ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң жалпы отырысында депутаттар «Коллекторлық қызмет туралы» ҚР заң жобасын екiншi оқылымда мақұлдады. Аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобына 300-ден астам ұсыныс келіп түскен. Олардың барлығы талқыланып, бiрқатар түзету енгiзiлдi. Жаңа түзетулерге сәйкес, коллекторлық агенттiктiң не кредитордың борышкердiң берешегiн сотқа дейiнгi реттеу айқындалды, борышкердiң өз берешегiн сотқа дейiнгi тәртiппен реттеу құқығы белгiлендi, бiр берешекке қатысты екi коллекторлық агенттiкпен коллекторлық қызметтi жүзеге асыруға тыйым салынды және т.б.
«Заң жобасымен келесi мақсаттар белгiленген: берешектi өндiрiп алу бойынша жұмыста тиiмдiлiктi және қауiпсiздiктi арттыру. Борышкерлердiң құқықтары мен мүдделерiн коллекторлық агенттiктердiң тарапынан заңсыз әрекеттерден қорғау. Коллекторлық қызметтiң ашықтығын арттыру. Коллекторлық қызметтi реттеу. Тұрғындардың сенiмiн арттыру. Әлеуметтiк шиеленiстi төмендету», - дедi заң жобасы бойынша жасаған қорытындысында Қаржы және бюджет комитетiнiң төрайымы Гүлжан Қарағұсова.