23 Ақпан, 2017

Ертеңгі күнге сенім мол

225 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған облыстардың бірі – Ақтөбе. Республикада өнеркәсіп өндірісі жағынан көш бастап жүрген облыстың болашағы бұдан да жарқын. Өткен жылы мұнда әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі көрсеткіштер республикалық орташа деңгейден асып түсті. Бұл жағымды жайт өңірде әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің де оң тұрғыда шешілуіне жол ашты. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өткен 2016 жылдың негізгі қорытындылары жөнінде облыс жұртшылығының алдында берген есебі кезінде талдау тиегін осы тұстан тарқатты. Бүгінгі күні Президент тарапынан өңір басшыларына жүктеліп отырған басты міндеттер инвестиция тарту көлемін ұлғайту, жұмыссыздық деңгейін төмендетпеу және бағаның не­гізсіз өсуіне жол бермеу екені бел­гі­лі. Облыста бұл тұрғыда жақсы нә­тижелер бар. Тіпті, аймақта рес­пуб­лик­адағы ең төменгі инфляция деңгейі тір­келген. Бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру жөніндегі мәселелер де жүй­елі жолға қойылған. Осы орайда са­л­ық түсімдерінің қосымша көз­дерін із­дестіруге баса назар аударыл­ды деп атап көрсетті өңір басшысы. Ауыл әкім­дерінің дербес бюджетін ен­гізу жө­ніндегі мәселе қазірдің өзінде бас­талып кетіпті. Бүгінгі күні облыстағы 50 ауыл­дық округтің қоржынына қаржы тү­сіп үлгерген. Өңірде азық-түлік қауіпсіздігінің кешенді бағдарламасы белгіленген. Ақтөбеліктердің жергілікті өнім­де­р­ді тұтыну деңгейі жетпіс пайызды құ­рай­ды. Мұндай табыстың бас­ты сы­ры ауыл­шаруашылық коопе­ра­тив­­терінің кө­беюі, саланың әрта­рап­­­­тан­дырылуы жә­не дәстүрлі емес ша­руа­шы­лықтың ке­ңінен етек жаюы болып отыр. Негізгі асыраушы жер еке­ні белгілі. Сондықтан да облыс әкі­­мі тарапынан суармалы және көл­­де­­те суарылатын жерлердің көлемін ұл­­­ғай­туға баса көңіл бөлінген. Өмір сапасын жақсартуға ең қажетті фа­к­торлар дербес баспана, ауыз су жә­н­е көгілдір отын емес пе? Өңір тұр­ғын­дарының қажетті игіліктермен қам­тылу деңгейі жоғары. Биыл тұрғын үй құрылысының ауқымын өткен жыл­ғы деңгейден асыру көзделген. Оны қол­жетімді несиелік қаражаттар жә­не «Нұрлы жер» қанатқақты жобасы арқылы шешу қарастырылған. Әсі­ре­се, мұнда үй құрылысы комби­наты тех­нологиясы арқылы тез тұр­ғы­зы­ла­­тын қосқабатты үйлер жөніндегі жо­баға елімізде еш­қан­дай балама жоқ деуге болады. Сонымен бір­ге, об­лыс басшысы биылғы жылы ат­қа­­рылатын басты міндеттердің бірі кө­лік инфрақұрылымын жақсарту еке­ніне екпін түсірді. Бұл бағытта ха­лық­аралық Ақ­төбе – Ор, облысаралық Ақтөбе – Атырау ав­то­жолдарының құ­ры­лысына екпін бе­ріл­мек. Аталған ны­сандар Азия даму банкі арқылы қар­жы­лан­дырылған. Мемлекет-жекеменшік әріптестігін да­мыту ісінде облыс­та үйренуге тұ­рарлықтай үр­діс­тер мол. Облыс бас­шы­сы айтқандай, бұл істер тек қағаз жү­зінде емес, нақ­ты іс пен тәжірибеде өзін өзі ақтап ке­ле­ді. Әкім өз есебінде апат­ты жағдайдағы мектептерді жою ісі биыл­ғы жылдың өзінде толықтай ше­ші­мін та­ба­тынын мәлімдеді. Ал келесі жы­лы үш ауысымды оқыту жүйесі де кел­мес­ке кетпек. Үстіміздегі жылы облыс­та жиыр­ма үш мектептің құрылысын бас­­тау белгіленген. Бұған қоса алпыс бес балабақша ғимараты тұрғызылмақ. Оның елу төрті бюджеттен тыс қаражат көз­­дері есебінен жобаланған. Ақтөбе республикамыздағы агло­ме­­ра­циялық даму аймағына кіреді. Бұ­­ған тән басты ерекшеліктердің бірі эко­­номикалық белсенді тұрғындардың са­­нын өсіру және табиғи өсім санын кө­­бейту болмақ. Бұл тұрғыда өңірде ба­ла туу көрсеткіші республикалық дең­гей­ден жоғары, ал өлім-жітім төмен еке­нін де айта кеткен жөн. Кездесу кезінде Б.Сапарбаевқа облыс тұрғындары тарапынан алғыстар мен ризашылықтар білдірілгенін айта кет­­кеннің артықшылығы бола қоймас. Олар облыс басшысының елдің өсіп-өр­кендеуі үшін атқарып жүрген еңбегіне жоғары баға берді. Ақтөбе облысы әкі­мі­нің есебінен кейін ел не деді? Біз олар­дың ой-пікірлерін оқырмандар на­зарына түй­ін­деп бергенді жөн көрдік. Алтай Тайжанов, М.Оспанов атын­да­­ғы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­­верситеті әлеуметтік саяси пәндер ка­фед­расының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор: – «Қазақстан-2050» Стратегиясында қай кезде де елдің еңсесін тіктейтіндер ме­ритократиялық сипаттағы тұлғалар екен­дігі жөнінде айтылған оралымды ой бар. Бұл саяси терминнің түпкі мағынасы қазақшалап айтқанда жайлы да жұмсақ кресло мен жоғары лауазымды орынға бірден топ етіп түсе қалмау, оған төменнен тәжірибе жинақтап келу деген сөз. Мен бүгін ел алдында есеп берген Бердібек Сапарбаевты осын­дай өмір баспалдақтарынан өткен, бас­шы­лық қызметте әбден ысылған, елдің мұң-мұқтаждарына ортақтасып қана қой­­май, оны тікелей шеше алатын әрі ха­­л­ыққа жаны ашитын өңір басшысы деп есептеймін. Ал бүгінгі халыққа бер­ген есебі оның сөзі мен ісі арасында еш­қан­дай алшақтық жоқ екендігін тағы да дә­лелдеп берді. Арман Ниязов, жеке кәсіпкер: – Облыс әкімі өз есебінде аймақ эко­­номикасын дамытудың көкейкесті мә­се­лелеріне терең талдаулар жасады. Әрі оны өрге бастырудың бас­ты жол­да­рының бірі шағын және ор­та биз­нестің деңгейін күрт көтеру еке­нін атап көр­сетті. Өңір басшысы 15 ақ­панда Пре­зиденттің алдында да есеп берге­ні­нен хабардармыз. Осы кез­десуде Ел­басы өңір экономикасында шағын және ор­та биз­нестің үлесін елу пайызға дейін жет­кі­зу жөнінде өте күр­­делі міндет қойды. Біздің құрғақ құ­ра­ма қоспалар өндіретін шағын бизнес субъ­ектісі осы жауапты іске өз үлесін қо­суға әзір. Нұрила Жарболова, жүйке ауру­ла­ры­на шалдыққан мүгедек бала­лар­ға әлеуметтік қызмет көрсету ор­та­лығының директоры: – Бүгінгі басқосуда Бердібек Мәш­бек­ұлының мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі жөнінде айтқан ой тұжы­рым­дары назарымды айрықша аударды. Жақсыдан шапағат де­гендей, бұл мәселедегі облыс әкімі­нің табанды көзқарасы мен нақты қол­дауының нәтижесінде мүгедек бала­ларды емдеудің және оңалту мен оқы­тудың жаңа жүйесі құрылды. Бұ­ған қоса екіжақты әріптестік қарым қа­тынас аясында 123 адамды тұрақты жұ­мыспен қамтуға мүмкіндік туды. Айдынғали Қоғабаев «Каз­Су­Шар» РМК Ақтөбе өңір­лік фи­лиалы Ойыл учаскелік бөлім­ше­сі­нің инженер гидротехнигі: – «Сулы жер нулы жер», деп хал­қы­мыз тек­тен-тек айтпаған. Қазіргі кез­де Ойыл секілді республикамыздың жар­тылай шөлейтті аудандарында суар­малы жердің көлемін ұлғайту қа­жет­тігі туындап отыр. Мұнда су мен ыл­ғал­ды өте көп қажет ететін дәнді дақыл түр­лерінің бірі – тары өсіруге бекем бел буған Шығанақ Берсиевтің бүгінгі ізбасарларының көбейіп келе жатқаны да оның қажеттілігін тереңдете түседі. Облыс әкімі бұл түйткілді де дөп басты. Ол алдағы уақытта өңірде суармалы жерлердің көлемі ұлғаятыны жөнінде айтып берді. Іздегенге сұраған дегендей, біздің күткеніміз де осы еді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы