Елбасы биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалайық!» атты Қазақстан халқына Жолдауында «...Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару қажет. Өткен жылы жаңа әлеуметтік жоба – мамандандырылған емдеу-диагностикалық екі «Денсаулық» пойызы жұмысын бастады. Олар еліміздің ең шалғай түкпірлерінде ондаған мың адамдардың денсаулықтарын тексеріп, ем жасады. Қазақстан үшін көліктік медицина өте көкейкесті, сондықтан біз оны дамытатын боламыз. Биылғы жылы тағы бір пойыз жіберілетін болады. Жұмылғыш медициналық кешендер-автоклиникалар санын 50 бірлікке дейін жеткізу қажет. Оларды шығару Қазақстанда жүзеге асырылуға тиіс» – деп атап көрсеткен болатын. Міне, осындай Қазақстанда түңғыш рет жасақталған, ТМД елдерінде теңдесі жоқ жылжымалы клиниканы «Асар-Береке» қоғамдық қайырымдылық қоры – дүние жүзінің оннан астам елінен 50-ге жуық онкология саласының көрнекті ғалымдары мен білгір мамандары қатысқан Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының 50 жылдығына арналған халықаралық конференцияда таныстырылымын өткізген-ді. Сол жолы бізге де аталмыш автоклиниканы жақынырақ көріп-біліп, танысуға мүмкіндік туып, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қоры мен «Асар-Береке» қоғамдық қайырымдылық қорының жетекшісі Дариға НАЗАРБАЕВАҒА жолығып, дөңгелектегі медициналық диагностикалық кешеннің мақсаты, алдағы іс-жоспарлары жайында тереңірек білудің реті келген-ді.
– Дариға Нұрсұлтанқызы, шалғай ауылдағы ағайындарға қолайлы да өте тиімді мұндай қондырғыны жасақтап шығаруға не түрткі болды?
– Баршаға аян, бүгінде онкологиялық жағдай әлемде ең дамыған, экономикасы өсіп-өркендеген елдерде де өзекті де күрделі мәселенің бірі. ДДҰ-ның мәліметі бойынша, жыл сайын жаңадан 12 млн. адам қатерлі ісікпен тіркеледі екен. Әрине, бұл қорқынышты жағдай біздің елімізге де жақсы таныс. Бүгінде мемлекетіміз адам өмірін осы бір тажал аузынан алып қалу үшін облыстық онкодиспансерлер мен ғылыми-зерттеу институтын қазіргі заманауи диагностикалық және емдеу қондырғыларымен, аппаратуралармен жасақтап, химиялық препараттарды сатып алуға қыруар қаражат бөлуде. Соған қарамай, науқас саны азаймай отыр. Мәселен, Қазақстанда қатерлі ісіктен 2009 жылы 17 мыңнан аса адам қайтыс болса, олар – біздің жақындарымыз, достарымыз, әріптестеріміз, көршілеріміз. Міне, осы қатерлі дертпен тек мемлекет пен медицина жалғыз күресе алмайтынына көзіміз жетті. Оның үстіне бүгінде мамандар қатерлі ісікті қаншалықты ерте анықтаса, емнің тиімділігі артып, тіпті бірінші сатысында құлан-таза айығып кетуге болатынын айтуда. Өзіңіз білесіз, біздің еліміздің жер көлемі ауқымды, халықтың орналасу тығыздығы да әр қалай. Мәселен, ең шеткі шалғай жерлерде орналасқан ауылдарға медициналық көмек қолжетімді емес. Міне, осындай және басқа қадау-қадау мәселелер бұрнағы жылы «Асар-Береке» қоғамдық қайырымдылық қорын құруға мұрындық болып, шалғай елді-мекендегі халыққа арнайы жылжымалы медициналық диагностикалық кешен жасақтап, ауруды ерте анықтауға көмектесуді ұйғардық. Өйткені, ауруды неғұрлым ерте анықтау – өзіңіз білесіз, жарты жетістік.
Осылайша, 2009 жылдың қыркүйек айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті қорының қолдауымен, Қазақстан-Ресей медициналық университеті мен аймақтық денсаулық сақтау департаменттерімен тығыз әріптестік жағдайында ұйымдастырылған бірінші «КамАЗ» көлігіне диагностикалық орталық жинақтап, алдымен балалар және мүгедектер үйлерін, пансионаттарда тұратын еңбек және соғыс ардагерлерін тексеруді бастадық. Кейіннен облыстардағы ең алыс ауылдарды аралауға кірістік. Онда тек қатерлі ісік ғана емес, басқа да бірқатар ауру түрлеріне диагностика жасалды. Біз бұл жеткен жетістігімізді ары қарай жалғастырып, 2010 жылы одан да жетілдірілген, мүмкіндігі ауқымды, ұзындығы бес метрлік тағы бір арнайы «Хово» көлігін жабдықтап шығардық. Жаңа көлік ең соңғы сандық қондырғылармен жарақтанып, бір мезетте он адамды тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсете алады, қажет болса, операция да жасайды. Сондықтан бастапқы кезде бұл көлікпен жұмысты жүргізе аламыз ба, алмаймыз ба деп оны жарнамалауға асықпадық. Нәтиже болған соң ғана бүгін жария етіп отырмыз. Сөйтіп, әлемдегі осы кеселмен күресіп келе жатқан медицинаның ең бетке ұстарлары жиналған жиынға осы жылжымалы клиникамызды мақтанышпен көрсеттік.
– Енді жылжымалы кешеннің жұмысына толығырақ тоқталсаңыз.
– Жылжымалы клиникада ең бастысы, адамның ішкі ағзаларын тексеретін жапондық соңғы ультродыбыстық аппарат (УЗИ), өзімізде жасалған реанимациялық консуль, кардиологтың жұмыс орны, гинекологиялық орындық, лабораториялық зерттеу, дәрігердің жуынатын, демалатын жері бар. Ал жүк салатын орын астыңғы қабатқа орналасқан. Бір айта кетерлігі, дәл мұндай жасақталған дөңгелектегі диагностикалық кешен ешбір елде жоқ. Әрине, Еуропада, Америкада, Ресейде жеке жобаларға арналған жиынтық дөңгелектегі автокөліктер бар болғанмен, бірақ біздегідей барлығы бір жерге жинақталған клиника ешкімде жоқ.
– Клиниканың ішін аралап көрдік. Шындығында да дәрігердің жұмыс жасауына да, тексерілуге келген науқасқа да барлық жағдай жасалған екен. Енді алғашқы нәтижелеріңізбен бөліссеңіз.
– Жоғарыда айттым ғой, қатерлі ісіктен қорықпайтын адам жоқ. Қазіргі кезде мемлекетіміз осы ауруға шалдыққан науқастарға үлкен жәрдем беріп жатқанмен, ол көмектің әр адамға жетпеуі мүмкін. Ал біз осындай арнайы жабдықталған «КамАЗ» автокөлігімен алғашқы бір жыл ішінде 40 мың шақырым жол жүріп, жүздеген елді-мекенді аралап, 16 мыңға жуық адамды тегін медициналық тексеруден өткіздік. Олардың 6 мыңын жасы отыздан асқандар құраса, 58-інде онкопатология көрсеткенімен, 15 адамнан онкологиялық ауру тапты. Мұның өзі үлкен нәтиже емес пе!?
– Қандай облыстарда, аймақтарда болдыңыздар? Ауылдағы жағдай қалай екен?
– Алматы облысының шалғай аймақтарын түгел дерлік аралап шықтық. Жамбыл, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының да алыс ауылдарында болдық. Алдағы уақытта аяғымыз жетпеген басқа да елді-мекендерге баруды жоспарлап отырмыз. Әрине, бір көлік барлық елді-мекенді қамти алмайды ғой. Бізде осындай көлік саны көбейсе деген тілегіміз бар. Көрдіңіздер ғой, бір ғана жылжымалы клиника көмегімен жылына 16 мың адам денсаулығын тексертіп, арнайы маманның кеңесін алып, емделіп отыр. Егер мұндай көліктің саны көп болса қаншама науқасты емдеп, қаншама аурудың алдын алған болар едік. Бүгінде дәрігерлердің осы жасаған үлкен жұмысы мен үшін мақтаныш сезімін туғызарын жасырмаймын.
– Осындай ауқымды дөңгелектегі клиниканы жасақтауға қанша қаражат қажет?
– Алдыңғы құрастырып жасалған «КамАЗ» көлігіміз 140 мың долларға түссе, екінші «Хово» көлігіне одан екі есе қаражат кетті. Дәлірек айтсақ, 253 мың доллар. Ал көлікті бізге Алматы қаласы мәслихатының депутаты Құсман Шалабаев аға сыйға тартты. Ол кісіге көп рахмет.
– Ауыл халқы қалай қабылдады?
– Әрине, үлкен қуанышпен қабылдап, рахметтерін айтуда. Қазір аз халық тұратын кішкене ауылдарда дәрігерлік амбулаториялар қысқаруда. Болған күнде ол жерлерге білікті дәрігерді апару қиын. Ал біздің жағдайымызда бірнеше арнайы маман бір жерге шоғырланған. Екіншіден, бұл көлік кез келген жерге тоқтай қалып, операция да жасай алады. Ауруларды тексеріп, анализдерін қолдарына ұстатады, әрі емделуге кеңес береді. Ағартушылық жұмыстарын да жүргізіп, парақшалар, кітапшалар таратады. Әрине, мұндай жағдай елдің көңілінен шығары хақ.
– Дариға Нұрсұлтанқызы, сонда «Асар-Береке» қайырымдылық қоры Қазақстанның Тұңғыш Президенті қорының аясында құрылып отыр ма?
– Жоқ. «Асар-Береке» бұл өз алдына қайырымдылық қор. Оны өзім құрдым. Қазір екі қорды да басқарамын. Екі қор жиналып, осындай қайырымдылық жұмысын жасап отыр. Біз бірқатар облыстарда болғанмен, барлық ауылдарды қамти алған жоқпыз. Бұл алдағы жоспарымызда бар. Мұндай көліктер көп болған сайын, елді-мекендерді көп аралап, адамдарға мейлінше көбірек көмек беретін боламыз. Меніңше, өзіміз барған ауылға жылына бір рет барып тұрсақ, ол керемет көрсеткіш болар еді. Дәрігерлер неге жылына бір рет тексерілуге үгіт жасайды дейсіз. Өйткені, былтыр барғанда ауру белгісі табылмаса, жыл бойына ол адам ауырмайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл осылай үздіксіз еңбекті көп қажет ететін жұмыс. Сондықтан алда атқаратын жұмыс көп. Қазақстанда 7 мың елді-мекен болса, міне, соларды жылына бір рет аралап, адамдардың денсаулығын тексеріп отырса дейміз. Олай дейтінім, үкіметімізге шағын ауылдарда аурухана ашып, дәрігерлерді ұстау өте қымбатқа түседі. Меніңше, біздерге қол қусырып, мемлекет осындай көлік жасақтайды деп отыра беруге болмас. Алдағы уақытта елімізде ең болмаса екі-үш ауданға осындай көлік жүріп тұрса, онда үкіметке де, халыққа да тиімді болар еді. Халықтың жағдайы әртүрлі. Олардың арасында қаражаты болмай, қалаға, аудан орталығына келіп тексеріле алмайтындар баршылық. Ондай кезде ең шеткі ауданның ең шеткі ауылындағы халыққа жоғары технологиялық жабдықталған, әрі барлық маман дәрігерлері бар кешен есігінің алдына келіп тұрса ғанибет емес пе. Халық жер түбіне барып шаршамайды. Адам денсаулығын тексеріп, аурудың алдын алса, ауырғаннан гөрі сақтанған тиімді. Мұнда бәрі компьютерленген. Барлық тексерілгендерді компьютерге енгізіп, аудандық, облыстық емханаларға әкеліп табыстап, «мына адамдарды шақыртасыздар, мына адамның науқасы осындай» деп ескертеді. Бұл қарапайым адамға таптырмайтын тамаша жоба.
Қазір елімізде қайырымдылық көмек көрсетіп, болмаса мешіт салып жатқан ағайындар, меценаттар саны баршылық. Олар да осындай көлікті ұйымдастыруға атсалысса деймін. Егер ондай қол ұшын беретіндер табылып жатса, біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Алдағы уақытта мемлекетіміз осындай 50 жылжымалы медициналық орталықты шығаруды жоспарлап отыр.
Мен бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, осы істің басы-қасында жүрген дәрігерлерге, басқа да қызметкерлерге рахметімді айтып, басымды иемін. Ойлап қараңызшы, олар отбасыларын тастап, ұзақ уақытқа кетеді. Оның үстіне ылғи жолда жүреді. Шынында да, бұл үлкен қажырлы еңбек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
____________________________________
Суреттерді түсірген Ю.БЕККЕР.