20 Ақпан, 2017

Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының жиыны өтті

359 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
17-18 ақпанда Алматы қаласында аталған федерацияның атқарушы комитетінің бюро отырысы өтті. Жиында күрес түрлерінен Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командаларының бас жаттықтырушыларын тағайындау және басқа да мәселелер қаралды. Қазақстан Республикасы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының жалпы мәселелер бойынша вице-президенті, федерация атқарушы комитеті бюросының төрағасы   Данияр Абулғазиннің басшылығымен өткен  отырыста ел күресіне байланысты бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, ұлттық құрамалардың бас жаттықтырушылары Таңат Сағындықов (грек-рим күресі), Асқар Әбдірашев (еркін күрес, аға бапкер), Қайрат Сағадиев (әйелдер күресі, бас бапкер) өткен олимпиялық төртжылдық циклдегі атқарылған жұмыстар жайлы қорытынды баяндамалар жасады. Отырыста  Қазақстан Республикасы грек-рим күресі Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысын тағайындау мәселесі бойынша федерацияның грек-рим күресі жөніндегі вице-президенті Дәулет Тұрлыханов сөз алып, аталған қызметке Нұрым Дүйсеновті тағайындауды ұсынды. Нұрым Сапарұлы Дүйсенов 2014 жылға дейін грек-рим күресінен жастар құрамасының аға жаттықтырушы қызметін атқарған, оның бапкерлік мол тәжірибесі және балуандар арасындағы беделі де жоғары. Сонымен қатар, Дәулет Тұрлыханов Ұлттық құраманың бапкерлер штабына Серік Жұмашевты ҚР ҰҚК аға жаттықтырушысы, Бақтияр Байсейітов пен Георгий Цурцумияны ҚР ҰҚК жаттықтырушылары, Мейірхан Рахметовті ҚР грек-рим күресінен мемлекеттік жаттықтырушысы ретінде енгізуді ұсынды. Аталған шешімдерді атқарушы комитет бюросы мақұлдап, бекітті. Қазақстан Республикасы еркін күрестен Ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысын тағайындау мәселесі бойынша федерацияның еркін күрес жөніндегі вице-президенті Е. Қожасбай сөз алып, аталған қызметке Әсет Серікбаевты тағайындауды ұсынған болатын. Әсет Хамитұлы Серікбаев Ұлттық құраманың мемлекеттік жаттықтырушысы болып жұмыс істеген, балуан ретінде 2007 жылғы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Сондай-ақ, Ерлан Қожасбай еркін күрестен Ұлттық құраманың бапкерлер штабына Марат Ерденовті ҚР ҰҚК аға жаттықтырушысы, Аслан Байғұловты ҚР ҰҚК жаттықтырушысы, Мейірбек Юсуповты жаттықтырушы-кеңесші, Дастан Қанатқановты ҚР еркін күрестен мемлекеттік жаттықтырушысы ретінде енгізуді ұсынды.  Аталған ұсыныстарды атқарушы комитет бюросы мақұлдап, бекітті. Әйелдер күресінен Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының аталған кезеңдегі нәтижелеріне сәйкес, бюро жаттықтырушылар құрамын өзгеріссіз қалдыру жөнінде шешім қабылдады. Енді санаулы күндерден кейін 25 ақпан мен 1 наурыз аралығында Шымкентте күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтеді. Еліміздің барлық аймағынан жиналатын балуандар бәсекесінен кейін Ұлттық құрама жасақталады. Чемпионатта үздік нәтиже көрсеткен спортшылар халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады. Қайрат Әбілдинов