Таяуда халықаралық Heritage Foundation зерттеу институты әлем елдерінің экономикасына жүргізген жыл сайынғы зерттеуінің қорытындысын жариялап, экономиканың еркіндігі жағынан Қазақстанды дүние жүзі бойынша 42-ші орында деп тапты. Осылайша, Қазақстан өткен жылғымен салыстырғанда 5,4 пунктке көтеріліп, бір жылда тізімдегі 68-ші орыннан 42-ші орынға жоғарылап отыр.
Экономикалық еркіндікте аталған институт үшін меншік құқығының сақталуы, кәсіп ашуға және оны жүргізуге жағдай жасау, еңбекақының адал төленуі, сауда қатынастарында кедергінің болмауы, мемлекеттің бизнесті қыспауы ескеріледі.
Институттың хабарлауынша, Қазақстанның бір жылда бірнеше саты алға жылжуына сеп болған фактор елдегі мемлекеттік басқарудың оңтайландырылуы мен жекешелендірудің кезекті науқаны болса керек. «Қазақстан экономикасы соңғы он жылда ашықтықты қамтамасыз ете отырып үлкен жетістікке жетті. Мемлекеттің ірі кәсіпорындарға иелік етуі сақталғанына қарамастан, экономика негізінен жекенің қолында. Оған қоса, қазір жекешелендіру науқаны жалғасып жатыр. Құрылымдық реформалардың арқасында сауда режімі жаңартылды», делінген зерттеуде.
Бұдан бөлек, өткен жылы еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы да экономикадағы заңнаманың бәсекеге қабілеттілігін арттырғанға ұқсайды. Әлем бойынша экономикалық жаһандану үрдістері кері кетіп жатқан кезде халықаралық сауда мен бизнесті құтқаратын жалғыз нәрсе мемлекеттердің заңнамасында ашықтық пен теңдікті қамтамасыз ету екені түсінікті.
Бұл тұрғыда экономикасы еркін елдердің тізімінің көш басын Азия елдері бастап тұр. Гонконг, Сингапур, Жаңа Зеландия үштігінің соңынан Швейцария мен Австралия ерген. Сонымен қатар, қарқынды дамушы аймақ саналатын Оңтүстік Америка құрлығынан Чили де үздік ондықтан көрінеді. Бұлардан бөлек «ондық» ішінде Эстония, Канада, БАӘ мен Ирландия бар.
Жалпы, экономиканың еркін жұмыс істеуін қамтамасыз етуші факторлар ретінде аталған институт «Бизнестің еркіндігі», «Сауда еркіндігі», «Салық еркіндігі», «Мемлекеттің осы бағытта қаржы бөлуі», «Валюта еркіндігі», «Инвестиция еркіндігі», «Қаржы еркіндігі» мен «Меншік құқығының сақталуы», сияқты талаптар қояды.
Қазақстанның бір жыл ішінде 26 орын алға жылжу себептерін экономикадағы өткен жылғы өзгерістерден іздеп көру керек. Мәселен, «Бизнестің еркіндігі», «Сауда еркіндігі» елдің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуынан екпін алған болуы әбден мүмкін. Жалпы, өзге елдермен экономикалық интеграцияның қатысушы елдердің барлығы үшін мол артықшылық әкелетінін айтады. Бұл тұрғыда ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру арқылы елдегі бизнестің, соның ішінде импорт-экспорт қатынасының да ілгерілегені анық.
Ал «Салық еркіндігі» жағынан жергілікті биліктің өткен жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, соңғы бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан жеңілдіктер әзірлегені белгілі. Бастапқыда жұмысын енді бастаған кәсіпкерлерді, кейін істі болмаған барлық кәсіпкерлерді үш жылға дейін салықтан босату салық саясатындағы кей олқылықтардың орнын толтырған еді.
Институт түзген тізімде Қазақстанды алға сүйреген ең ірі көрсеткіштердің бірі «Валюта еркіндігі» болса керек. Ұлттық банкке бас болып келген кездегі негізгі тапсырмасы теңгені еркін айналымда ұстау болған Данияр Ақышев бір жыл ішінде елдегі қаржы-валюта саясатына екпін берді. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 370-ке дейін жеткен кезде де бастапқы стратегиясынан бас тартпаған бас банк бір жылдың ішінде ұлттық валютаны жоғары көтере алды. Нәтижесінде, жыл басын нығаюмен бастаған теңге, күні кеше ғана 14 айлық максимумға дейін нығайып отыр. Әрине, бірінші кезекте теңгенің көтерілуіне мұнайдың қымбаттауы себеп. Дегенмен, бүгінде теңгенің бағамы шикізат нарығындағы бір-екі күндік толқуларға төтеп бере алатын деңгейге жетті. Осы жұмыстарды оң бағалаған Президент те енді бас банктің құзыретін кеңейтіп, қаржы институтына енді ұлттық экономиканың да бір шетін ұстатпақ.
«Инвестиция еркіндігін» қамтамасыз етуде де 2016 жыл Қазақстанның заң шығарушы органдары үшін жемісті болғанға ұқсайды. Шикізат дағдарысы кезінде теріс айнала бастаған инвесторлар былтырдан бастап қайта бет бұрды. Жалпы, инвестиция тартуды оңайлату мен шетелдіктерді тарту бағытында жасалған маңызды қадамдардың бірі өткен жылдың соңында қабылданған «Шетелдік жұмыс күшін тарту» туралы заңы болды. Ал биылдан бастап жұмыс істейтін «Kazakh Invest» компаниясы халықаралық ірі инвесторлардың отандық бизнеске қаржы салуына жағдай жасамақ.
Ұзын саны 186 ел қатысқан тізімде мемлекеттер «Еркін», «Барынша еркін», «Қоңыржай еркін», «Еркіндігі төмен» және «Еркін емес» болып бес санат бойынша жіктелген. Қазақстан осылардың ішінде «Қоңыржай еркін» елдер қатарында. Мүмкін болған бес сатының үшеуін бағындырған. Яғни, біздегі экономика еркіндігі «қанағаттанарлық» дәрежеде.
Бауыржан МҰҚАНОВ,
«Егемен Қазақстан»