Астана Орталық Азиядағы Аймақтық «Renal Reform International» Өкілдігі (Халықаралық түрме реформасы) журналистерге арналған баспасөз конференциясын өткізді. «Қазақстандағы түрме реформасы: үміт пен шындық» тақырыбында ұйымдастырылған шара аясында өткен жылғы түрме реформасының жаһандық үрдістері мен еліміздегі түзеу мекемелерінің ұстау жағдайлары, сотталғандардың діни радикалдану мәселелері мен оларды қоғамға қайта бейімдеуге қатысты түйіндердің жай-күйі тарқатылды.
Аймақтық «Renal Reform International» директоры А.Шамбилов жетекшілік еткен жиынға мемлекеттік, ҮЕҰ, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысып, ашық диалог алаңында пікір алмасты. Алдымен сөз алған Аймақтық «RRI» директоры А.Шамбилов Қазақстанның түрме рейтингіне қатысты көрсеткіштер туралы бірқатар деректер мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, соңғы жылдары еліміздің экономикалық бәсекеге қабілеттілігі мен ішкі саяси жағдайдың тұрақтылығы және азаматтық қоғамның белсенді дамуының нәтижесінде, бұл саладағы жасалып жатқан жұмыстар әлем елдері алдында өте жоғары бағаға ие болған көрінеді.
«Бұл ретте алдымен мемлекеттің қылмыстық заңнамадағы гуманистік саясатты жүйелі жүргізуі мен осы бағыттағы бағдарламалық жоспарлардың сәтті орындалуын ерекше атап өткен жөн. Әсіресе, Қазақстанда азаматтарды құқықтық жауапкершілікке тарту немесе бас бостандығынан айыруда ізгілендірілген жаза түрі мен баламалы әдістердің кеңінен қолданылуы көптеген елдер үшін үлгі аларлықтай деңгейге жетуі зор жетістік ретінде қабылдануда», – деді А.Шамбилов.
Жалпы, конференция аясында баяндамашылар мен қатысушылар тарапынан түрмедегілердің денсаулық сақтау жүйесі мен сотталғандардың құқықтық қорғалуы және түрме қызметіндегі өзекті мәселелердің Ішкі істер министрлігі тарапынан шығарылып, дербес агенттік ретінде құрылуына қатысты түйіндер де тілге тиек етілді. Сонымен қатар, 2015-2016 жылдардағы азаптаулар мен олар бойынша қозғалған істер санының статистикалық деректері, Қазақстандағы түрме статистикасы мен оның талдау материалдары инфографика ретінде ұсынылып, жұртшылық назарына «Бостандық жоқ мекендер» тақырыбында арнайы фотокөрме ұйымдастырылды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»