22 Ақпан, 2017

Депутаттар БЖЗҚ қаржысы туралы есеп беруді талап етуде

155 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ұлттық банкінен 2014-2016 жылдары Зейнетақы қорындағы қаржының қайда инвестицияланғаны туралы мәліметті ұсынуды талап етті. Бұл туралы пленарлық отырыста төменгі палата депутаты Майра Айсина депутаттық сауал жолдады. «Біздің депутаттық сауал Үкімет басшысы мен Ұлттық банк төрағасына бағытталады. Өңірлерге жасаған сапарымызда халықты толғандырған мәселелердің бірі Зейнетақы қорындағы жинақ екенін байқадық. Сонымен қатар, жалпы БЖЗҚ тағдыры туралы. 20 ақпан күні ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау елдің темір жол саласына қордан 50 млрд теңге бөлінетіні туралы айтты. Осыны ескере отырып, 2014-2016 жылдары БЖЗҚ қаражаты қандай қаржы ұйымдарына берілгені туралы мәлімет берулеріңізді сұраймыз», — деді депутат. Естеріңізге сала кетейік, 20 ақпан күні ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау елдің темір жол саласына қордан 50 млрд теңге бөлінетіні туралы айтқан еді. Артынша, бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңес қор басшылығынан бұл сөздің қаншалықты рас екені, егер рас болса, қаржы қандай шарттармен берілетінін түсіндіруді талап еткен еді.