Бізге кейде басқалардың өмірі үшін өз басын бәйгеге тіге алатын көзсіз батырлардың заманы өтіп кеткендей көрінетіні бар. Бірақ толғауы тоқсан тіршіліктегі толып жатқан тосын оқиғалар осы ойымызды теріске шығаратын кездер де жиі кездеседі. Апат жағдайындағы адам толы әуе кемесін асқан шеберлікпен аман-есен қондырған ұшқыш, қарамағындағы сарбаздарға төтелей төнген қауіп-қатердің бетін қайтару үшін жарылған гранатаны кеудесімен жапқан командир, отқа оранған үйдің тұрғындарын құтқару мақсатымен тілсіз жаумен арпалысқан өрт сөндіруші секілді күнде қасымызда жүрген қарапайым қаһармандар қандай құрметке де лайық. Сыналар сәтте сыр бермеген сондай сойы бөлек азаматтардың қатарына жақында ғана жанқиярлықпен ерлік жасаған павлодарлық полицейлерді қоссақ, қателесе қоймаспыз.
Ақпан айының 17-сі күні облыс орталығында өтетін жас шахматшылар жарысына баратын баянауылдық балалар мен олардың жаттықтырушылары отырған автобус жүйткіп келе жатты. Жол ұзақ, әркім өз ойымен әлек. Сірә, алда болатын шаршы тақтадағы шайқастар санаға әлден салмақ түсіретін секілді. Анда-санда жандарындағы ағайларынан әлденелерді сұрап қояды. Кейбіреулері алаңсыз ұйқыға кеткен. Қаперлеріне ештеңе кірер емес.
Кенет тарс еткен қорқынышты дыбыс шықты да алдыңғы жақта отырғандардың бірі үрейлі үнмен шыңғырып жіберді. Терезелер быт-шыт болып, жоғарыдағы сөреде тұрған сөмкелер төменге құлады. Ащы айғай мен жылап-сықтаған дауыстардан құлақ тұнды. Бастапқыда балалар не болып, не қойғанын түсінбей қалды. Өздерінің өлім аузынан қалғандарын кейін білді.
Апат айтып келмейтіні аян. Бұл жолы да солай болды. Автобусты бастап алып келе жатқан патрульдік автомашинадағы Баянауыл аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Мұрат Нұрпейісов пен Баянбек Жүнісовтің де ойында ешқандай қауіп жоқ еді. Жерлес жеткіншектерді Павлодарға жеткізіп тастап, кері қайтпақ. Қалқаман ауылының тұсына ілінгенде рульде отырған Мұрат қарсы алдарынан жақындап қалған «КамАЗ»-ды көрді. Алғашында абдырағанмен бойын тез жинап үлгерді. Жүз күдік жаулаған санасында жалғыз үміт жалт етті. «Ауыр соққыны өзімізге алсақ, автобустағылар аман қалады. Тәуекел...». Жанындағы Баянбектің жанарынан да осы ойды оқыды.
Қорқынышты жеңген қос қыран сөйтіп мінген көліктерін сол сәтте жаналғыштай көрінген дөңгелекті дүлейдің алдына кесе-көлденең тартты.
Оқыс оқиғадан онша зардап шекпей есен-сау қалған он сегіз жеткіншек пен олардың төрт ұстазы бүгінде өздерін ажалдан арашалап қалған өжет полицейлерге алғыстарын жаудырып, ауыр жарақатпен ауруханада жатқан Мұрат Нұрпейісовтің жазылып шығуына тілектестіктерін білдіру үстінде.
– Екі азаматтың қызмет бабындағы ерліктерін ешқашан ұмытпақ емеспіз, – дейді Тұрсын Сәтжанов шәкірттері атынан да жылы лебізін жеткізіп.
Педагогтардың айтуынша, балаларға медициналық және психологиялық көмектің қажеті бола қоймапты. Облыстық спартакиадада ойдағыдай өнер көрсетіп, шахматшылар сайысында көшбасшылар қатарынан көрініпті.
Қазір қалалық №1 аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан Баянауыл аудандық ІІБ старшинасы Мұрат Нұрпейісов таяуда есін жиып, ептеп тілге келді. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Тиісті ота жасалып, емдеу шаралары жүргізілуде екен. Консилиум қорытындысына сәйкес, ол енді Астанадағы ірі медициналық мекемелердің біріне жеткізілуге тиіс. Бірақ, ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл мәселе әзірге шешімін таппай тұрған тәрізді.
Біз де аталмыш ауруханада болып, Мұраттың жары Әселмен кездестік. Әңгіме үстінде ол жұбайының сөйлеп жатқанын қуанышпен жеткізді.
М.Нұрпейісов 1978 жылы туған, ішкі істер органдарында 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Үш баласы бар. Ал оның қасындағы серігі Баянбек Жүнісов жарақаты жеңілдеу екендігін алға тартып, ақ халатты абзал жандардың жәрдеміне жүгінбепті.
Ал жол апатына себепкер болған «КамАЗ» жүргізушісі Қуаныш Нұрғазин өз кінәсін толықтай мойындап, полицейлердің туыстарынан кешірім сұрап жүрген сыңайлы.
Иә, бейбіт күннің батырлары арамызда жүр. Біз олардың батылдығына бас иіп, ерліктерін бағалай білуіміз керек.
Ерлік есеппен жасалмайды. Қайсар мінез қажет кезінде көрінеді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»