Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы
2017 жыл 27 қаңтар №30 Астана қаласы
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 41) тармақшасына, сондай-ақ «Мемлекеттік статистика туралы» 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, бұйырамын:
1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға, сондай-ақ ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары –
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А.МЫРЗАХМЕТОВ
«КЕЛІСІЛДІ» «КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі Ұлттық экономика министрі
___________ Б.СҰЛТАНОВ ___________ Т.СҮЛЕЙМЕНОВ
2017 жылғы 30 қаңтар 2017 жылғы 31 қаңтар
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары -
Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 27 қаңтардағы
№ 30 бұйрығына
1-қосымша
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге (бұдан әрі – тауар өндірушілер), өзге жеке және заңды тұлғаларға асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруға жергілікті бюджетте тиісті қаржы жылына көзделген қаражат және іс-шаралар шегінде және есебінен бюджеттік субсидиялар (бұдан әрі – субсидиялар) беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аналық бас – жануарлардың төл алу үшін пайдаланылатын жыныстық жағынан жетілген аналық дарақтар басы;
2) ірі қара малдың (қойдың) аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізуді жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативі – ауылдағы және (немесе) ауылдық округтегі жеке қосалқы шаруашылықтардың мал басынан табын (отар) қалыптастырған, ірі қара малдың (қойдың) аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізуді жүзеге асыратын және олардың шалғайдағы жайылымға жайылуын қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы кооперативі;
3) қоғамдық табын – жеке қосалқы шаруашылықтардың мал басынан қалыптастырылған ірі қара мал табыны;
4) сатып алынған асыл тұқымды жануарларды мақсатты пайдалану – сатып алынған және субсидияланған асыл тұқымды жануарларды осы Қағидаларда көрсетілген жағдайларда және мерзімдерде өсімін молайту мақсатында пайдалану;
5) тауарлық табын – ірі қара малдың (қойдың) аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді жүзеге асыратын шаруашылықтың немесе ауыл шаруашылығы кооперативінің мал басынан қалыптастырылған ірі қара мал (қой) табыны;
6) тұқымдық түрлендіру – өсімін молайтуда асыл тұқымды тұқымдық малдарды пайдалану жолымен аналық мал басының тұқымдық және өнімділік сапаларын жақсарту;
7) шағылыстыру маусымы – ауыл шаруашылығы жануарларының өсімін молайту кезеңі (ірі қара мал үшін күнтізбелік жылдың 1 мамырынан 1 қазанына дейін (қоса есептегенде), қойлар үшін 1 қыркүйегінен 1 желтоқсанына дейін (қоса есептегенде);
3. Субсидиялауға жататын бағыттар:
1) асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға:
ірі қара малдың, қойлардың, маралдардың (бұғылардың) аналық басымен, сондай-ақ бал араның ұяларымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге кеткен шығындарды арзандату;
отандық және шетелдік шаруашылықтардан асыл тұқымды ірі қара мал, қой, ешкі, жылқы, шошқа, түйе, марал (бұғы) төлін сатып алуға кеткен шығындарды арзандату;
отандық және шетелдік шаруашылықтардан ет және жұмыртқа бағытындағы құстардың ата-енелік/ата-тектік нысандағы асыл тұқымды тәуліктік балапанын сатып алуға кеткен шығындарды арзандату;
жеке және заңды тұлғалардың табынның өсімін молайтуға пайдаланылатын етті, сүтті және сүтті-етті тұқымдардың асыл тұқымды тұқымдық бұқаларын күтіп-бағуға кеткен шығындарын арзандату;
мыналардың:
дистрибьютерлік орталықтардың (бұдан әрі – дистрибьютерлік орталық) асыл тұқымды жануарлардың ұрықтарын өткізу жөніндегі шығындарын;
асыл тұқымдық орталықтардың (бұдан әрі – жеткізушілер) жеке қосалқы шаруашылықтарда ірі қара малдың және қойдың аналық басын қолдан ұрықтандыру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шығындарын 100 %-ға дейін өтеу.
дистрибьютерлік орталықтар мен асыл тұқымдық орталықтардың ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басын сақтау және қолдан ұрықтандыруды ұйымдастыру үшін пайдаланылатын арнайы техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға кеткен шығындарын 50 %-ға дейін өтеу;
2) мал шаруашылығы өнiмдiлiгi мен өнiм сапасын арттыруға:
бұқашықтарды бордақылау, қозы етін, шошқа етiн, жылқы етiн, түйе етін, құс етiн (бройлер, күрке тауық, суда жүзетін құс етін), тағамдық жұмыртқа (тауық және бөдене жұмыртқасы), сүт (сиыр, бие, түйе, ешкі сүті), биязы жүнді және жартылай биязы жүнді өндіру құнын арзандату;
құрама жем өндіретін зауыттар өндірген және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне сатылған құрама жем құнын арзандату;
ауыл шаруашылығы жануарларының азығына кеткен шығындар құнының 50 %-ға дейінгі мөлшерін өтеу.
4. Бюджеттік субсидиялар нормативтері осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген.
5. Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген ауыл шаруашылығы жануарлары азықтарына арналған шығындар құнын 50 %-ға дейін арзандату субсидиялау бағыттары бойынша субсидиялау нормативтері және көлемдері (бұдан әрі – субсидиялау нормативтері және көлемдері) нөмірленеді, тігіледі, мөрмен бекітіледі және оны облыстың, Астана және Алматы қалаларының ауыл шаруашылығы басқармалары (бұдан әрі – Басқарма) екі данада облыс, Астана және Алматы қалалары әкімі, ол болмаған жағдайда, оның міндетін атқарушы адам қол қойған ілеспе хатпен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне (бұдан әрі - Министрлік) қарастыруға тиісті жылдың 20 қаңтарынан кешіктірілмей беріледі.
Министрлік ұсынылған субсидиялау нормативтері мен көлемдерін бес жұмыс күні ішінде қарайды. Министрлік ұсынылған субсидиялау нормативтері мен көлемдерінің мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар индикаторларына сәйкестігін қарайды, сондай-ақ көрсетілген мерзім шегінде субсидиялау нормативтері мен көлемдерін ұсыныс енгізу үшін «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына (бұдан әрі – «Атамекен» ҰКП) жолдайды.
«Атамекен» ҰКП үш жұмыс күні ішінде субсидиялау нормативтері мен көлемдеріне ұсыныстар бермеген жағдайда, субсидиялау нормативтері мен көлемдері ескертулерсіз келісілген болып саналады.
Нәтиже оң болған жағдайда, Министрлік субсидиялау нормативтері мен көлемдерінің бір данасын тиісті ілеспе хатпен тиісті жылдың 25 қаңтарынан кешіктірмей кері қайтарады.
Нәтиже теріс болған жағдайда, Министрлік келісуден дәлелді бас тарта отырып, субсидиялау нормативтері мен көлемдерінің екі данасын тиісті жылдың 25 қаңтарынан кешіктірмей кері қайтарады.
Пысықталған субсидиялау нормативтері мен көлемдері екі данада облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің, олар болмаған жағдайда, олардың міндеттерін атқарушы адамдардың қолы қойылған ілеспе хатпен Министрлікке қайта келісуге тиісті жылдың 30 қаңтарынан кешіктірілмей беріледі
Министрлік мақұлданған субсидиялау нормативтері мен көлемдерінің бір данасын тиісті ілеспе хатпен тиісті жылдың 5 ақпанынан кешіктірмей кері қайтарады.
Субсидиялау нормативтері мен көлемдері осы Қағидалар күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде және одан кейін субсидиялар көлемдері жыл сайын 5 ақпаннан кешіктірілмей облыс, Астана және Алматы қалалары әкімдігінің қаулысымен бекітіледі.
Қаулы қабылданғаннан кейін облыстың, Астана және Алматы қалаларының әкімдігі екі жұмыс күні ішінде оны өз ресми интернет-ресурсына орналастырады.
Қаулы интернет-ресурста орналастырылғаннан кейін, Министрлік субсидиялау нормативтері мен көлемдерін олардың бұрын мақұлданған субсидиялау нормативтері мен көлемдеріне сәйкес келуі тұрғысынан салыстырып тексереді. Сәйкес келмеген жағдайда, Министрлік субсидиялау нормативтері мен көлемдерінің мақұлданған нұсқасына сәйкестендіру үшін облыстың, Астана және Алматы қалаларының әкімдігін хабарландырады.
6. Мыналар:
1) осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларда көрсетілген өлшемшарттар мен талаптарға сәйкес келмейтін тауар өндірушілердің жануарлары мен мал шаруашылығы өнімдері;
2) шағылыстыру маусымы бойында өсімін молайтуда пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамаған және зоотехникалық нормативтерге (шағылыстыру контингентінің отыз басына кемінде бір бұқа (қошқар), бір бұқаны (қошқарды) қатарынан екі шағылыстыру маусымынан артық пайдаланбау) сәйкес бұрын тұқымдық түрлендіруде пайдаланылмаған асыл тұқымды тұқымдық бұқалармен (асыл тұқымды тұқымдық қошқарлар) алмастырған жағдайда, шаруашылықтың ірі қара малының (қойларының) барлық аналық басы;
3) өтінімді берген сәтте бір шартты аналық басқа кемінде үш гектар нормативі бойынша елді мекен жерінің шегінен тыс жайылымдармен қамтамасыз етілмеген жағдайда, ауыл шаруашылығы кооперативінің селекциялық және асыл тұқымдық жұмысқа тартылған ірі қара малының (қойдың) барлық аналық басы;
4) өтінім берген сәтте жануарлар басы саны бойынша алшақтықтары (жануарлардың бірдейлендіру нөмірлерінің, жынысының, тұқымының, туған күнінің сәйкес келмеуі) бар шаруашылықтардың «www.plem.kz» ресми ресурсы бойынша селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың бірыңғай ақпараттық базасында (бұдан әрі – АТЖ) және «www.iszh.kam.kz» ресми ресурсы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жөніндегі дерекқорда (бұдан әрі – АЖС) тіркелген ірі қара малының (қойларының) аналық басымен жүргізілетін селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс;
5) бұрын, сатып алу кезінде құнын арзандатуға субсидияланған, сондай-ақ айырбас бойынша өзара есеп айырысу есебіне сатып алынған немесе өсімін молайту мақсатында пайдаланылмайтын асыл тұқымды ірі қара мал, қой, ешкі, жылқы, түйе, марал (бұғылар), шошқа және асыл тұқымды тәуліктік балапандарды сатып алу;
6) селекциялық және асыл тұқымдық жұмысқа қатысатын, ағымдағы шағылыстыру маусымында селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу бағыты бойынша ағымдағы жылы субсидияланған жануарлар және бал ара ұялары (осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген қосымша норматив (бұдан әрі – қосымша норматив) бойынша өтінім берген кезде ірі қара малды қоспағанда);
7) көрсетілген бағыт бойынша ағымдағы жылы субсидияланған, қоғамдық және тауарлы табындарда өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық бұқалар;
8) тауар өндiрушiлер ауыл шаруашылығы кооперативтерін қоспағанда, басқа жеке және (немесе) заңды тұлғалардан одан әрi қайта сату және (немесе) қайта өңдеу үшiн сатып алған мал шаруашылығы өнімі;
9) тауар өндірушілер айырбас бойынша, өзара есеп айырысу шотына өткізген немесе бұрын субсидияланған мал шаруашылығы өнімі;
10) жеке аулада сойылған сондай-ақ қайта өңдеуші кәсiпорындарда бастапқы қайта өңдеуден өткен мал шаруашылығы өнімі;
11) тауар өндірушілер жануарларды мәжбүрлi санитариялық сою нәтижесiнде алған мал шаруашылығы өнімдері, сондай-ақ белгілі бір жануар түрі бойынша аса қауіпті және инфекциялық аурулар бойынша карантиндiк iс-шаралардың қолданылу кезеңiндегі ауыл шаруашылығы жануарларының өнімдері мен бастары;
12) етті құс шаруашылығының жанама өнімдері – аяқтары, бастары, ішкі органдары;
13) жұмыртқа ұнтағын өндіру үшін өткізілген және (немесе) берілген тағамдық жұмыртқа субсидиялауға жатпайды.
7. Субсидиялар бағыттардың мына басымдылықтарына сәйкес тауар өндірушілерге, басқа да жеке және заңды тұлғаларға төленеді:
асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға:
ірі қара малдың және қойдың аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізу;
асыл тұқымды ірі қара мал және қой сатып алу;
асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудың қалған бағыттары;
мал шаруашылығы өнімділігін және өнім сапасын арттыруға:
сүт өндірісінің құнын арзандату;
құс еті өндірісінің құнын арзандату;
бұқашықтарды бордақылау құнын арзандату;
қозы еті өндірісінің құнын арзандату;
құрама жем құнын арзандату;
биязы және жартылай биязы жүн өндірісінің құнын арзандату;
мал шаруашылығының басқа өнім түрлері өндірісінің құнын арзандату.
Бір немесе бірнеше бағыттар бойынша қаражат қалып қойған жағдайда, субсидиялар субсидиялау бағытының басымдылығына сәйкес қайта бөлінеді.
8. Тауар өндірушілердің, жеке және заңды тұлғалардың субсидияларды алуының қажетті шарты өтінім берген сәтте осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларда көрсетілген өлшемшарттарға және талаптарға сәйкес келуі болып табылады.
9. Субсидиялар:
1) селекциялық және асыл тұқымдық жұмысқа тартылған ірі қара малдың аналық басы үшін осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген базалық норматив бойынша және нақты алынған төл бойынша ірі қара малдың аналық басы үшін қосымша норматив бойынша;
2) селекциялық және асыл тұқымдық жұмысқа тартылған қойлардың, маралдардың аналық басы және бал ара ұясы үшін;
3) сатып алынған асыл тұқымды мал басы және сатып алынған асыл тұқымды құс шаруашылығы өнімінің бірлігі үшін;
4) ірі қара мал мен қойлардың қолдан ұрықтандырылған нақты аналық басы үшін;
5) табынның өсімін молайтуда пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық бұқаның басы үшін;
6) союға өткізілген немесе есептік нөмірлерге ие, тоңазытқыш жабдығы мен ветеринариялық зертханасы бар сою пункттерінде және (немесе) ет комбинаттарында қайта өңделген бұқашық пен қозының басы үшін;
7) есептік нөмірлерге ие, тоңазытқыш жабдығы мен ветеринариялық зертханасы бар сою пункттеріне және (немесе) қайта өңдеуші кәсіпорындарға (цехтерге) өткізілген немесе сонда өңделген сүттің, құс етінің, шошқа етінің, жылқы етінің, түйе етінің, биязы және жартылай биязы жүннің бір килограмы үшін;
8) өткізілген тағамдық жұмыртқаның бірлігі үшін;
9) өткізілген құрама жемнің бір тоннасы үшін төленеді.
10. Бұрын мақұлданған, бірақ қаржыландырылмаған немесе ішінара қаржыландырылған субсидиялар алуға арналған өтінімдерді қоса алғанда, басым бағыттардың бірі бойынша субсидиялар алуға арналған өтінімдерді толық көлемде қанағаттандыру үшін қаражат жетіспеген жағдайда, Басқарма жетіспеген қаражатты басымдығы төмен бағыттар бойынша игерілмеген қаражат болған жағдайда, осы бағыттардан қайта бөледі.
Қаражат қалдығы берілген субсидиялар алуға арналған өтінімдердегі тиесілі субсидиялардың көлемдеріне сәйкес пропорционалды түрде бөлінеді. Тауар өндірушіге тиесілі субсидиялардың төленбеген қалдығы оған келесі айдың (лардың)/жылдың қаражатынан олар бар болған жағдайда, бағыттардың басымдылығын ескере отырып, облыс, Астана және Алматы қалалары әкімдігінің субсидиялау бағыты жөніндегі қаулысымен бекітілген көлемдер шегінде төленеді.
11. Субсидиялау бағыттары арасындағы сомалар өзгерген жағдайда, облыс, Астана және Алматы қалалары әкімдігінің қаулысына осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген тәртіппен тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізіледі.
12. Басқарма ай сайын тауар өндірушілердің, жеке және заңды тұлғалардың субсидиялар алуға арналған өтінімдерін қарау нәтижелері туралы ақпаратты облыс, Астана және Алматы қалалары әкімдігінің интернет-ресурсының арнайы бөлімінде жариялайды.
Басқарма Министрлікке ай сайын есепті айдан кейінгі айдың бесіне дейінгі мерзімде осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес 1-нысан бойынша және жыл сайын есепті жылдан кейінгі 10 қаңтарға дейінгі мерзімде осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес 2-нысан бойынша бюджет қаражатын игеру жөніндегі есепті жолдайды.
13. Министрлік облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялауды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды іске асыруына мониторинг жүргізеді. Мониторинг қорытындылары бойынша Министрлік облыс, Астана және Алматы қалалары әкімінің атына ұсыныс енгізеді.
2-тарау. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша субсидиялар алу тәртібі
14. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша тауар өндірушілер тиісті негіздердің туындауына қарай, Басқармаға АТЖ арқылы осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша субсидиялар алуға арналған өтінімдер жолдайды.
Тауар өндірушілер негіздер туындаған сәттен бастап (тауар өндіруші Қағидалардың өлшемшарттары және талаптарына сәйкес келген сәттен бастап) он екі айдан аспаған субсидиялар алуға арналған өтінімдерді береді.
15. Тауар өндіруші осы Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша өтінім берген жағдайда, Басқарма үш жұмыс күні ішінде өтінімді көрсетілетін деректердің толықтығына тексеруді жүзеге асырады және сәйкес келген жағдайда, АТЖ арқылы өтінімді осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес өлшемшарттар мен талаптарға сәйкестігін салыстырып тексеру үшін тиісті ауданның, Астана және Алматы қалаларының және облыстық маңызы бар қалалардың ауыл шаруашылығы бөліміне (бұдан әрі – Бөлім) жолдайды.
Тауар өндіруші осы Қағидалардың 16-тармағында көрсетілмеген бағыттар бойынша өтінім берген жағдайда, Басқарма өтінімді қажет етілетін деректердің толықтығына тексеруді жүзеге асырады.
Осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес өлшемшарттар мен талаптарға сәйкес еместігі анықталған жағдайда, субсидиялар алуға арналған өтінім көрсетілген мерзім ішінде АТЖ арқылы барлық сәйкессіздіктердің дәлелді негіздемесімен бірге тауар өндірушілерге қайтарылады.
Тауар өндірушілер түзетілген немесе толықтырылған субсидиялар алуға арналған өтінімді қайта енгізе алады.
16. Құрамында Бөлім маманы тиісті ауылдың округ әкімдігінің маманымен және ветеринар дәрігермен бірлескен жұмыс тобы субсидиялау бағыттары (асыл тұқымды жануарларды сатып алу, тұқымдық түрлендірумен қамтылған ірі қара мал мен қойдың аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу, өсімді молайту үшін пайдаланылатын етті, сүтті, сүтті-етті тұқымдардың асыл тұқымды тұқымдық бұқаларын күтіп-бағу) бойынша Басқармадан өтінім келіп түскен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес өлшемшарттар мен талаптарға сәйкестігін салыстырып тексеру үшін шаруашылыққа барады. Жұмыс тобының құрамы Бөлім бұйрығымен бекітіледі.
Сапар нәтижелері бойынша осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес салыстырып тексеру актісін толтырылады, түпнұсқасы осы Қағидалардың 28-тармағында көрсетілген мерзімдерде Бөлімде сақталады. Актінің көшірмесі көрсетілген мерзім ішінде ілеспе хатпен және АТЖ арқылы Басқармаға жолданады.
17. Тауар өндіруші өлшемшарттар мен талаптарға сәйкес келген жағдайда, Басқарма өтінім келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бағыттардың басымдығын, сондай-ақ өтінімдер мен қорытындының келіп түсу хронологиясын ескере отырып, осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес облыс, қала бойынша жиынтық акт қалыптастырады, оны Басқарма басшысы немесе оны алмастырушы адам бекітеді және ол ақы төлеуге жолданады.
Осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген өлшемшарттар мен талаптарға сәйкес еместігі анықталған жағдайда, субсидиялар алуға арналған өтінім көрсетілген мерзім ішінде АТЖ арқылы барлық сәйкессіздіктердің дәлелді негіздемесімен бірге тауар өндірушіге қайтарылады.
Тауар өндірушілер түзетілген немесе толықтырылған субсидиялар алуға арналған өтінімді қайта енгізе алады.
Басқарма облыс, қала бойынша жиынтық акт бекітілген күннен кейін үш жұмыс күні ішінде тауар өндірушіге АТЖ арқылы өтінімді мақұлдағаны туралы хабарлама жолдайды.
18. Тауар өндірушілердің банктік шоттарына тиесілі бюджеттік субсидияларды аударуды Басқарма қазынашылықтың аумақтық бөлімшесіне төлем шоттарын үш жұмыс күні ішінде беру арқылы жүзеге асырады.
19. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша алынған субсидиялар туралы мәліметтерді Басқарма тауар өндірушілерге субсидия төленген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде АТЖ-ға енгізеді.
20. Тауар өндірушілер осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша субсидиялар алуға өтінім бергенге дейін, көрсетілген субсидиялау бағыттары бойынша мынадай тиісті құжаттарды ресімдейді:
1) асыл тұқымды ірі қара мал, асыл тұқымды қойлар, ешкілер, жылқылар, түйелер, шошқалар мен маралдар, ата-енелік/ата-тектік нысандағы құстардың етті және жұмыртқа бағытындағы асыл тұқымды тәуліктік балапанын сатып алған жағдайда - осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес 3 нысан бойынша жануарларды/құстарды кіріске алу актісі;
2) жеке қосалқы шаруашылықтардың мал басынан қалыптастырылған қоғамдық табында өсімді молайту үшін пайдаланылатын етті, сүтті және сүтті-етті тұқымдардың асыл тұқымды тұқымдық бұқаларын күтіп-баққан жағдайда - осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың мал басынан қалыптастырылған қоғамдық табында етті, сүтті және сүтті-етті тұқымдардың асыл тұқымды тұқымдық бұқаларын бекітіп беру және пайдалану бойынша мал иелері болып табылатын елді мекен тұрғындары жиынының шешімі. Тұрғындар жиыны өткен соң тауар өндіруші тұрғындар жиынының аталған шешімін (көшірмесі АТЖ-ға орналастырылады) Бөлімге енгізеді. Бөлім тұрғындар жиынының шешімінде көрсетілген деректерге сәйкес ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды бекітіп бере отырып, АТЖ-да қоғамдық табын қалыптастырады;
3) жеке қосалқы шаруашылықтарда ірі қара малдың/қойлардың аналық басын қолдан ұрықтандыруды жүзеге асырған жағдайда - осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес 1-нысан бойынша ірі қара малдың/қойлардың аналық басын қолдан ұрықтандыру туралы акт және осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес 2-нысан бойынша ірі қара малдың ұрықтандырылған аналық басын буаздыққа зерттеп қарау актісі.
21. Ірі қара малдың аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізетін тауар өндірушілер осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген өлшемшарттар мен талаптарға, осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкестікті қамтамасыз етеді және ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде АТЖ арқылы базалық норматив бойынша субсидиялар алуға арналған өтінім береді.
Қосымша норматив бойынша өтінімдер күнтізбелік жылда бір рет, бірақ ағымдағы жылдың 20 қарашасынан кешіктірмей:
етті мал шаруашылығы бойынша - ағымдағы жылы базалық норматив бойынша субсидияланған аналық мал басынан өткен жылдың шағылыстыру маусымы үшін АТЖ–да шаруашылық бойынша төл шығымының орташа көрсеткішін ескере отырып, төлдеу кезеңі аяқталған соң;
сүтті мал шаруашылығы бойынша - ағымдағы жыл алдындағы жылы сүтті сиырлардан тірі бұзау төлінің түсімін ағымдағы жыл алдындағы жылдың басындағы сиырлар басына бөлу жолымен 100 сиырға арналған бұзаулар шығымының көрсеткіші негізінде беріледі.
Тауар өндірушілер қойлардың аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге субсидиялар алу үшін ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген өлшемшарттар мен талаптарға сәйкестікті қамтамасыз етеді және шағылыстыру маусымы басталғанда АТЖ арқылы субсидиялар алуға арналған өтінім береді.
Тауар өндіруші асыл тұқымды ірі қара малды төлемін кейінге қалдыра отырып (ішінара төлей отырып) сатып алған және/немесе лизингке алған жағдайда, бюджеттік қаражатты субсидиялар алуға арналған өтінімде көрсетілетін сатушының және/немесе лизинг берушінің есебіне аударуға жол беріледі.
Жеке және заңды тұлғалар табынның өсімін молайту үшін асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды күтіп-бағуға субсидиялар алу үшін ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген өлшемшарттар мен талаптарға сәйкестікті қамтамасыз етеді және АТЖ арқылы субсидиялар алуға арналған өтінім береді.
3-тарау. Мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру бағыты бойынша субсидиялар алу тәртібі
22. Жыл сайын 20 қаңтарға дейінгі мерзімде бөлім аудан әкімдігінің интернет-ресурсында және ауданның ресми баспа басылымдарында субсидиялауға арналған өтінімдерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру орналастырады.
23. Тауар өндірушілер мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру бағыты бойынша тиісті негіздердің туындауына қарай Бөлімге екінші деңгейдегі банктің немесе поштаның ұлттық операторының ағымдағы шоттың бар болуы туралы анықтамасын (жылына бір рет немесе банктік шот ауысқан жағдайда беріледі) қоса беріп отырып, осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген бағыттарға сәйкес субсидиялауға жататын нақты көлемдерге осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша субсидиялар алуға арналған өтінімдерді ұсынады.
24. Субсидиялар алудың айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында құс фабрикаларының/100 мал орнынан басталатын бордақылау алаңдарының/шошқа өсіруші кәсіпорындардың тізбесі және олардың өлшемшарттар мен талаптарға сәйкестігі облыстар, Астана мен Алматы қалалары деңгейінде өңірлік кәсіпкерлер палаталары құратын құрамында «Атамекен» ҰКП-да аккредиттелген қоғамдық салалық одақтар мен қауымдастықтар өкілдері бар осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес арнайы комиссияның Басқарма мен Бөлімге жолданатын қорытындысы негізінде жылына бір рет айқындалады. Жыл ішінде аталған тізбені өзгертуге жол беріледі. Бұл ретте, құс фабрикалары және шошқа өсіруші шаруашылықтар үшін қорытындыға қоса берілетін өнім өндірудің технологиялық картасы құрылады.
Тауар өндірушілердің өлшемшарттар мен талаптарға сәйкестігін айқындау бес жұмыс күні ішінде өтеусіз негізде «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік кәсіпкерлер палатасына тауар өндірушіні жазбаша хабардар ету негізінде жүзеге асырылады.
Құрама жем құнын субсидиялау құрама жем кәсіпорындарына бекітілген тізбеден арзандатылған баға бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтеріне нақты өткізілген құрама жем көлемі үшін жүзеге асырылады. Ағымдағы жылдың 1 наурызына дейін Бөлім осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес өлшемшарттар мен талаптарды ескере отырып, субсидиялауға жататын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тізбесін бекітеді және ауыл шаруашылығы жануарлары түрлері (кооператив мүшелерінің ИСЖ-да тіркелген) бойынша жылдық қажеттілік нормалары негізінде олардың құрама жемге жылдық қажеттілігі көлемдерін айқындайды.
Бекітілген тізбе тоқсан сайынғы негізде қайта қаралуы мүмкін. Бекітілген ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тізбесі Басқармаға жолданады және аудан әкімдігінің сайтында жарияланады.
Субсидиялануға килограмына 40 теңгеден аспайтын арзандатылған бағамен өткізілген құрама жем жатады.
Құрама жем зауыты құрама жемді бекітілген тізбедегі ауыл шаруашылығы кооперативтеріне өткізген жағдайда, оның өткізілген көлемі үшін өтінім береді.
25. Бөлім субсидиялар алуға арналған өтінімді тігілген, нөмірленген және мөрмен бекітілген арнайы журналда тіркейді.
26. Бөлім өтінім беруге негіз пайда болған сәттен бастап (өткізілген өнім үшін ақы төленген сәттен бастап) үш айдан аспайтын мерзім өткен субсидиялар алуға арналған өтінімдерді қабылдайды.
27. Бөлім субсидиялар алуға арналған өтінімді алған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде тауар өндірушінің өтінімін осы Қағидалардың 6, 7, 8-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексереді.
Бөлім бұқашықтарды бордақылау, қозы еті, жылқы еті, түйе еті, шошқа еті құнын арзандатуды субсидиялау бағыттары бойынша салыстырып тексеру жүргізу үшін АТЖ-дан осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша АТЖ мен АЖБ-да мал басын шығару туралы деректерді бір иесінің тіркелген/шығып кеткен (АЖБ-дан) жануарларына салыстырып тексеру нысаны жөніндегі ақпаратты алады.
Бөлім АТЖ арқылы 400-ден басталатын бағымдағы сауын сиырлары бар сүтті-тауарлы фермалар сауған сүт көлемін өтінімде көрсетілген өткізілген сүт көлемімен салыстырып тексереді.
Бөлім мал шаруашылығы өнімін субсидиялауға өтінім берген тауар өндірушілерді ауданның ветеринария бөлімі ұсынған, аса қауіпті және инфекциялық аурулар бойынша карантиндiк iс-шаралар болған жағдайда олар қолданылған тауар өндірушілер тізімімен салыстырып тексеруді жүзеге асырады.
Бөлім көрсетілген мерзім ішінде тауар өндірушінің (құс фабрикаларын, 100 мал орнынан басталатын бордақылау алаңдарын, шошқа өсіру шаруашылықтарын қоспағанда) қызмет орнына осы Қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген өлшемшарттар мен талаптарға сәйкестікті анықтау және зоотехникалық есепке алудың бастапқы құжаттарына (малдың қозғалысы туралы есепті, өнім өндіру журналын қоса алғанда) салыстырып тексеру жүргізу үшін мынадай жағдайларда барады:
1) жекелеген бағыт бойынша субсидиялар алуға арналған өтінімді алғаш рет беру;
2) алдыңғы субсидиялар алуға өтініммен салыстырғанда, өндіріс деңгейінің/кәсіпорын қуатының ұлғаюына байланысты субсидиялау нормативінің артуы;
3) жекелеген бағыт бойынша өтінім берілген көлемдердің өткен айдың өтінімінен жиырма пайыздан астам асып кетуі.
Осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес өлшемшарттар мен талаптарға, осы Қағидалардың 6,7,8-тармақтарындағы талаптарға сәйкес келмеу анықталған жағдайда, субсидиялар алуға арналған өтінім көрсетілген мерзім ішінде барлық сәйкессіздіктердің дәлелді негіздемесі бар ілеспе хатпен тауар өндірушіге қайтарылады.
Тауар өндірушілер түзетілген немесе толықтырылған субсидиялар алуға арналған өтінімді қайта енгізе алады.
28. Тауар өндіруші осы Қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген өлшемшарттар мен талаптарға сәйкес келген жағдайда, Бөлім осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес 1-нысан бойынша аудан бойынша жиынтық акт толтырады және оны аудан әкімі, ол болмаған жағдайда, оның міндетін атқарушы адам бекітеді. Бекітілген аудан бойынша жиынтық акт және екінші деңгейдегі банктің немесе поштаның ұлттық операторының ағымдағы шоттың бар болуы туралы анықтамасының (жылына бір рет немесе банктік шот ауысқан жағдайда беріледі) электрондық (сканерленген) көшірмелері екі жұмыс күні ішінде Басқармаға ұсынылады. Бөлім субсидиялар алуға арналған өтінімді салыстырып тексеруге арналған құжаттармен бірге үш жыл бойы сақтайды. Бөлім Басқармаға берілетін құжаттардың дұрыстығын қамтамасыз етеді.
29. Басқарма аудан бойынша жиынтық актілерді мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағыты бойынша жиынтық актілерді тіркеу журналына тіркейді.
Басқарма үш жұмыс күні ішінде бөлімдер ұсынған аудандар бойынша жиынтық актілерді барлық деректердің болуы және толықтығы тұрғысынан қарайды, сәйкессіздік анықталған жағдайда, Басқарма ұсынылған аудандар бойынша жиынтық актілерді Бөлімге қайтару себептерін көрсете отырып, пысықтауға қайтарады.
Бөлім үш жұмыс күні ішінде Басқармаға түзетілген және толықтырылған жиынтық актіні қайта енгізеді, ал мүмкін болмаған жағдайда – көрсетілген мерзім ішінде субсидиялар алуға арналған өтінімді тауар өндірушіге қайтару себептерін жазбаша көрсете отырып, қайтарады.
30. Сәйкес келген жағдайда, Басқарма бағытты басымдығын, сондай-ақ, аудандар бойынша жиынтық актілердің келіп түсу хронологиясын ескере отырып, екі жұмыс күні ішінде тауар өндірушілерге тиесілі субсидиялардың көлемін көрсете отырып, осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес облыс, қала бойынша жиынтық акт толтырады. Облыс, қала бойынша жиынтық актіні Басқарма басшысы, ол болмаған жағдайда, оның міндетін атқарушы адам бекітеді.
31. Тиесілі бюджеттік субсидияларды тауар өндірушілердің банктік шоттарына аударуды Басқарма бір жұмыс күні ішінде қазынашылықтың аумақтық бөлімшесіне төлем шоттарын беру жолымен жүзеге асырады.
32. Басқарма облыс, қала бойынша жиынтық акт бекітілген күннен кейін үш жұмыс күні ішінде Бөлімге осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес 1-нысан бойынша мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруға арналған бағыттар бойынша тауар өндірушілердің өтінімдерін қарастыру қорытындылары жөніндегі ақпаратты жолдайды.
Бөлім алынған ақпарат бойынша кейіннен тауар өндірушіге (өтінім берушіге) беру үшін қарау нәтижелерін қысқаша сипаттай отырып, әр тауар өндіруші (өтінім беруші) бойынша жеке-жеке осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес 2-нысан бойынша субсидиялар алуға арналған өтінімді қарау нәтижелері туралы хабарлама қалыптастырады.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына 1-қосымша
Бюджеттік субсидиялар нормативтері
№ Субсидиялау бағыты Өлшем бірлігі 1 бірлікке арналған субсидиялар нормативтері, теңге
Етті мал шаруашылығы
1. Асыл тұқымдық және селекциялық жұмыс жүргізу
1.1 Тауарлы аналық бас
1) Базалық норматив бас 10 000
2) Қосымша норматив:
80%-дан бастап (қоса алғанда) төл беру шығымы бас 8 000
60%-дан бастап (қоса алғанда) төл беру шығымы бас 6 000
1.2 Асыл тұқымды аналық бас
1) Базалық норматив бас 10 000
2) Қосымша норматив:
80%-дан бастап (қоса алғанда) төл беру шығымы бас 20 000
70%-дан бастап (қоса алғанда) төл беру шығымы бас 15 000
2. Асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу** бас 150 000
3. Бұқашықтарды бордақылау шығындарын арзандату****
1) нақты бордақыланғаны 3000 бастан бастап бас 45 000
2) нақты бордақыланғаны 2500 бастан бастап бас 40 000
3) нақты бордақыланғаны 2000 бастан бастап бас 35 000
4) нақты бордақыланғаны 1500 бастан бастап бас 30 000
5) нақты бордақыланғаны 1000 бастан бастап бас 25 000
6) нақты бордақыланғаны 100 бастан бастап бас 20 000
7) ауыл шаруашылығы кооперативтері бас 20 000
Сүтті және сүтті-етті мал шаруашылығы
1. Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу
1.1 Асыл тұқымды аналық бас
1) Базалық норматив бас 10 000
2) Қосымша норматив
80%-дан бастап (қоса алғанда) төл беру шығымы бас 20 000
70%-дан бастап (қоса алғанда) төл беру шығымы бас 15 000
2. Асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу**
1) отандық шаруашылықтардың асыл тұқымды ірі қара малы бас 170 000
2) импортталған асыл тұқымды ірі қара мал
Аустралия, АҚШ және Канада елдерінен бас 225 000
Еуропа және ТМД елдерінен бас 150 000
3. Сүт өндірудің құнын арзандату:
1) жемдік мал басы 400 бастан басталатын шаруашылықтар килограмм 25
2) жемдік мал басы 50 бастан басталатын шаруашылықтар килограмм 15
3) ауыл шаруашылығы кооперативтері килограмм 10
Мал шаруашылығы
1. Жеке қосалқы шаруашылықтарда және ауыл шаруашылығы кооперативтерінде ірі қара малдың аналық басын қолдан ұрықтандыруды ұйымдастыру бас *
2. Асыл тұқымдық және дистрибьютерлік орталықтар сатып алған ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басын қолдан ұрықтандыруды жүргізу үшін пайдаланылатын арнайы техника мен технологиялық жабдықтың құнын арзандату бірлік *
3. Қоғамдық және тауарлы табындарда етті, сүтті және сүтті-етті тұқымдардың асыл тұқымды тұқымдық бұқаларын күтіп-бағу бас 100 000
Етті бағыттағы құс шаруашылығы
1. Отандық және шетелдік асыл тұқымды репродукторлардан ата-енелік/ата-тектік нысандағы етті бағыттағы асыл тұқымды тәуліктік балапан сатып алу голова 600
2. Құс (бройлер) етін өндіру құнын арзандату ***
1) 15 000 тоннадан басталатын нақты өндіріс килограмм 80
2) 10 000 тоннадан басталатын нақты өндіріс килограмм 70
3) 5 000 тоннадан басталатын нақты өндіріс килограмм 60
4) 1000 тоннадан басталатын нақты өндіріс килограмм 50
3. Күрке тауық етін өндіру құнын арзандату килограмм 200
4. Нақты өндірісі 20 тоннадан басталатын құс (суда жүзетін құс және бройлер) етін өндіру құнын арзандату килограмм 40