22 Ақпан, 2017

Өңірдегі өркенді істер

187 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің халық алдындағы есеп беру кездесуі болып өтті. Аталмыш іс-шараға Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов пен Парламент Сенатының депутаты Сергей Ершов қатысты. Сондай-ақ, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен ақпарат құралдарының өкілдері жиналды. Селекторлық режімде облыстың барлық аудандары мен қалалары қосылған кездесу ресми сайтында және фейсбуктегі «Сарыарқа» парақшасында онлайн режімде алғаш рет жүргізілді. Алқалы жиында өткен жылдың оң нәтижелері мен алда­ғы жос­парлы міндеттер жайы кеңінен тал­қыланды. Қазақстан өнеркәсібінің қа­ра шаңырағы болып сана­ла­тын Қарағандының атқарушы ор­гандары мешін жылында ме­же­леген жұмыстар «Қазақ­стан-2050» стратегиясында, бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен Қазақстан халқына жыл сайын­­­­ғы Жолдауларында ел Пре­зиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қойған міндеттерді ше­шуге және реформаларды жал­ғастыруға бағытталған. Айталық, тұрғын үй құры­лысы, агроөнеркәсіп кешенін дамы­ту, шағын және орта бизнесті қол­дау жөніндегі мемлекеттік бағ­дар­ламаларды іске асыру үшін қойылған нақты міндеттер был­тырғы жылы экономикалық даму­дағы басым бағыттар болды. Мысалы, өткен жылы эконо­микалық өсім 1,3 пайызға қам­тамасыз етіліп, аймақтың жалпы өңірлік өнімі 3,3 трлн теңгені құ­рапты. Бұл – республика бой­ынша 4-ші орынға табан тіреген толайым табыс пен көлемді көрсет­кіш. Өнеркәсіпте, ауыл ша­руа­шы­лығында, көлік қызметінде, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, қаржы саласы және басқа да бірқатар көрсеткіштер бойынша жүйелі жұмыстар атқарылған. Нақты көрсеткіштер бойынша, орташа жалақы 9,4% пайызға өскен және 123 мың теңгеден асқан. Аймақ басшысы мәлім ет­кендей, өндірісі мен өнеркәсібі өркен жайған аймақ ретінде Қарағанды 2016 жылғы өнер­кәсіптік өндіріс көлемін 1,9 трлн теңгеге жеткізіп, 2015 жылға қарағанда 4,9%-ға арттырған. Өңірдің өрістеуіндегі бірқатар көрсеткіштердің оң сер­пін алуын былтырғы жылғы шы­ғарылған тауарлардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі – 1,5 трлн теңгені құрағандығынан-ақ анық аңғаруға болады. Сонымен бірге, 2016 жылы аймақта кәсіпкерлікті дамыту бой­ынша жалпы құны 141 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылған. Жыл ішінде 141 млрд теңгенің өнер­кәсіптік өнімі шығарылса, бұл 2015 жылғы көр­сеткішке қарағанда 50 млрд тең­геге артық көрсеткіш. Облыста тоқтап қалған 5 кә­сіпорынның жұмысы жан­дан­ды­рылғандығын да жылдық есептен естіген еселі еңбек деп түйдік. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 2016 жылы 315 млрд теңгені құрап, бұл қар­жының төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне жұмсалыпты. Есепті мәліметтер бойынша, кен өндіру саласына тартылатын инвестициялар – 31,6 пайызға, ауыл шаруашылығында – 25,3 пайызға, тұрғын үй құрылысында 3 пайызға ұлғайған. Бұған мем­лекеттік қолдау шаралары, «Нұрлы жол» бағдарламасы, дағдарысқа қарсы қабылданған шараларды іске асыру ықпал еткені сөзсіз. Нұрмұхамбет Әбдібеков өз баяндамасында, сондай-ақ, 2017 жылы 350 млрд теңге инвестиция тарту міндеті алға қойылып отырғандығын, трансұлттық ком­панияларды тарту бойынша жұмыстар жалғасатындығын мә­лімдеді. Сұрақ қоюшылардың ішінде Теміртау тұрғыны Наиль Шавалеев аймақ басшысынан оң жа­ғалауды ескі қаламен бай­ланыстыратын көпірдің қашан жөнделетінін сұ­рады. Оның айтуынша, үш жыл­дан бері көпір мүлдем абат­тандырылмай келеді және нашар жағдайда. Облыс басшысы аталған көпірдің жөнделетініне сендірді. 2017 жылы Теміртауда көлік жол­дарын жөндеуге 2 млрд теңге бөлінбек. «Үстіміздегі жылы Темір­тау, Балқаш, Жезқазған сияқ­ты ірі қа­лаларда жол инфра­құрылымына баса назар аудары­латын болады. Жақында Темір­­­тауда қала әкімінің есеп бе­руінде болдым. Халық ал­дын­да баяндама жасадық – 2 млрд теңгеге жуық қаржы жол ин­фра­құрылымына жұмсалмақ. 30 шақырымнан астам автокөлік жолдары жөнделеді. Бұл көпір де жөндеу аймағына енеді», деді Нұрмұхамбет Әбдібеков. Кездесу барысында әкімге ха­лық тарапынан отызға тар­та сұрақ қойылды. Сұрақ қоюшылардың барлығы де­рлік қанағаттанарлық жауап алды, сонымен қатар, өңір бас­шысының жемісті жұмыс­ына алғыс білдірушілер де болды. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы