22 Ақпан, 2017

ЭКСПО-2017 аясында үздік стартап жобаға 20 мың еуро сыйақы беріледі

149 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ЭКСПО-2017 аясында үздік стартап жобаға 20 мың еуро сыйақы беріледі. Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылардың үшінші жиналысы аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның  айтуынша, елордада өтетін халықаралық көрме аясында стартаптар арасында ойнатылатын EXPO-Cosmos  сыйлығын табыстау рәсімі ұйымдастырылады. «Бұл Халықаралық көрмелер бюросы мен ЭКСПО-90 қоры негізін қалаған әлеуметтік жоба саналады. Ол көрме аясында осымен бесінші рет табыс етілмек. Сыйақының көлемі 20 мың еуроны құрайды», - деді ол. Лоссерталестің айтуынша, жобаны дамытуға арналған стартап түріндегі сыйақы әдетте әлеуметтік саладағы үздік инновациялық жобаларға беріледі. «Астанада басты тақырып болашақ энергиясы болмақ. Сондықтан  сыйлық экологиямен байланысты бастамаларды қолдауға және дамытуға арналатын болады», - деп нақтылады  Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы. Айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі үстіміздегі жылдың 10 маусымында басталып, 10 қыркүйекте аяқталады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Олар көрмені кемінде екі мәрте аралайды деп жоспарланған. Жалпы көрмені тамашалаушылардың 85 пайызын Қазақстан азаматтары, ал қалған 15 пайызын шетелдіктер құрайды. Шетелдіктердің басым бөлігін ТМД елдерінің және Қытайдың азаматтары құрайды деп күтілуде. Қазіргі уақытта 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растап отыр.