Конституциялық реформалардың негізгі бағыттары баяндалған Қазақстан Президентінің үстіміздегі жылы қаңтарда жариялаған Үндеуі мемлекет пен азаматтық қоғамды ашық үнқатысуға шақырды. Осыған орай, біз бұл мәселе төңірегінде өз ойымен бөлісу үшін Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Еркеш НҰРПЕЙІСОВПЕН әңгімелескен едік.
– Еркеш Қалиұлы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған конституциялық реформаның халық арасында кең қолдау табуы бұл қадамның шынайы өмірден озық тұрғандығын білдірмей ме?
– Әлбетте. Қазіргі уақытта жаңа мемлекет пен жаңа экономикалық қарым-қатынастарды қалыптастырудың қиын кезеңі артта қалды. Еліміздегі жағдайдың тұрақталуы, мемлекеттік органдардың тұрақты қызмет етуі, нарықтық экономиканың мызғымас негіздерінің енгізілуі Президентке мемлекеттік қызметтің түрлі саласына басшылық етуден арылып, басқа маңызды істерге күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, олар – сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілеті. Мәселен, Президент өкілеттігінің мұндай басымдықтары 2017 жылғы 25 қаңтардағы конституциялық түзетулер жобасында қарастырылған. Оған сәйкес, Президентке мемлекеттік қызметтің бұл бағыттарына жауапты жетекшілерді тағайындайтын ерекше құқық берілген. Ал басқа орталық жетекшілерді тағайындау құқығы Мәжіліспен кеңесуден соң ғана бекітіледі.
Дегенмен, Конституцияның 40-бабына сәйкес, Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі ретінде мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Мысалы, Үндеуде «Жаңа жағдайда билік тармақтары арасындағы қатынастардың жоғары төрелік рөлі, стратегиялық қызметі Президент үшін басымдық болады» деп белгіленген. Ал Конституцияда Президенттің мұндай мәртебесі белгіленбеген. Бұл Конституцияға енгізілген түзетулерде де жоқ.
– Осыған байланысты, мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы жоғарғы арбитр ретінде Президенттің құқықтық негіздерін нығайту үшін Конституция баптарына тиісті толықтырулар қажет болады дейсіз ғой.
– Дұрыс айтасыз, мұндай жағдайда Конституциялық Кеңестің қорытындысы Президенттің Парламентті, тұтастай алғанда, Сенат пен Мәжілісті, сондай-ақ, Үкіметті таратуда айрықша құқығын қамтамасыз етеді. Нақты айтқанда, бұл жерде мәселе Парламентті таратуда емес, депутаттардың құзыреттілігін мерзімінен бұрын тоқтатуда болуы тиіс. Сондай-ақ, Мәжілістің өзін өзі тарату тәжірибесі де заң шеңберіне енбейтінін айта кеткен жөн. Мәжілістің құқықтық негізде қызметінің тоқтатылуына депутаттардың мерзімінен бұрын отставкаға кету туралы өтініш білдіруі себеп болуы мүмкін. Бұл жағдайда заң ережелерін бұзбай, Мәжіліс өкілеттігінің қалған мерзіміне және бос орындарға сайлау өткізуге болады.
– Президенттің Үндеуінде Үкіметке мемлекеттік бағдарламаларды бекіту және оны орындау бойынша жауапкершілік арттыру туралы айтылған. Бұл бағдарламалар нарықтық жағдайларға сай келетін басқару қызметін жаңаша құруға мүмкіндік бере ме?
– Әрине. Үкімет әзірлейтін, бизнес-құрылымдар және өндірістік емес сектор іске асыратын мемлекеттік бағдарламалар экономикалық және әлеуметтік салалардың теңдестірілген дамуын қамтамасыз етеді. Сондықтан, Конституцияда нарықтың кейде қисынды шектен шығып кететін стихиясын реттеудің пәрменді құралы болатын мемлекеттік бағдарламалардың реттеуші рөлі көрсетілуі тиіс.
Мемлекеттік органдардың міндеті – тауар-материалдық құндылықтардың шығындарын, қаржысын және оның көздерін, тұтынушыларын есепке ала отырып, өндірістің көлемін анықтау. Бұл теңдестірілген экономикалық дамуға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұның барлығы Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасында көрсетілуі тиіс.
– Қазақстанның сот жүйесі соңғы кездері орасан зор өзгерістерге ұшырады. Соның нәтижесінде бүгінде әділ сот жүйесі қалыптасты, судьяларды тағайындау тәртібі өзгерді, іс қараудың бес деңгейлі сатысы үш деңгейге алмастырылды. Бұған не айтасыз?
– Иә, сіз айтып отырған осы және басқа да іс-шаралар өзінің оң әсерін тигізіп, бүгінде сот жүйесін жақсарта түсті. Алайда, әділеттіліктің қолжетімділігіне кедергі болып тұрған тағы бір нәрсе бар, ол – адвокат қызметтерінің құны мен мемлекеттік баж салығы. Дауды сот тәртібімен қарастыруды қиын санауы сияқты, азаматтардың құқықтық білімінің төмендігін ескермеген күнде де, соттарда іс жүргізу шығындары сотқа шағымдану санының аз болуына әсер етуші елеулі факторлардың бірі болып табылады. Бұл мәселені жеңілдету мақсатымен, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға қатысты сотқа арызданған азаматтарды мемлекеттік баж төлеуден босату жөн болар еді.
Сонымен қатар, осындай азаматтарға сотта мүдделерін қорғау бойынша тегін құқықтық көмек көрсету керек. Нәтижесінде, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларын азаматтық бақылау артып, шенеуніктердің озбырлығы азаяр еді. Сондай-ақ, сот билігінің атқарушы билікке қатысты тежеуші ықпалы байқалар еді. Алайда, аталған мәселелер Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасына кірмегендігін атап өту қажет.
– Прокуратураның қадағалау құзыретіне байланысты не айтасыз?
– Мемлекеттік органдардың қызметі мен актілерін бақылау бойынша прокуратура қызметіне жалпы оң баға бере отырып, кәсіпкерлік субъектілерін жалпы қадағалау мақсатымен жоспарлы тексеру практикасын қатаң сынға алу керек. Бұл тексерістер кезінде құжаттарды тәркілеу, қызметкерлерден сұрақ-жауап алу, тіпті, кәсіпорын есепшоттарын тұтқындау оның жұмысына кедергі келтіріп, кейде шығынға да әкеліп соқтырады. Мұндай тексерулер бұрын тек жұмысшылардың және құқығы бұзылған азаматтардың, құқық бұзушылық белгілерін анықтаған мемлекеттік органдардың өтініштері бойынша ғана іске асырылатын еді.
Президенттің Үндеуінен туындайтын және заңды тұрғыдан шешілуі тиіс мәселелер шеңбері бұл мақалада көрсетілгеннен, әрине, едәуір ауқымды.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»