздің бас­қа об­лыс­тарымен қатар, біздің облы­сы­мыз­дан да делегация келді. Бүгін, міне, сол делегация құра­мында Тәуелсіздік сарайында болған биік рухпен тыныстап, Елбасының сөзін тыңда­дық. Елі­міз­дің өркендеуі, халықтың жағдайы, жастардың бола­шағы дегенді біз Мем­лекет басшысынсыз елестете алмаймыз. Соған бүгін де көзіміз жетті. Біздің байтақ Отанымыздың ертеңінің кемелді бола­ты­нына сендік. Кешегі өткен кезектен тыс сайлауда Маңғыстау өңірінің халқы өздерінің Елбасы ұстаған саясатты қолдайтынын, ертеңгі күнге деген сенімдері осы кісімен байланысты екендігін дәлелдеп дауыс­та­рын берді. Негізі – Елбасы халқына қалай сенсе, халқының да Елбасыға сондай сенетінін осы жолғы сайлауда тағы да көрдік. Мен өзім мұнайшымын. Ал мұнай саласының еліміздің эко­номи­ка­сында қандай орын алатындығы түсінікті. Міне, осы сала­ның да­му­ында да мұнайшылар Елбасының қамқорлығын әрдайым сезініп отырады. * * * Еслам УАХИТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданының әкімі: – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімінің Астана төрінде бар салта­натымен көрсетілуі, оған мыңдаған адамның қатысуы және де әскери шерудің сап түзеп нық қадаммен жүріп өтуі  маңызды тарихи оқиға десек, артық айтқандық емес. Аталған ұлықтау рәсімі Қазақстандағы жи­ыр­ма жылда істелінген еңбектің, соның жақ­сылығының көрінісі болды. Халық бір адамдай дауыс беріп, Елбасын таңдағаннан кейін ұлықтау салтанаты өзі салған Астана төрінде өтіп жатқаны –  үлкен мақтаныш әрі мәртебе. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған барлық шаруалардың басы-қасында жүргендіктен, олардың тұрғындар арасында қолдауға ие болып отырғандығын көрудеміз. Қазақстан мемлекетінің жиырма жылдығы қарсаңында өтіп жатқан Президентті ұлықтау салтанаты жақсы нышан болса керек. Қазіргі кезде Қазақстан әлемге танылып, көптеген игі істерді атқа­рып келеді. Еліміз өзінің кез келген міндеттерді орындай алатынын дәлелдеп қана қоймай, сонымен қатар, өзгелерге үлгі боларлықтай дәрежеге жетті. Біз осымен де мақтана білуіміз керек. Сондықтан байтақ елімізге Құдай қуат пен амандық берсін! * * * Сайын НАЗАРБЕК, Қазақстан Жазушылар, Сәулетшілер одақтарының мүшесі: – Жасым жетпіске келді, талай мейрамға қа­тысып жүрмін. Бірақ дәл бүгінгідей ерекше күй­ге бөленгенім сирек болар. Елімнің елдігіне қуа­нып тұрмын осы сәт. Ауызбірлігіміз бар, бе­ре­­ке­міз бар, ынтымақты ел екенімізді көр­сет­тік қой. Егер қазақстандықтар осы қал­пы­нан таймаса, әлемдегі 50 елдің біреуі емес, ал­ғаш­қы­сы бо­ла­­тынына сенемін. Халықтың бағы құтты болғай! Бұл – біздің бабаларымыздың ғасырлар бойы қолы жетпеген арманы еді ғой. Төле бидің, Әйтекенің, Қазыбектің, Абылай хан­ның, тіпті одан арғы бабаларымыздың көкейін тескен елдік мұрат осы емес пе еді?! Жаңа еліміздің туын залға әкелгенде, Ата За­ңы­мызды ұландарымыз алып шыққанда осы бір ойлар жүрек түк­пірінен шымырлап шығып, жанымды тербетті. Елбасы ақ киіздің үстінде тұрып ант бергенде іштей шүкіршілік етіп тұрдым. Тәубе! Кешегі өткен сайлауда халық Елбасыға сенетінін қалай көр­сет­ті? Тіпті кезекке тұрып дауыс бердік. Бұл – ел сенімі. Ал азамат үшін ел сенімін арқалап, халқының алдына биік мақсаттар қойып, оның шыңына халқымен бірге шыққаннан артық бақыт жоқ. Шү­кір­шілік, Елбасы 20 жылдың ішінде ел сеніміне селкеу түсірген жоқ. Қазақ баласы елінің тағдырына сүйінер заман осы болар, сірә! * * * Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, Қазақстанның халық ақыны: – Ақын жүрегі мұндайда ел-жұртымен бір­ге асып-тасып жатпай ма? Сонау оңтүс­тік­тің шұ­ғы­ласы Арқаға ауып келгендей бүгін Есіл­дің жа­ғасы ерекше думанға бөленіп тұр. Өз таңдауын жасаған халықтың қуанышында шек жоқ. Ант беру рәсімі ресми жағдайда өт­іп жатса, көшедегі шеру Елбасыға шын құр­меттің белгісіндей сезіледі. Кеудемізді мақ­таныш сезімі кернейді. Ұлт Көшбас­шы­сын қалың елі түгел қолдап жатқанда, енді мұндай кезде шаттанбағанда ақын жүрегі қашан ақтарылады. Ақынға құрал бар ма тілден артық, Аспанда шырақ бар ма күннен артық! Бүкіл ел тілеуіңді тілеп отыр, Қазаққа Президент жоқ Сізден артық! – деп Елбасының өзіне кезекті бір кездесуде айтқанмын. Сол бір шумақ жыр бүгінгі қуа­ныш­тың үстінде тағы да есіме түсіп, көңілімді көктемгі самалдай желпиді. * * * Бекболат МҰҚЫШЕВ, Республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары: – Ұлықтау шарасының өтіп жатқаны біз үшін қуаныш әрі мақтаныш сезімін туды­ра­тын ерекше оқиға. Бұл айту­лы маңызды шара ха­лық көңілінен шығып жат­қанына ешқандай күмән болмаса керек. Ел басшысына денсау­лы­ғының жақсы болып, ха­лыққа риясыз қызмет етуін тілейміз. Қазақстан тәуелсіздігі үшін аянбай тер тө­гіп келе жатқан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлі де бойында күш-қуаты мол азамат. Енді алдан не күтеміз дегенге келсек, елдің одан әрі қарай дамуы баршамызды толғандыратын мәсе­ле болса керек. Алға қойған басты мақсатымыз елу іргелі мем­лекеттің қатарынан ойып тұрып орын алу болса, ең алдымен, эко­номи­ка­мызды дамыту баршамызға ортақ жауапкершілік жүктейді. Әсіресе, білімге ерекше көңіл бөлініп, жастарды тәрбиелеу ісінде жаңа бастамалар көтерілгені жөн. Қазақстанда білім саласына кө­ңіл бөлініп те жатыр, бірақ соны тереңдете түскен орынды болмақ. * * * Вера СИДОРОВА, Социалистік Еңбек Ері: – Мен үшін Нұрсұлтан Назарбаевты Президент ретінде ұлықтап жатқан айтулы оқиға Қазақстанда үлкен мерекенің тойланып жа­туы­мен пара-пар. Елбасын Мемлекет бас­шы­сы етіп қайта сайлау Қазақстан халқының ауыз­бір­шілігін көрсетті. Мен мұны үлкен жеңіс әрі бақыт деп бағалаған болар едім. Қазақстандықтар әрқашан да өзінің ең­бекқор әрі бейбітсүйгіш халық екенін дәлел­деп келеді. Әсіресе, өзге ұлттар мен ұлыстардың өкілдерін бауы­ры­на басып, қамқорлық танытып келе жатқан қазақ халқына деген ризашылығымыз шексіз. Міне, осындай өрелі де берекелі елді басқарып отырған Нұрсұлтан Әбішұлына ұзақ өмір, мықты ден­саулық тілеймін! Қазақстан Республикасы алдында тұрған барлық жоспарлардың орындалуына да тілектестігімді жеткізгім келеді. Менің осы ретте айтайын дегенім, жыл сайын халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, әл-ауқаты жоғарылай түсуде. Сонымен қатар, рухани өміріміз де байып, елдің қорғаныс қабі­леті де артуда. Алайда, бір шешімін күткен проблема да жоқ емес. Ол, әрине, ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Егер біз осы саланы ая­ғынан нық тұрғыза алсақ, онда халық тұрмысы бұдан да артатыны анық. * * * Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО және Қазақстанның халық әртісі: – Қара ормандай қалың қазақ бүгін өзінің таңдаған басшысын ақ киіздің үстіне шыға­рып, ант қабылдау рәсіміне куә болды. Жұр­ты­мыз көңілі қалаған, қанша жылдан бері көптің көкейіне сенім ұялатқан азаматына да­уыстарын беріп, келешек бағыт-бағдарын ай­қындады. Елбасы өзінің қызметке кірісу рә­сімінде осы сенімнің үдесінен шығатын ой-байламдарын ортаға салды. Сондағы айтыл­ған істер жүзеге асырылып, алға қойылған міндеттер ойдағыдай атқа­рыл­са, еліміз алдыңғы қатарлы дамыған елу елдің қатарына әлі-ақ қо­сы­ларына күмәнім жоқ. Бұған Президенттің күш-қуаты, ақыл-па­ра­саты, ерік-жігері мен білім-білігі молынан жетерін өзіміз түгіл сырт көз – сыншылар да ашық айтуда. Сондықтан елдің ертеңі сенімді басшының қолында деп білемін. Қазақстанын жи­ыр­ма жылдың ішінде зор белеске көтере білген Нұрекең мұнан кейін де сол қар­қынынан таймайтыны анық. Ол ант беріп тұрып, осыны қадап айтты. Ең бастысы, халықтың әл-ауқаты мен мәдениеті көштен қалмай көркейсе екен. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болса екен. Шетелдердегі небір сойқан оқиғаларды көргенде жаның түршігеді. Мәдениет пен өнерді алға оздыру түгілі өмір сүрудің өзі қиындап тұрған заманда байтақ даланың байрағы көкке желбіреп, экономикалық та, рухани да қарқынды дами түсуі қазақтың маң­дайы­на Жаратқанның бұйырт­қан бір артығырақ сыйы ма деп ойлайсың. Сол бақтан лайым айыр­масын, Елбасымыз еліне адал қызмет ете берсін! * * * Хасен МОЛДАБАЕВ, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Еңбекшіқазақ ауданынан осында бір топ делегацияның құрамында Президентті ұлық­тау рәсіміне келгенім біз сияқты ардагерлерге, еңбек адамдарына көрсетіліп отыр­ған құрмет деп санаймын. Бүкіл халық бо­лып Елба­сы­мыз­ды бірауыздан сайлаудың өзі еліміздің ау­ызбірлігі мен ынтымақты тіршілігін көрсетті. Бұл сайлау халықтың мәңгі есінде қалып қоя­тындай тарихи оқиға болды. Енді ұлықтау рәсіміне қатысқанда ойға түйгенім, бұл да ел есінде мәңгі қалардай елеулі саяси шара. Ұрпа­ғымыздың ертеңгі күніне сенімді аяқ басуына Елбасымыз бүгінгі ант қабылдау арқылы көзімізді жеткізді. Тәуелсіздік сарайының ішіндегі осы рәсімге байланысты ұйымдастырылған шаралар, ел­ор­даның еңсесін биіктеткен зәулім ғимараттар мен мәдени ошақ­тар, шеруге шығып, Елбасыға құрмет көрсеткен қарапайым қала тұрғында­ры­ның көтеріңкі көңіл-күйі бізге де ерекше әсер етті. Елбасыға ардагерлер атынан зор денсаулық тілей отырып, алдағы уақытта та халқыңа адал қызмет атқара бер деп сенім артамыз. * * * Раукен ОТЫНШИН, «Қазақстан» ҰА» Ақтөбе филиалының директоры: – Тәуелсіздік сарайындағы осы рәсімге куә болған қай адамның да көңілі толқыды деп білемін. Себебі, біздер тарихи сәттің куәсі бол­дық. Бізден кейінгі толқын, келер ұрпақ тарихтан оқитын сәттің ішінде болып, соның ауасымен тыныстадық. Рухымыз биіктеп, кеудемізді керіп, ұлы мемлекеттің азаматы екенімізге қуанып тұрдық. Біздің Ақтөбе облысы кешегі өткен сайлауда Елбасын қанша­лықты қолдайтындықтарын жоғары пайыздық көрсеткішімен дәлел­деді. Сенімдерін берген дауыстарымен дәйектеді. Мен өзім байқаушы ретінде осы дауыс беру үдерісінде үзбестен болдым. Халық бар ын­та­сымен, ықыласымен келіп, сайлауды мерекедей етті. Бұл тек ерте­ңіне сенген елде болатын ғана құбылыс десем артық айтқандық болмас. Елбасы елдің болашағын айтқанда үнемі үдемелі инновациялық дамуды алға тартады. Ал біздің облысымыз осы істі дамыту жағынан алдыңғы қатарда келеді. Халықтың Елбасыға қалтқысыз сенуінде осындай үлкен келешекті алға ұстаған биік мақсаттардың әсері бар. Ел де, Елбасы да бір мақсатқа жұмылуда. Ендеше, біріге қимылдаған жұрт қандай асуды болса да бағындырады. Ақтөбеліктер де тәу­елсіз Қазақстанның мерейі үстем болуына өз үлестерін қоса бермек. * * * Дарико ХАСАНҒАЛИЕВА, Алматы қалалық «Қызыл Ай» қоғамының төрайымы: – Осы тұрғанымда-ақ жүрегім лүпілдеп тұр, өте қуаныштымын. Президентіміз халқы­на ант берген сәтке куә болғаным үшін өзімді бақытты сезініп, толқыдым. Менің адам ретінде, ана ретінде тілегім – қазақ халқы өзі сен­­ген Елбасымен бірге аман болып, жұрт жетпеген биіктерге шықса. Ынтымақпен, қуа­ныш­пен, берекелі тірлікпен 20 жылда бағын­дырған асуларынан әрі асып, табыстарын еселей түссе, байра­ғы­мыз желбірей беретініне, қазақ деген халықты әлем танып, мой­ын­дайтынына сенемін. Біздің Елбасының беделі халықаралық аренада да мықты екеніне көзіміз жетіп жүр. Былтырғы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып, осы бүгін ұлықтау рәсімі өткен залда ұйымға мүше 56 елдің басшылары 11 жылдан бергі өткізілмеген саммитке жиналды. Осыдан біршама жыл бұрын шетелдерде біздің елімізді біле қоймайтын. Қазір Қазақстан десең: «О, Назарбаев, Астана», деп біліп жатады. Еуразияның жауһарындай Астанамыз қандай әсем. Ол –тәуелсіздігіміздің белгісі, Елбасымыздың кемел қайратының жемісі емес пе?! Сондықтан мен барша қазақстандықтарды бүгінгідей мерекемен шын жүрегіммен құттықтағым келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! * * * Айкүміс ДОСАНОВА, Маңғыстау облысы, Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы: – 3 сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлауда мен Түпқараған ауданы бойынша Елбасының сенімді өкілі болдым. Бұл сайлау соңғы 20 жылдың ішінде біздің Елбасымызға деген халық сеніміне селкеу түспегенін көрсетіп берді. Өте бір қиын кезеңде «Кімге сенеміз?», «Кімнің соңынан ереміз?», «Не істейміз?» деген елең-алаң уақытта халық Елбасыға сенім көрсетіп, мемлекеттің тізгіні мықтап ұсталып еді. Сол сеніміміз ақталды. 20 жылдың ішінде мемлекетіміз үлкен биіктерге көтерілді. Өркениетте өз орнын алды. Шаруамыз оңалды. Халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Біздің Қазақстанды дамыған, демократиялы ел ретінде дүние жүзі таныды. Кешегі сайлауға біздің Түпқараған ауданының сайлаушылары тегістей қатысты, яғни саяси науқанға қатысқандардың 99 пайызы белсенділік танытты. Халықтың 99 пайызға жауығы бірауыздан Елбасын жақтап, дауыс берді. Біз Елбасын ұлықтау рәсіміне қаты­сып, өзіміздің бойымызға үлкен күш-жігер жинағандай бол­дық. Елбасыға амандық тілеп, осы өтіп жатқан шаралардың бар­лы­ғының қайыры болсын дейміз. Біздің алдымызда болашақты көз­деген 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламамыз, үдемелі ин­дустрияландыру бағдарламалары бар. Міне, осы бағдарла­ма­лар­дың іске асуына барлығымыз бір адамдай қатысып, Елбасыға көмекші ретінде жұмыс істейтін боламыз.