Тәуелсіздік алып, аяқты апыл-тапыл басқан, оның үстіне, дағдарыстың қытымыр уысына түскен 1995 жылдардың өзінде-ақ республикалық бюджетке «донор» бола алған Маңғыстау облысы арада өткен жылдарды тек дамуға арнады, алдына қойған жоспар-межелерді бағындыру бағытынан айныған жоқ.
Бүгінде өндірісі өркендеу жолын таңдаған, түбектің төрінде халқының саны өсіп, сайын даласының ойы мен қырында төрт түлік малының басы көбейген, ақшаңқан үйлер көкке бой созып, түрлі нысандар жарыса қанат жайған өңірдің тыныс-тіршілігі қалыпты дамып келеді.
Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев облыстың 2016 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2017 жылға арналған міндеттері туралы есеп беру кездесуінде өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсаттар туралы құлағдар етті. Алдымен тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде еліміз қол жеткізген жетістіктерге шолу жасаған әкім «өңірлердің қуаттылығы – тұтас Қазақстанның қуаттылығы» екендігін назарға салып, әлеуметтік-экономикалық ахуалы, даму әлеуеті жағынан республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың бірі саналатын Маңғыстау өңірінің жай-жапсарын, өлкедегі шешілген және шешімін таппаған мәселелерді жұрт назарына ұсынды.
Айтуынша, 2015 жылды қорыту кездесуінде тұрғындар тарапынан түскен 200-ге тарта сұрақты талдай келе, облыста әлеуметтік сала мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауылдық елді мекендерді көркейту, жұмыссыздық сынды мәселелердің маңыздылығын анықтаған. Бір жыл ішінде бұл мәселелердің біразы шешімін тапса, Бейнеу ауданындағы 400 орындық политехникалық колледж ғимаратының құрылысы, Маңғыстау ауданы Ащыбұлақ шағын ауданына ауыз су құбырын тарту, Мұнайлы ауданында орталық аурухана құрылысын салу жұмыстары шешілмеген. Әкім алдағы уақытта бұл мәселелердің бюджет қаржысының мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетіндігін айтты.
25 жылда облыс тұрғындарының саны екі есеге өсіп, 640 мың адамды құрап отыр. Ішкі өңірлік өнім 2 триллион теңгеден асты. Өңір дамуына 4 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның тең жартысы соңғы төрт жылда салынды. Орта және шағын бизнестің ішкі өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 32%-ға дейін өсті. Облысымыздағы тұрғын үй қоры 6 миллион шаршы метрге көбейді. Оның 3 миллионнан астамы соңғы 5 жыл ішінде қолданысқа берілді. Ауылдық елді мекендердің қарқынды дамуына баса көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда әр ауылда газ, байланыс жүйесі, телевидение және интернет бар. Орталық ауыз сумен қамту көрсеткіші ауылдарда 53%-ға дейін өсті. Халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған іс-шаралар нәтижесінде еңбек нарығының барлық көрсеткіштері бойынша оң динамикаға қол жеткізілді, деді аймақ басшысы.
Жақсы нәтижеге қол жеткізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламаларының ықпалы зор болған. 25 жыл ішінде облысымызда 27 денсаулық сақтау ұйымы, 229 балабақша мен 64 мектеп іске қосылса, апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешілген, сондай-ақ, ақысыз кәсіптік-техникалық білім беруді қамтамасыз ету базасы құрылды. «25 жылда облысымыз әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары сатысына көтерілді», деп облыстың 25 жылдағы қол жеткізген жетістіктерін, даму сатыларын баяндаған А.Айдарбаев 2016 жылы жұмыстың өңір дамуының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, Елбасы мен Үкімет берген тапсырмаларды орындауға бағытталғандығын жеткізді. Былтыр сыртқы экономикалық факторлар өңір экономикасының бірқалыпты дамуына өз әсерін тигізген. Мұнай секторындағы ахуалға байланысты өнеркәсіп өндірісі 3%-ға төмендесе, инвестиция көлемі де 15%-ға азайды. Бірақ, өңір дамуының басқа көрсеткіштері бойынша көңіл көншітетін нәтижелер бар – дайын металл бұйымдар, химия және жеңіл өнімін шығаратын «Каспиан Оффшор», «Ерсай», «ГММОС Қазақстан», «Ақтауойлмаш», «Актау Нефтесервис», «ҚазАзот» сияқты кәсіпорындар арқасында өңдеу өнеркәсібінің көлемі 11%-ға пайызға артып, 132 млрд теңгені құрады. «Шағырлы-Шөмішті» газ кен орнының пайдалануға берілуі табиғи газ өндіру көлемін 14%-ға арттырып, 3 млрд текше метрге дейін өсірген. Сол сияқты құрылыс жұмыстарының көлемі 8 млрд теңгеге көбейді. Облыста 2015 жылмен салыстырғанда 10%-дық өсіммен 709 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жаңа 25 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Өңір өзінің стратегиялық даму бағыттары ретінде көлік логистикасы, құрылыс, туризм, әлеуметтік сала мен мұнай-сервис кластері, агроөнеркәсіптік кешен бағыттарын анықтаған. Әр бағытқа жеке тоқтаған А.Айдарбаев өңірдегі «Ақтау халықаралық теңіз-сауда портын солтүстік бағытта кеңейту, жол, ауыз су, спорт, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, т.б. маңызды мәселелерге тоқталып, оларды шешу үшін жасалып жатқан жұмыстарды баяндады.
Тікелей эфир арқылы таратылған кездесуде қатысушылармен бірге, аудан-қалалардан телефон арқылы сауалын, ұсыныс-пікірін жолдағандар болды. Кездесуде түскен тұрғындардың сұрақтарына алдағы уақытта жауап берілмек. Өңір азаматтары аймақ басшысының жасаған жұмыстарын оң бағалап, алдағы күндерге сәттілік тіледі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Суретті түсірген
Серік МАЙЕМЕРОВ