Тұманбек ӘЛИЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының әкімі:
– Біз бүгін еліміз тарихында, халық есінде қалатын елеулі оқиғаға куә болдық. Бұл – Елбасының, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық белесін абыроймен еңсерген Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімі. Тәуелсіздігіміздің келе жатқан 20 жылдық мерекесі қарсаңында ел-азаматтар өздерінің болашағын, немерелерінің, ұрпағының болашағын таңдай білді. Елбасын ұлықтаудың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған рәсіміне қатыса отырып, бойымызды үлкен қуаныш сезімі биледі. Елге барып, осы бір қуанышымызбен бөлісіп, алдағы уақытта Мемлекет басшысының саясатын одан әрі жалғастыруды мақсат тұтатын боламыз. Елбасы өзінің халық алдында берген антына адалдық танытып, Қазақстанның одан әрі өрістеп, дамуына өз үлесін қосатыны еш күмәнсіз.
Бұл ретте Оңтүстік Қазақстан облысының, оның ішінде, Қазығұрт ауданының азаматтары Елбасыға қолдау көрсетіп қана қоймай, Қазақстан экономикасы мен әлеуметтік деңгейінің жоғарылауына, мемлекеттің жан-жақты жаңғыруына үлес қосатыны анық. Еліміздің әрбір тұрғыны Елбасының бізге жүктеген міндеттемелерін үлкен құлшыныспен, асқан жауапкершілікпен орындай білсе, ел ертеңі еңселі болады.
* * *
Өмірзақ ОЗҒАНБАЙ, тарих ғылымдарының докторы:
– Бұл бір еліміздің тарихындағы үлкен тарихи оқиға болды. Сайлаудың қорытындысы шығарылып, Елбасының қолына бүгін президенттік құжат тапсырылды. Бүкіл Қазақстаннан келген азаматтар үлкен қуанышпен осы сәтті қабылдады. Және бүгінгі ұлықтаудың бұрынғы өткен ұлықтаулардан ерекшелігі – артық даңғазалық жоқ. Бәрі де рет-ретімен, орны-орнымен және іскерлік бағытта өтті. Елдің алдында тұрған үлкен міндеттер туралы айтылды. Кешегі сайлаудың өзі көрсеткендей, бұл науқан отанымызды, бүкіл қазақстандықтарды бір-бірінен бөліп-жіктеу емес, біріктіру, топтастыру мақсатында ұйымдастырылды. Енді біз алдағы уақытта Қазақстан халқына Жаратқан ием бақуатты өмір сүруге, топтасып бірлік жағдайында өмір сүруге мүмкіндік бергей деп тілейміз.
Елбасы күш-қуаты бойында үлкен өмірлік тәжірибе жинақтаған, халықаралық зор беделі бар қайраткер тұлға десек, күні кеше дауыс берген сайлаушылардың өзі болашақ тағдыры мен бақытын осы Президентімізбен байланыстырып жатыр. Тілегіміз – «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқына Тәңір бақуатты өмір бергей, жақсылық жақсылыққа ұласқай!
* * *
Алтынбек ӘМІРҒАЛИЕВ, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының әкімі:
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қайта сайланып, ант қабылдауы көпшіліктің тебіренісін тудырды. Салтанатты жағдайда өткен ұлықтау рәсімінің өзі қазақстандықтардың болашаққа деген сенімін нығайтқандай әсер қалдырды. Бұл көрініс әлі біразға дейін жадымызда сақталатын болады.
Елбасы тәуелсіздігіміздің жиырма жылында елді өркендеген, еңсесі биіктеген мемлекетке айналдырып қана қоймай, әлемдік қоғамдастық алдында беделді де белді ойыншы ете білді. Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі осы сөзіміздің дәлелі болса керек. Бейбіт өмір мен берекелі бірлікті ұран етіп келе жатқан Қазақстан өзгелерге де үлгі боларлық жағдайға жеткенін айта кеткен жөн.
Ендігі күтетініміз – экономикадағы жетістіктерді еселей түсу. Әсіресе, ауылдағылардың жағдайын көтеру. Қазіргі таңда көптеген ауылдық елді мекендерді ауыз сумен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелері біртіндеп шешімін тауып келеді. Әрине, мұның барлығы да Президенттің өзінің тікелей тапсырмасымен орындалып жатыр.
Жиырма жылдың белесі кешегі сайлау барысында анық байқалды. Яғни, Нұрсұлтан Әбішұлына деген халық сенімінің нығайғандығын көрсетіп берді. Сенім ғана бізді кез келген қиыншылықтан алып шығарын ұмытпағанымыз жөн.
* * *
Гүлсина БАЙКЕНОВА, Атырау облысы, татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы:
– Тарихи маңызды оқиғадан ерекше әсер алумен кетіп бара жатырмын. Атырау облысынан келдім. Мәдениет пен өнер саласында жүргендіктен, Президентті ұлықтау салтанатын бар ынта-ықыласыммен сезіндім. Көпұлтты әрі көпдінді қазақстандықтар жаңа дәуірге, жаңа тарихи кезеңге аяқ баса отырып, жаңа лептің келгендігін сезінгендей болды десем, артық айтқандық емес. Президенттің жаңа перспективалары мен идеялары баршамызға болашаққа деген сенім сыйлай білді. Сондықтан да, Қазақстанның алдында тұрған бұралаңы көп асулардан қиналмай өтетінімізге ешкімнің күмәні жоқ қой деп ойлаймын.
Қазақстанның жаңа бастамалар көтеріп, өркениетті даму жолына түсетініне кәміл сенеміз. Бұрын Н.Назарбаев тарапынан ұсынылған барлық идеяларды жүзеге асыратын сәт туды деп нық сеніммен айта аламын. Бұл мәдениет саласына да қатысты. Мәдениет ол бейне-бір халықтың айнасы іспетті. Біз өткен президенттік сайлауда халықтың ауызбіршілігі мен мәдени жандүниесін көрдік, ал өнер – сол ауызбіршіліктің көңіл күйі мен рухын көрсететін құбылыс.
* * *
Тамара АСАР, әнші:
– Ел басқаратын адамды Жаратқанның нұры жауған деп жатады. Бұл ретте, Нұрсұлтан Назарбаевты қазақ халқының бағына біткен тұлға дер едім. Біз бүгін Елбасын ұлықтау рәсіміне қатысып, ел басқаратын азаматтың өз мойнына алатын жауапкершілік жүгінің қандайлық ауыр екенін сезінгендей болдық. Енді бүгінгі күннен бастап, біздің қазақстандықтар үшін жаңа өмірге қадам жасалып, еліміздің өрісі одан әрі кеңейе түседі деп ойлаймын.
Бүгін халқы өзінің ұлын өзіне олжа қылып, Елбасын қайтадан ұлықтап отыр. Бұл – әр азаматтың есінде ұзақ сақталатын қуанышты сәт.
Осыдан бірнеше күн бұрын үлкен саяси оқиға – сайлауға жасы, кәрісі тайлы-таяғы қалмай, барлығы қатысып, Елбасыға дауыс беріп, өздерінің Қазақстанның, қазақ жерінің, қазақ даласының болашағына үлесін қосқандай болды. Мен, шынымды айтсам, мұндай үлкен деңгейдегі салтанатқа, ұлықтау рәсіміне алғаш рет куә болғандықтан, қатты толқыдым. Сондықтан, айрықша қуаныш сезімін бастан кештім. Қазақта «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып, тақымын қысады» деген сөз бар. Мен ұлықтау рәсімі кезінде көп аналардың атынан Елбасыға деген шынайы қолдауымды жүрегіммен, ақ тілегіммен білдіріп отырдым. Айтқан сөздерінің әрбіреуін ойыма түйгендей болдым. Ал Елбасымыз халықтың сенімін ақтап, ел игілігі жолында аянбай қызмет етеді деп сенемін.
* * *
Байжұман СМАЙЫЛ, Алматы облысы, Талғар ауданы, Туғанбай ауылындағы «Цегун» шаруа қожалығының төрағасы:
– Мен ауыл шаруашығымен айналысып жүрген қарапайым адаммын. Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау салтанатына қатысып, соған куә болғаныма өзімді ерекше бақытты санаймын.
Президент сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлының сайлаушылардың 95,55 пайыз дауысына ие болуы жайдан-жай емес. Өйткені, мен еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері президенттік сайлаулардың барлығына учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі ретінде белсене қатысқанмын. Ал бұл жолғы президенттік сайлау өзгеше жағдайда өтті. Ең бастысы, біз сайлауға сайлаушылардың мүмкіндігінше толық қатысуы үшін көп жұмыс атқардық. Біздің Туғанбай ауылында тұратын 3 мыңға жуық адамның 2 мыңы сайлаушы тізімге тіркелген еді. Солардың ішінде бес адам ғана дауыс бермеді. Сөйтсек, олар өз шаруаларымен бір жаққа кетіп, дауыс беру уақытынан кешігіп қалған екен.
Егер қазақтың тарихына жүгінер болсақ, хан көтеру Тәуке ханнан, Хақназардан басталып, бері қарай Абылай ханнан жалғасады. Осы бабаларымыздың барлығы қаншама рет құлшыныс танытса да, жасай алмаған Қазақстанның тәуелсіз іргелі ел болуын Нұрсұлтан Назарбаев жасап, қалыптастырып берді. Менің ойымша, Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл қазақ халқының бағына берген ұлы да дара тұлға! Өйткені, қазақтың хандары істей алмағанды Нұрағаң істеді. Мысалы, біздің Туғанбай ауылының жанынан темір жол салынып жатыр. Бүгінде онда біздің ауылдың 70-тен астам адамы жұмыс істеуде. Өткен жылы Қазақстан ЕҚЫҰ Саммитін абыройлы өткізді, биыл Азиада ойындары өтті. Бұрын осының барлығы ойымызға да келмейтін. Халыққа осындай жақсылықты жасап жатқан адамның президенттікке қайта сайлануы өте дұрыс деп есептеймін.
Әрбір елдің ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткісі, жоғары деңгейдегі саммит өткізгісі келеді. Шынын айтайын, кейбір елдердің бұған қаражаты жетпеді, ыңғайы келмеді. Біздің қазақ «Асың болса – беріп жүріп ел таны, атың болса – желіп жүріп жер таны» деп айтқан ғой. Қазіргі кезде Қазақстанда қаражат та жеткілікті, сыртқы саясаттағы ұстанымы да орнықты. Оның үстіне қазақ қонақжай, келген адамға төрі дайын, есігі ашық.
P.S. Байжұман ағаның қолында Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан ХХІ ғасыр табалдырығында» деген кітабы бар екен. Пікірлесу барысында соның себебін сұрадық. «Бұл кітапты қолыма ұстап жүргеніме 13 жылдан асты, – деді Байжұман аға. – Елбасыға жолығып қалсам, осы кітапқа Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан қолтаңба қойдырып алсам деп жүрмін. Өкінішке қарай, мүмкіндік болмады. Дегенмен, Елбасын ұлықтау салтанатына қатысқан біраз өнер қайраткерлеріне қолтаңба қойдырып алдым».
* * *
Тұяқбай ШӘМЕЛОВ, Қазақстанның халық әртісі, Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі:
– Бүгінгі Елбасын ұлықтау рәсімі өте жоғарғы деңгейде өтті. Бүкіл Қазақстан халқы қуаныш, мақтаныш сезімін бастан кешіп отыр. Соның ішінде, Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі осы ұлықтау рәсіміне қатысып, өнер көрсеттік.
Президентті ұлықтау – ел тарихының алтын парағына жазылатын үлкен оқиға болғандықтан, жоғары дейгейде ұйымдастырылды. Ұлықтаудың үлкен, өзіндік жоғары, мәртебелі дәрежесін көрсетті.
Бүгінде еліміздің рухани саласына айрықша мән беріліп, өнер әлемінің өрістеуіне барлық жағдай жасалып келеді. Болашақта да осындай игі дәстүр өз жолынан жаңылмай, жалғасын тауып, Қазақстанның рухани көкжиегі кеңейіп, өнер саласы одан әрі жандана түседі деген сеніміміз бар.
Мен осындай мерейлі сәт кезінде мемлекетімізге тыныштық тілей отырып, Ұлт Көшбасшысының жауапкершілікке толы қызметіне әрқашанда сәттілік тілеймін. Жақсылықтар ұзағынан сүйіндірсін.
* * *
Сержан ШӘКІРАТ, күйші:
– Біз мемлекет тарихындағы айрықша оқиға – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсіміне Маңғыстау облысынан делегациямен арнайы келіп, қатысуға мүмкіндік алдық. Қуанышымызда шек жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы – біздің маңдайымызға біткен қазақтың ұлы перзенті, үлкен тұлғасы ғой. Біздің тілейтініміз – Президентіміздің мәртебесі артып, абыройы асқақтай берсін. Дені сау болып, барлық қазақстандықтың бағы үшін аянбай қызмет ете берсін деп тілеймін.
Президент барлық Қазақстан халқы алдында ант берді. Сол антына адал, берік болып, оны жоғары деңгейде орындайтынына, сол арқылы халықтың ыстық ықыласына бөленетініне сенеміз.
Маңғыстау – сайлау кезінде белсенділік көрсеткен ең алдыңғы қатардағы облыстардың бірі. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлына деген Маңғыстау халқының шынайы көңілі мен пейілін айғақтап бергендей. Яғни, өңір тұрғындары Президентке – Ұлт Көшбасшысына деген өздерінің ақжарма ниетін білдірді. Осы орайда, халықтың ақкөңіл пейілінен туған осы бір сенімі ақталсын деген тілек айтамыз.