Челябі облысынан келген байқаушылар осылай мәлімдеді
Облыста сырттан келген байқаушылар журналистер үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Бұрын жазғанымыздай, Қостанай облысына көрші Челябі облысынан 21 байқаушы келген болатын. Олардың барлығы да облыс орталығы мен аудандардағы сайлау учаскелерінде болды.
– Сайлау күні байқаушылар 200-ден аса сайлау учаскелерін аралап көрдік. Солардың барлығында да түске дейін сайлаушылар дауыс беру бюллетенін алып, кабинаға кіру үшін кезекке тұрғаны, дауыс беруге адамдардың жауапкершілікпен, шынайылықпен қарағаны бізді таңғалдырды. Біз Қазақстандағы сайлауларға бұрын да байқаушы ретінде қатысқанбыз, Ресейде де сайлау өткізіп жүрміз, бірақ мұндай сайлау көрмеген едік,–деп мәлімдеді байқаушыларды бастап келген Челябі облысы әкімшілігінің аймақтармен қарым-қатынас жөніндегі басқармасының бастығы Виталий Шиков.
Байқаушылар кабинаға екі адамнан кіргендердің болғанын айтты. Бірақ оны да өздері «ереже бұзуға жатқызуға болмас» деп түзеді. Өйткені, сайлауға келген қарияларға көмек керек болғандықтан, олардың өтініші бойынша баласы немесе немересі кабинаға бірге кірген жағдайлар кездескен. Сонымен қатар, ресейлік байқаушылар сайлауға дайындықты да жоғары бағалады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.