Түбіміз бір түркі халықтарының ішіндегі қазақ пен өзбектің есте жоқ ескі заманнан бері ауылы аралас, қойы қоралас, төсекте басы, төскейде малы қосылған. Бұл – бүгінге дейінгі біздің бабаларымыздың салып кеткен сара жол, көне соқпағынан келе жатқан берік байланысымыздың белгісі. Демек, барыс-келісі ғасырларға ұласатын екі елдің тату көрші, тілмашсыз түсінісетін тіршілігі ешқашан үзілмек емес деп сенімді түрде айтуға болады. Уақыт өткен сайын байланысымыз нығайып, қарым-қатынасымыз жаңа деңгейге көтеріліп келе жатыр.
Біз әр кезде бауырлас ұлт ретінде Қазақстанның жеткен жетістіктеріне сүйсініп, елдегі болып жатқан игі өзгерістер мен жаңалықтарға елеңдеп, ұдайы көңіл аударып отырамыз. Соның бірі – жуырда ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы болды. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атауымен жарияланған құжатта елдің стратегиялық даму бағыты айқындалып, жоспарлар нақтыланған. Бұл Жолдау осындай нақты мақсаттарды көздеуімен құнды. Ақиқатында, тұтас бір елдің биік белестерді бағындыруға жетелейтін мұндай мәлімдемелері біздің елімізде де жиі жарияланып жатады. Сондықтан да орайлы сәтті пайдаланып, Сырдың сағасын қатар жайлаған туыс халықтардың өкілі ретінде мұндай құжаттарды қолдайтындығымызды білдіргім келеді.
Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы болғандықтан, енді өзім жетекшілік ететін салаға қатысты әңгіме қозғасам деймін. Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан жазушылары арасындағы рухани-мәдени байланыс заман ағымына сай, уақыт талабымен үндесе отырып жанданып, жаңғыруда. Мұндай қатынастың көне тарихын айтпағанның өзінде, біздердің әдеби шығармашылық байланысымыз Кеңес заманында да қарқынды өрістеді. Аударма арқылы бір-бірімізді оқып, танудың шарықтау кезеңі сол шақтарда болған-ау деп топшылаймын кейде. Мұны күні кеше ғана Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен кездесуде менің сыралғы дос, замандас үзеңгілестерім, қазақ зиялыларының бірегейі М.Жолдасбеков пен ақын Н.Айтұлы да атап өтіп, бір сәт өткенді еске түсіргендей болды.
Расында да, сол кезеңдерде біздің қазақ жазушыларымен шығармашылық байланысымыз өте берік әрі тығыз қалыптасты. Өз басым М.Әуезовтің «Абай жолымен» алғаш танысуым сонау 1953 жылдың жазында, төртінші сыныпта оқып жүргенде басталды. Өз ана тілімде оқыған Абай, Тоғжан, Әйгерімдердің бейнесі әлі күнге көз алдымда. Сондықтан да ұлт талғамай адам жанын ізгілікке үндейтін, рухани байытатын әдебиет өнерінің мен үшін құны асқақ, қадір-қасиеті жоғары.
Ал енді тәуелсіздік таңындағы қазақ-өзбек әдеби, мәдени қатынасы қай деңгейде дегенге келер болсақ, ол туралы да айтарымыз аз емес. Әрине, егемен ел ретінде қос мемлекеттің рухани байланысының ұшар басында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Өзбекстанның тұңғыш Президенті И.Каримовтің тұрғандығын құрметпен атап өтуіміз керек. Біздің елдің бүгінгі Президенті Ш.Мирзиёев те оны жаңа деңгейге көтеруде.
Мәселен, жуырда ғана Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов бастаған делегация Өзбекстан Республикасының Ташкент, Самарқан қалаларында сапармен болып, кездесулер өткізді. Бұл екі ел азаматтарының өзара түсіністігі мен халықтар арасындағы рухани үндестікті жандандыра түсуге оң ықпал ететін сәтті қадамдардың бірі деп санаймын.
Оның соңын ала бере, Астана қаласының Өзбек этномәдени бірлестігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының, Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің және Юнус Эмре атындағы Түрік мәдениет орталығының қолдауымен «Әлішер Науаи» (Низамиддин Мір Әлішер) атты әдеби-мәдени кеш ұйымдастырылды. Бұл ретте, түркі тілдес мемлекеттердің осы елдегі елшілік өкілдерінің шараға белсенді қатысуы көп нәрсені аңғартса керек. Ал әдеби-мәдени кештің түпкі мақсаты – тіл мен мәдениетті сақтау және дамыту, әдебиетке деген қызығушылықты қалыптастыру әрі түркі тілдес ақындар мен ойшылдардың әдеби мұрасын насихаттау екендігін ескерсек, аталған шара өз міндетін артығымен орындады деп айта аламыз.
Ақиқатында, «Зиялылар бірлігі – ел бірлігі, ел бірлігі – ең асыл қасиет» демекші, қазақ пен өзбек зиялыларының бірлігі екі халықтың ынтымағы мен болашағын айқындап береді. Сонымен бірге біздің өзара түсінісуіміз үшін тілмаштың қажеті шамалы ғой. Десек те, көркем шығармаларды аударма арқылы танып, түсіну кім-кімнің де көңіл көкжиегін кемелдендіре түсетіні сөзсіз. Сондықтан да, әдеби мұраларды аударып, таратып, кеңінен насихаттағаннан ешкім де ұтылмайды.
Оның үстіне мұндай аудармалар әртүрлі ұлт өкілдеріне рухани байлық сыйлап қана қоймай, адамзат баласын өзара жақындастыра түседі. Ол үшін қазіргі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын өзбек тіліне, өзбек ақын-жазушыларының туындыларын қазақ тіліне аударып, әдеби кештер өткізсек деген ниетіміз бар. Бұл іске бүгінгі жастарымызды белсенді қатыстыру арқылы болашақтағы байланысымызды баянды еткіміз келеді.
Биылғы қаңтар айында Өзбекстан Жазушылар одағы 400 дана әдеби кітапты Икрам Хашимжанов жетекшілік ететін Қазақстандағы «Дўстлик» өзбектер қауымдастығына берді. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Өзбек мәдени бірлестігі мен Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының ұйытқы болуымен қазақстандық өзбек жазушылары жыл сайын Ташкент қаласына барып, танымал қалам иелерімен түрлі кездесулер өткізіп тұрады. Бұл туыс халықтардың әдеби-мәдени байланыстарының тереңдеуіне тың серпін береді.
Қазір цифрлы технология дамыған заман ғой. Ендеше, әдеби құндылықтарды электронды форматқа айналдыра отырып, оны интернет арқылы жастарға қолжетімді ету күллі әлем үшін өзекті мәселе болып тұр. Өйткені, озық технология жата-жастана кітап оқитын жастардың қатарын сиретіп жіберді. Қай мемлекетті алып қарасаңыз да, осы тақылеттес түйіндер тарқатылмаған күйі алдыңнан кесе көлденеңдейді. Осы тұрғыдан алғанда, Н.Назарбаевтың Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын әзірлеу туралы айтылуы адамзат баласы үшін игілікке айналғай.
Мұхаммад Әли АХМЕДОВ,
Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін