Жапонияның Саппоро қаласында жалау желбіреткен VIII қысқы Азия ойындарында шаңғышы Ринат Мухин Қазақ еліне алғашқы алтын медальды сыйға тартты. Ол 15 шақырымдық жекелей сында алдына жан салмай, 41:25.3 секунд уақытпен мәре сызығын бірінші болып қиды.
Чемпионнан +4,5 секунд қалып келген жапон спортшысы Наото Баба күміс жүлде иегері атанса, Күншығыс елінің тағы бір шаңғышысы Акира Лентинг (+8.0) қола медальды қанағат тұтты.
Бұл қашықтықта бақ сынаған Сергей Черепанов, Николай Чеботько және Ердос Ахмадиев сынды шаңғышыларымыз, сәйкесінше жарысты төртінші, бесінші және алтыншы болып аяқтады.
Ақ Азиада чемпионы Ринат Мухин қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында жарыс туралы өзінің ой-пікірін былайша білдіріпті: «Бұл жерде бәсекелестік жоғары деңгейде болды. Әлем кубогы сынында үздік отыздыққа енген екі-үш қарсыластың болғанын естігенім бар-тын. Жалпы, өзіме деген сенімнің арқасында жеңіске жеттім. Егер де, Алматыдағы Универсиада мен Саппородағы Азиаданы салыстырар болсақ, біздегі жағдай қай жағынан алып қарағанда да артығырақ болды. Байқауымша, бұл жерде қысқы спорт біздегідей танымал емес сияқты».
Ақ Азиада додасында алғашқы алтын жүлдені алған Ринат Мухин 23 жаста. Қазір ол Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің магистранты.
Чемпион – спортшылар отбасынан шыққан. Әкесі Александр Мухин кезінде биатлоншы болыпты. КСРО чемпионатында жетінші орын алған көрсеткіші бар. Анасы Сәуле де жасында шаңғыны серік еткен екен.
Ринат Мухин жақында ғана Алматыда өткен XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ерлер арасындағы эстафета сынында күміс жүлде иегері атанған еді. Сол кезде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов шаңғышының табысын жоғары бағалап, оның жаттықтырушылары, яғни жеңімпаздың ата-анасы Александр және Сәуле Мухиндерге үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткен болатын.
Бұл күні жарыс жолына шыққан конькиші Денис Кузин 1000 метрлік қашықтықта күміс медаль алды. Сондай-ақ, Елена Коломина 10 шақырымдық шаңғы жарысында қола медаль иегері атанды. Еске салар болсақ, бұл шаңғышы бұдан бұрын спринтерлік сында ел қоржынына күміс медаль салған болатын.
Қысқы Азиададағы үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында төрт медаль бар. Жалпыкомандалық есепте біздің спортшылар төртінші орында келеді.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»