Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқу бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет», дей келіп, мұғалім деңгейін көтеруді, ауыл мектебі мен қала мектебінің арасындағы алшақтықты азайтуды тапсырды.
Міне, осы игі істі атқару жұмысында білім қызметкерлері, оның ішінде мұғалімдердің ізденісі бөлек деуге болады. Біз жақында Астанадағы №74 мектеп-
гимназиясында болған ашық сабаққа қатысқан едік. «Алаш арыстарының білім берудегі әдіс-тәсілдерімен Н.Оразақынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының сабақтастығы» тақырыбында өткен семинарда ұстаздар өздерінің келелі ойларын ортаға салып, сабақ беру тәсілдері бойынша пікір бөлісті.
7 «Б» сыныбындағы орыс тілі пәні бойынша ашық сабақ «Сын есімін морфологиялық талдау» деген тақырыпта өтті. Тәжірибелі ұстаз Алтынай Мұқашева сабақ бастамас бұрын оқушыларды екі топқа бөліп отырғызды. Бұдан кейін
оқушылар үйге берген тапсырманы қайталап, әр сөзді сөз табына қарай, әсіресе, сын есімге қатысты тұстарға байланысты түсініктерін айтып жатты. Арасында қазақ тілімен байланыстырып отыру да назардан тыс қалмады. Үй тапсырмасын пысықтауда екі топқа бөлінген оқушылар өзара пікір алмасып, кей сөздердің мағынасын талдауға мүмкіндік алды. Жаңа сабақта әр сөздің астарына үңіліп отырған оқушылардың ізденісі сүйсіндірді.
Айталық, «притча» сөзінің түпкі мағынасын морфологиялық жағынан талдағанда, қазақ ұғымымен ұштастырып, оның тәмсіл, нақыл, өсиет деген мағына білдіретінін, осыған қатысты ұлттық үлгідегі өнегелерді, әсіресе, ата-бабаларымыздың салт-санасына қатысты көріністерді техникалық құралдармен көрсетіп отырды. Екі топқа бөлінген оқушылар әр сөзді морфологиялық талдау бойынша теорияға сүйене отырып, тәжірибе жүзіндегі мысалдарға жүгінді. Топ жетекшілері сыныптастарының білім деңгейін сабақ үстінде бағамдай отырып, қай жерде кемшілік жібергенін де атап жатты. Сөйтіп, олар сыныптастарының үй тапсырмасына, жаңа сабаққа қатысуына қарай бағалар қойды. Ал бұл бағаларға келісу, келіспеу жайын-
да әр оқушы өздері түсінік беріп, жетістіктері мен мүлт кеткен жерлерін толықтырды. Біз бұл сабақ үрдісін осыдан біраз жыл бұрын қазақ педагогикасының айтулы тұлғасы Қанипа Бітібаеваның сыныбында болғанда көрген едік. Шынына келгенде, үйрене алсақ, қазақ ұстаздары да әлемдік педагогиканың озық жетістіктерін өз пәндеріне пайдалана алады екен. Жаңа сабақты қайталай келіп, үйге берілген тапсырмадан соң бір оқушы өзінің сыныптастарынан сабақтың қалай өткені туралы теледидар жүргізушісіндей сұхбат алып жатты. Тіпті, сабаққа қатысып отырған қала мұғалімдерінің де пікірін сұрады. Бір риза болған тұсымыз, ұлдар мен қыздар қазақ тілін, орыс тілін кей тұста ағылшын тілімен ұштастырып, үш тілді тең меңгеріп келе жатқанын аңғартты. Осы арада мына бір ойымызды ортаға сала кетсек дейміз. Қазақ мектептеріндегі оқушылар ана тіліне жетік екен. Өйткені, қажеттілік болған соң осылай үйренсе керек. Ал қажеттілік болмаған тұста әрине ана тілі қағыс қала береді.
2«Ә» сыныбында өткен әдебиет сабағында бүлдіршіндер білімге ынталы екендігін көрсетті. Өткен сабақта «Жұлдыздар» ертегісі оқытылып, үйден қайталап келу тапсырылыпты. Үш топқа бөлінген бастауыш сынып оқушылары халық ертегісіндегі оқиғаларды жарыса айтып, әр топ тақырып, жанр бойынша тапсырмалар орындады. Бұл сыныпта да оқушылардың еркін отыруы, арасында телеэкраннан мультфильмдер көрсетіп, ондағы жаттығулар арқылы сергітіп алу да ойластырылған. Жаңа сабақтың тақырыбы «Қарлығаш пен дәуіт» деп аталды. Ертегінің оқиғасы бейнероликте көрсетілді. Осыдан кейін бала санасына кейбір түсініксіз сөздер, яғни «арашашы», «масайрап», «көзді ашып-жұмғанша» секілді сөздер түсіндірілді. Ертегі бойынша қайталау жұмыстары жүргізілді. Онда «Ертегінің авторы кім?» деген сұраққа оқушылар халық ертегісі деп жауап берді. Шығарманың тақырыбы, жанры, идеясы да мұғалімнің түсіндіруі бойынша қайталанып жатты. Топтық жұмыс кезінде ертегінің ішіндегі айтылатын текстер бойынша сұрақ-жауап өріс алды. Жақсы мен жаман қатар айтылатын тұсты әңгімелей келіп, мақал-мәтелдермен ұштастыру да әдемі шықты.
Сабақ үстінде оқушыларды бір сарындылықтан арылту үшін ойындар ұйымдастырылды. Сабақты қорытындылау кезінде тақтадағы ілулі тұрған төрт жұлдызшаны төрт оқушы алып, артындағы жазуларды оқығанда: «Сабақ не туралы болды?», «Сабақ ұнады ма?», «Не үйрендің? Қай сөз қиындық тудырды?», «Сабақтан қандай әсер алдың?» деген сұрақтар жазылыпты. Оқушылар бұған бірінен кейін бірі жауап беріп, түсініксіз жерлерін мұғалімін қатыстыра отырып айтты. Сабақ соңында топ жетекшілері сыныптастарының жауабына өз бағаларын беріп жатты.
Осы екі сабақтан аңғарғанымыз, қазір баяғы кеңес дәуіріндегідей емес, сабақ өту әдісі өзгерген, оқушылар еркін отыруға, өз ойын толық жеткізуге мүмкіндік алған. Оның үстіне, ол кездегі мұғалімдердің оқу құралдары, әдістемелері, тәжірибе жүзінде көрсететін заттары аз болатын. Қазіргі техника дәуірлеген заманда небір жақсы әдістемелерді жарнамалайтын құралдардың мол екені, түрлі роликтердің де жетіп артылатыны байқалды.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»