21 Ақпан, 2017

«Егеменқазақстандықтар» балалар үйінде болды

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астана қаласындағы Балалар үйінде бүгінде 117 бала тәрбиеленеді. Тағдыр тауқыметімен үлкен отбасында бастары қосылған бүлдіршіндердің жағдайымен танысу мақсатында «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкерлері аталған орталықта болды. Қазақ тіліне жетік балақайлар редакция қызметкерлеріне өлең оқып, ертегі айтып берді. Бас басылым басшысы Дархан Қыдырәлі мекеме қызметкерлеріне газеттің жаңа жобалары арасында өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын әңгімелеп, «Егемен Қазақстан» кітапханасы» сериясымен жарық көрген бірқатар жинақтарды сыйлады және редакцияның кәсіподақ ұйымы атынан сый-сыяпаттарды табыс етті. Кездесуге басылымның Сүлеймен Мәмет, Берік Садыр, Думан Анаш және Орынбай Балмұрат сынды шығармашылық қызметкерлері қатысты. Мекеме директорының орынбасары Оксана Дзюбаның айтуынша, тәрбиеленушілер қаладағы №8 және Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектептерде білім алады. Сондай-ақ, орталықтың жеке балабақшасында 10 бала тәрбиеленуде. "Балаларымыздың көңіл-күйі жақсы. Өйткені, Елбасының, мемлекетіміздің қамқорлығының арқасында заманға сай білім мен тәрбие алуына, өнерлерін ұштастыруына барлық жағдай жасалып отыр. Би, домбыра, көркем өнер және спорт үйірмелері жұмыс істейді. Бір уақ далада сырғанақ, коньки теуіп ойнайды. Сондай-ақ, қала сыртында «Жұлдыз» атты жеке демалыс лагеріміз бар. Жаз мезгілінде және қыстыгүні демалыс күндері балалар осы лагерьде уақыттарын тиімді өткізеді. Қыста шаңғы тебу, жазда доп ойнау сияқты жарыстар ұйымдастырылады," – дейді Оксана Владимировна. Жалпы, аталған мекеме қызметкерлері соңғы жылдары тәрбиеленушілер қатарының азайғанын айтады. Балалар үйі жанынан отбасылық қолдау орталығы ашылған. Мұнда өзінің жан жылуын, мейірімін сыйлағысы келген азаматтарға есік ашық. "Әр баланың тәрбиесін жүрегімізден өткіземіз. Балалар үйінен кейінгі өмірлерін де қадағалап отырамыз. Оқуға түсуі, жатақханаға орналасуы, кейіннен жақсы жұмысқа тұруы, отбасын құруы сынды мәселелеріне қолдау көрсетеміз," – дейді аталған ұжымда 20 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан аға тәрбиеші Бәтеш Есілбаева. Ол балалар үйіне бұрынғы түлектердің де жиі ат басын бұрып, іні-қарындастарымен қауышып, тәрбиешілерімен қуаныштары мен әлеуметтік жағдайларын бөлісіп тұратынын жеткізді. Солардың бірі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінде білім алып жатқан Владислав есімді тәрбиеленуші оқуын биыл тәмамдамақ. Өзге де түлектер Слава сияқты ұшқан ұясын ұмытпайды. Думан АНАШ, "Егемен Қазақстан"