23 Ақпан, 2017

Тойдың сәні – асаба, алайда...

3286 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Жыл-он екі ай бойы жаратқан иемізден «Жиған-тергенім тойға бұйырсын» деп тілейтін қазақпыз ғой, ендеше, дәл қазіргідей қыстың көзі қырауда да асабалық өнер туралы сөз қозғағанның еш сөкеттігі бола қоймас.

Әзілдеймін деп, ұятқа қалдырады

...Әлқисса, атам қазақ әлімсақтан сөз өне­ріне ерекше мән берген. Тарихтың тереңіне зер салсақ, оған мысал жеткілікті, әрине. Бабаларымыздың бүкіл өнер атаулының алдына «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөз өнерін қойғаны да жеткілікті шы­ғар. Әйтпесе, қантөгіске ұласқалы тұр­ған талай дау-дамайды орамды ой, ұтым­ды сөз арқылы бейбіт жолмен шешкен бұ­­рын­ғылардан «Ел бас­тау қиын емес, қо­нам деген жерден көл табылар, қол бас­тау қиын емес, шабам деген ерге жау та­был­ар, бәрінен бұрын алқа топтың, аламан жұрттың алдында сөз бастау қиын, Тау­ып айтсаң, береке, таппай айтсаң, келек­е бо­ла­сың» деген ғибрат қалар ма еді?! Қазір кім көп, Құдай сақтасын, асаба көп. Таяқ лақтырсаң, асабаға тиеді, әй­теуір. Бірақ сан бар, сапа жоқ. Бүгінгі асабалардың басым көпшілігі той бас­тал­ғ­аннан той тарқар сәт таянғанша аузы-аузыма жұқпай сөйлей берсем болды, ме­нен өткен мықты жоқ деп ойлайтыны кә­міл. Ал біздің дәуірімізге дейінгі ежелгі Римнің аузымен құс тістеген шешені, мем­лекет һәм қоғам қайраткері Марк Тулий Цицероннан жолы кіші, жасы кіші бір замандасы бірде «Ушыққан талай дау­ды одан әрі өршітпей, сіз сөз арқылы бей­біт жолмен реттедіңіз. Сіздіңше, ше­шен­дік дегеніміз не?» деп сұраса керек. Сөй­тіп, әлгі бейбақ шешендік туралы са­ла құлаш жауап күтіп тұрса, Цицерон «Ше­шен­дік дегеніміз – керек жерде, қажет кез­де үндемеу», деп қысқа-нұсқа қайырған кө­рінеді... Демек, көрдіңіз бе, шешендік де­ге­німіз әсте ешқандай татымы, дәмі жоқ сыл­дыр сөзді суша сапыру емес. Әр тойдың өзіндік азды-көпті ерек­ше­лігі, яки ішкі иірімдері бар. Той тіз­гі­нін ұстар тұлғаның әп дегеннен ең бас­ты назар аударуы тиіс мәселесі, мі­не, осы фактор. Бұл – кешегі тойдағы ай­т­қаныңды айна-қатесіз бүгінгі тойда айтып, береке таппайсың деген сөз. Мұн­дай қарадүрсіндіктен той жақсы өтіп, асабаның абыройы артып, рейтингісі кө­терілмейді. Әрі әлгіндей атүстілік асабаны шығармашылық тоқырауға тіреп ты­нады. Ендеше, көп оқу, талмай ізденіс ке­рек! Жалпы, той өткізу – үлкен жауап­ке­р­­ші­лік. Мысалы, бір үйдің бойжеткен қызы жа­сы 20-ға толып, ұзатылып бара ма, демек, әлгі әулет қызының теңіне қосылу той­ын бақандай 20 жыл күтті деген сөз. Ал енді әке-шеше барын салып, нарын са­лып, қажет десеңіз, тіпті, жанын салып, 25-ке келген ұлының үйлену тойын жа­сау­дың қамында ма, ендеше, бұл да ата-ана мен ағайын-туыстың жылдар бойы аң­с­ап күткен қуанышы. Енді осы талай жыл күткен тойдың қалай өтуі той тізгінін ұс­таған асабаға тікелей байланыс­ты. Жақ­сы асаба той иелерінің қолының қысқалығынан дастарқаны жұтаңдау жай­ылған немесе басқалай міні бар той­ды өзінің той жүргізу шеберлігімен бай­қат­пай, әлгі тойдың кем-кетігін елетпей жі­береді. Керісінше, олақ, қарадүрсін асабалар (егер оларды асаба деуге болса, әри­не) дастарқаны майысқан, өзге шаруа­сы да келіскен тойдың өзінің берекесін қа­шырады. Қазіргі асабалардың дені той басталар-басталмастан той тарқағанша қол ша­па­лақ сұрап, ығырыңды шығарады. Ей, ай­налайын-ау, егер сенің сөз саптауың, той жүргізу мәнерің тойшы қауымға ұнап, көптің көңілінен шығып жатса, олар сені қақсатпай-ақ қол шапалақтайды емес пе?! Осыған да көл-көсір ақыл керек пе??? Тойды жүргізіп тұрып, өзінің руын ай­тып, «Қане, осы рудың қазақтары болса, қол көтеріңіздер!» деп буынсыз жерге пы­шақ ұрып, бұйыра сөйлейтін асабалар да баршылық. Кең-байтақ даласының әр қиы­рынан құйылып, үш жүздің баласының ба­сы жиылып тойға келген қазаққа трай­ба­лизмді тықпалаудың не қажеті бар??? Не­месе «Мен бір айдың өзінде 2-3 несие тө­лей­мін. Осыны ескеріп, асабаға да де­меуші болып отырыңыздар, ағайын» деп бұлданатын, орысша айтқанда, әрі наг­лый, әрі қайыршы асабаларды да көріп жүр­міз. Алсаң, несие алған сен өзің, ал оны желеу етіп, халықтың қалтасына тү­су­дің не жөні бар??? Былтыр бір ағамыз өзінің 60 жасқа толу мерейтойына қонақ ретінде ша­қыр­ған соң бардық. Қазақтың қай тойы уа­қытында басталып еді, бұл мерейтой да межелі уақытынан екі сағаттай кеш басталды. Жәй басталуының басты себе­бі, асаба түсте тағы бір мерейтойды басқарып, сол бітіп болмай, кешігіп кел­ген екен. Өзінің кешігіп келгенімен қой­май, әлгі асаба өзінше тойды бастап жа­тып, «...осындай елге сыйлы, басы милы ағамыз алпысқа толды деп қадірлі қонақ­тар сіздер де келдіңіздер, кешігіп болса да, қарным қампайып, бұтым талтайып, мен де келіп қалдым», деп салды. Дені дұр­ыс, сөзі дұрыс, яки жөн білетін кісі әуелі асаба басымен кешігіп келгені үшін көп­шіліктен кешірім сұрамас па еді?.. Со­нан соң дене бітімінің кем-кетігі онсыз да көзге ұрып, көрініп тұр ғой, «қарным қам­пайып, бұтым талтайып» деудің не қа­жеті бар-ды?..

Ұтымды сөздің жөні бөлек...

Меніңше, асаба тойға дейін той иеле­рі­мен жүздесіп-пікірлесу барысында той қонақ­тарының негізін кімдер құрайды со­ны біліп алып, той сценарийін той қонақ­тарының негізгі бөлігі сүйсініп қа­был­дайтындай деңгейде құруы шарт. Мә­се­ле­нки, той қонақтарының басым көпшілігі халықтың қандай бөлігінен құралатындығын күнілгері білу арқылы асаба аталмыш тойдың аудиториясына фольклорлық сипаттағы ма, жоқ әлде қазіргі заманғы әзіл-қалжың көбірек өте ме, міне, осындай маңызды мәселелерді алдын ала болжай алады. Әрине, тойға жиылған жұрттың көңілінен толықтай шығу өте қиын, бірақ той тізгінін ұстаған кісінің соған ұмтылуы парыз. Ең бас­тысы, асаба топтың ішіне сіңіп, бар-жоғы белгісіз болып кететіндей емес, керісінше, интеллектуалдық тұрғыдан көпті жетелеп отыратындай тұлға болуы тиіс. Осы орайда, қазіргі асабаларға тән тағы бір ортақ кемшілік – олардың ортаға тілек айтуға шыққан қонақтарды кекетіп-мысқылдауы. Мәселен, кейбір асабалар қонақ тілегін айтып болысымен іле-шала, «Енді сіз сүй дейсіз ғой, енді сіз бүй дейсіз ғой» деген сарындағы кекесін мысқылға көшеді. Мұндай арзан маневр оған абырой әпермейді. Керісінше, асаба сөзден жа­ңыл­ғанды жетелеп, сүрінгенді демеп жібе­руге әр кез пейілді болуы шарт. Футболдан 1966 жылы Англияда өткен VІІІ (сегізінші) әлем чемпионатының екінші жартылай финалында Англия мен Португалия құрамалары кездесіп, осы ойынның тек 22-минутында ғана фран­ция­лық төреші Швинтенің ысқырығы қай­ыра естілген екен. Менің бұл мысалды ал­ға тартып отырған себебім, кейбір тойлар асаба бастап берісімен өзі бір жүйелі ар­наға түсіп, жарасымды жалғасып жүре бе­реді. Өз басым интеллектуал асабаларға құр­метпен қараймын. Мұндай деңгейдегі асабалар қысқа күнде қырық құбылатын саясаттың өзін әдемі әзіл, орынды қалжыңға айналдырып жібереді. Осыдан үш жыл бұрын Ақтөбедегі бір жолдас жігіттің қызының ұзатылу тойына қа­тысудың сәті түсті. Отағасы шаруасы шарықтап тұрған кәсіпкер, ал оның ша­ңы­рағының шамшырағы әуелі, әрине, Алла тағаланың, сонан соң отағасының ар­қа­сында аттөбеліндей аз ғана қазақты ба­қан­дай бес адамға көбейткен (Құдай көп­сінбесін!) ардақты ана екендігін біле­тін­біз. Әрі әр перзентінің арасына көп уақыт салмай, бес рет босанса да, досы­мыз­дың келіншегі тал бойында бір міні жоқ талдырмаш, гүлнәзік келіншек-ті. Мәні мен сәні келісіп, қай-қай жағынан да жарасымды өткен тойдың соңын ала әдеттегідей қонақтарына ризашылығын білдіру үшін той иелеріне, ата-анаға сөз ұсынылды. Отағасы тойға келген дүйім жұртқа келістіріп рахметін айт­ты. Ал зайыбы «Мен отағасының айт­қа­ны­на қосыламын», дей келе, қыз-күйеу ба­ла­сына баянды бақыт пен ұзақ та жай­­ма­шуақ өмір тілеп, сөзінің соңына таман туған ұясынан ұшып бара жатқан балапанына деген аналық қимастық сезімге бой алдырып, жанарына жас үйірілді. Осыны байқап тұрған асаба: – «Гүлдерайым жеңеше, Ерік ағам екеуі­ңіз бес перзент сүйіп, ұл-қызыңызды тү­гел­дей тең құрбысының алды қылып жет­кіздіңіздер. Бұл тойға дейін сіздер Айнұр қарындасымыздың екі ағасын үй­лендіріп, ұяға, екі әпкесін ұзатып, қия­ға қондырдыңыздар. Міне, бүгін кенже қызыңызды ел-жұрттың ақ бата, ақ тіле­гімен алақандарыңыздан ұшырып, те­ңіне қосудасыздар. Ана ретінде сіздің кө­ңіліңіз біржола жайланды. Енді сіздің сәм­бі талдай сымбатты өн бойыңызға сал­мақ жамап, қоң жинап, әлемдегі ең ір­гелі мемлекеттердің бірі – Германияның тіз­гі­нін ұстаған қазіргі ат үстіндегі канцлері Ангела Меркель секілді нән келіншек бо­лу­ға толық хақыңыз бар», дегенде асаба­ның тапқырлығына риза болып, дуылдата қол соқпаған қонақ қалмады. Саяси тақырыпқа тағы бір сәтті мысал. Өткен жазда келін түсірген әулет жа­қында жаңа құдаларын шақырып, біз сол дастарқанда жаңа құдалармен бір­ге болдық. Келін түсірген отбасы жас келінге дән риза. Шынында да, «Жүзі жы­лыдан түңілме» дегендей, жас келін­нің көркіне ақылы сай, әрі әдемі, әрі әдеп­­ті бала екендігі бір көргеннен-ақ сы­пайы сәлемдесуі мен тәрбиелі жү­ріс-тұрысынан-ақ аңғарылып тұрды. Жас келіннің әп дегеннен үйдің шаруа­сын үйіріп әкеткендігін, үй-жайды мұн­таз­дай таза ұстауы мен тамақты дәмді пісіретіндігіне қоса, ине-жіп ұстауға керім икемді екендігін үйдегі үлкен кісі – Зүбайда әжей дастарқан басында сүйсіне әңгімеледі. Тіпті, абы­сындарының бірі сөз арасында жас ке­ліннің жасауында тігін мәшинесі бар екен­дігін де айтып өтті. Қайыр-хош, сол құдалықты келін түсірген үйдің әлі үй­ленбеген кіші ұлы жүргізді. Өзі бір әжеп­тәуір асабалық өнері бар бала екен. Бұл жігіт те жас жеңгесіне бек разы. «Егер Астанадағы көкелер менің Ләйлә жеңешем дайындаған женттің дә­мін татса, бірден «Мына жентті ЭКСПО –2017 халықаралық көрмесіне қояйық» деп ұсыныс айтар еді», – деді бір сөзінде. Қай­нысы мақтаған женттің дәмін көрдік, шы­нында да, тіл үйіреді екен! Демек, жаңа­ғы саяси сипаты бар теңеу әбден орын­ды! Мен білетін бір асаба «Қазақтың тойын асаба болып бастап, асаба болып аяқтау үшін асабаға ең сезімтал интуиция, аяқасты импровизация, қазақтың ұлан-ғайыр даласындай кең көзқарас, жан-жақты эрудиция, шы­мыр логика және үлкен дип­ло­матиялық шеберлікке қо­са, қазақша ай­тқанда, темірдей жүйке керек» деп есеп­тейді. «Болмасаң да, ұқ­сап бақ...» деп хакім Абай айтқандай, меніңше, аса­ба біткеннің жаңағындай интел­лек­туалдық өреге ұмтылғаны лә­зім. Әй­теуір, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер дана­сы» дегендей, асабаның әр сөзі, әр сөз сап­тауы «аламанға дем беріп, алқа топ­ты мең­геріп», тойдың жақсы өтуіне қал­тқы­сыз қызмет етуі шарт. Иә, тойдың сәні – асаба, алайда, бәрі бір­дей емес. Айтқан емес, айтар сөзінің әсер-ықпалын алдын ала дәл болжай білетін сұңғыла асаба ғана тойдың сәні. Біздің бұл айтқанымызға сіздің не алып-қосарыңыз бар болар, әлеумет?.. Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ОРАЛ