Қазақстан ардагерлерінің орталық кеңесі өзінің 1 млн. 700 мыңнан астам мүшесінің атынан Елбасы Н.Назарбаевтың кезектен тыс Қазақстан Республикасы президенттігіне сайлауында жеңіске жетуіне қолдау білдіретіні туралы мәлімдеме жасады.
Осы мәселеге байланысты Қазақстан ардагерлері кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов, оның орынбасары Бекболат Мұқышев, ұйымның жауапты хатшысы Михаил Харжевский мен 1974-1987 жылдары Қазақ КСР Оқу министрі болған Қажыахмет Балахметов еліміздің барлық ардагерлерінің атынан Елбасының сайлаудағы жеңісімен құттықтап, өз ойларымен бөлісті.
Кездесуде Қ.Сүлейменов Қазақстан халқының соңғы 20 жылдағы өмірі Н.Назарбаевтың есімімен байланыстырылатынын, осы уақыт ішінде ол батылдық танытып, сын сағатта халықтың болашағы үшін ең дұрыс шешім қабылдай алғанын айтты. «1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған кезде елде азық-түлік тапшылығы сезіліп, жаппай жарық болмай, көптеген өндіріс орындары жабылып, халықтың есеңгірегенін білесіздер, – деді ол. – Республикаларда ұлтаралық қақтығыстар болып жатты. Осы кезде Нұрсұлтан Әбішұлы не істеу керектігін білді. Қазақстан халқының қолдауымен оның ұстанған бағыты, жүргізген саясаты елді қиын жағдайдан ғана шығарып қоймай, реформалардың іргетасын қалап берді». Осылай дей келіп ол Елбасының басшылығымен елімізде нарықтық экономика таңдалып, Конституцияның негізі қаланғанын, Қарулы күштердің құрылып, құқықтық реформалардың сәтті жүргізіле бастағанын айтты. Парламентаризмнің дамуы мен жергілікті атқарушы органдардың нығаюы да Президенттің жүргізген саясатының арқасы екенін, ал аға ұрпақтың оның елдегі бейбітшілік пен келісімнің орнатудағы сіңірген еңбегіне әрқашан алғыс білдіретінін мәлімдеді.
Осыдан кейін еңбек ардагері Қ.Балахметов сөз алып, ол кезінде өзі қызмет еткен білім және ғылым саласына кеңірек тоқталды. 1993 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастарымыздың шетелдің атақты университеттеріне білім алуға мүмкіндік жасалғанын, қазір оқуын бітіріп, мамандық алған солардың көбі елімізге оралып, әр салада қызмет атқарып жүргенін айтты. Сонымен бірге, бүгінде жас ұрпақты жақсы дайындықтан өткізу үшін Көкшетау, Семей, Астана қалаларында Президенттің интеллектуалды мектептері жұмыс істеп жатқанын, келесі жылы олардың саны жиырмаға жететінін, барлық мектептерде қазіргі заманғы технологиялармен жабдықталған кабинеттердің ашылғанын, ал оқытушыларға көрсетіліп жатқан көмектің арқасында олар тұрмыстық жағдайын жақсартып, шет елде білімін жетілдіруге жағдай жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол «Балапан» бағдарламасының, жыл сайын жаңадан ашылып жатқан балабақша мен мектептердің, несиелік жобаға көшкен жоғары оқу орындарында маман дайындау, істелініп жатқан ғылыми зерттеу жұмыстарының маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.
Кездесу соңында Қазақстан ардагерлері кеңесінің төрағасы Қ.Сүлейменов бастаған азаматтар еліміздің Тұңғыш Президентінің алға қойған міндеттерінің орындалатынына сенетіндерін айтып, Н.Назарбаевқа Президент болып қайта сайлануымен құттықтау жолдап, оның елімізді өркендету және Отанымыздың халықаралық аренадағы беделінің өсуіне қызмет етуіне табыс тіледі.
Дастан КЕНЖАЛИН.