24 Ақпан, 2017

Жаһандану аясындағы Қазақстан

12032 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда тарихи уақыт­тың адам айтқысыз жылдам­дық­пен жылжып келе жатқаны – дау ту­ғызбайтын шындық. Бұл әсі­ре­се, жаһандық ақпарат­тық-ком­му­никация техно­логия­ла­ры­ның өте тез әрі үздіксіз жа­ңа­ру­ынан ай­қын сезілуде. Осы үрдіс, сонымен қатар, а­л­ғаш­қы индустриялық револю­ция­ның қозғаушы күші болған көмір мен будың біртіндеп ығысып, мұнай мен газға, одан соң атом қуатына, ен­ді, міне, Үшінші индустриялық ре­волюцияның энергия иіріміне ай­налып үлгерген балама қуат көз­деріне орын бере бастағанынан да анық көрінеді. Бұл құбылыс, сонымен қатар, Төр­­­тінші индустриялық револю­ция­­ның күретамыры болып отырған ро­боттану, биотехнология, инфор­ма­тика және нанотехнология син­тез­дерінен туындап жатқан соны ғы­лыми нәтижелерден де анық бай­қа­лып отыр. Содан соң қайта қалпына келетін, әрі тек қана қоршаған ортадан алы­на­­тын таза энергия қорларының мүл­­де жаңа технологиялық деңгейде өн­­діріліп, жаңаша сақталып, алыс-жа­­қын аймақтарға аса тиімді онлайн тә­сілмен тасымалдану мүмкіндігі де бүгінгі адамзат санасына қона бас­тады. Өз кезегінде аталған құбылыс­­тар­дың геосаясатқа да, мемлекет­ара­­лық қарым-қатынастар мен на­рық­тарға да, сол сияқты, азаматтық қоғамдардың жаңаша қалыптасып, жаңаша дамуына да тікелей әсер ете бастағаны күмән тудырмайды. Өйт­кені, мегаөзгерістер толқыны қаз­ірдің өзінде-ақ айқын сыр беріп, пла­нета тынысының болашақ болмысын болжайтын футурист-философтарды да, физиктерді де, экологтар мен биологтарды да, макроэкономистер мен микроэкономистерді де, мемлекет тізгінін ұстаған сая­сат­керлерді де жаппай ойландыра бастағаны шындықтан алыс емес. Мәселен, Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың соңғы Жолдауы – жо­ға­рыда айтылғанның айқын дәлелі. Бұлай деуге толық негіз бар. Өйт­­кені, өзге елдер секілді дамудың тұ­рақты жолын таңдаған біздің мем­лекетіміз де технологиялық ме­га­өзгерістер ағынынан тыс қалып отыр­ған жоқ. Кезінде қол жетпес­тей болып көрінетін қиял-ғажайып дү­ниелер бүгінгі Қазақстанның күнделікті болмысына қалай тез еніп кеткенін де байқамай қалдық. Тастан сарай да салдырып, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар да алғызып, сәйгүлік тұлпарларды автокөлік пен ұшақтар, хат пен хабарды SMS, телефон стансалары мен пошта қызметін ұялы телефондар, сия мен қаламды компьютерлер, кітапханаларды интернет-порталдар, баспаханаларды принтерлер, кинотеатрларды телевизор мен видеотекалар алмастырып отырғанына да етіміз әлдеқашан үйреніп кетті. Оны былай қойғанда, бүгінде тұ­тынушылардың қолында жүрген алақандай ғана айфондар мен пла­н­шеттер бүкіл ақпараттық-ком­му­никация технологияларының кө­ме­гімен іске асырылатын қызмет түр­лерін түгел қамтамасыз ететін әм­бебап құралға айналып кеткені де үй­реншікті жай болып қалды. Мұның сыртында «Google», «Yahoo», «Yandex» секілді ақпарат із­деу жүйелерінің көмегімен бүгінгі таң­да кез келген қазақстандық бү­кіл адамзат өркениетінің рухани құндылықтарының ғаламтор же­лі­лерінде жинақталған ұлан-ғайыр қоймаларына сүңгіп кетіп, ғылым мен білімнің, өнер мен ілімнің әр са­ласына қатысты ұғымдар мен терминдердің кез келгенін қас-қа­ғым сәтте суырып алып, керегіне жа­ратып отыр. Демек, бүгінгі таңда қалыптасып отырған әлемдік геосаясат картасынан біздің еліміз шет қалып отыр деу­ге ешбір негіз жоқ, себебі, бү­кіл­әлем­дік ақпарат мұхитынан сусындау өз еліміздің де шексіз игі­лігіне ай­­налып кеткені күмәнсіз. Тәуелсіздік тізгініне ие болған ши­­рек ғасыр ішінде Қазақстан әуел бас­та қолбайлау болған эко­но­ми­ка­лық қиындықтарды артқа тас­тап, бүгінде дамудың тұрақты жо­лы­на түсіп қана қоймай, бүкіл пла­не­та­ға танылып, әлемдегі экономика­сы қарышты дамып келе жатқан са­наулы мемлекеттердің санатына қо­сылды. Мұны қалайша оң үрдіс деп қабылдамайсың?!.

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері