Әлемдік деңгейде күн тәртібінен түспей тұрған экстремизм мен терроризмге қарсы күрес біздің елімізде де кеңінен жүргізілуде. Құқық қорғау органдары тарапынан жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар да аз емес. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің елордада экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелері талқыланған жиында келтірген мәліметтерінен көруге болады. Деректерге қарағанда, еліміздің тиісті құқық қорғау органдары 2011 жылдан бері алдын ала дайындалған экстремистік бағыттағы 64 актінің жолын кескен. Өткен жылы осындай тоғыз актіге тосқауыл қойылған. Сондай-ақ, адамдар көп жиналатын жерлерге террористік шабуылдар ұйымдастыруға жол берілмепті.
Ауғанстан, Сирия, Ирак, т.б. елдерде тұтанған қарулы қақтығыстар әлі басылар емес. Осы елдердің бірқатар аумақтарында халықаралық террористік ұйымдар еркін әрекет етеді. Оның үстіне, сол ұйымдардың «болашақ» террористерді дайындап, оларды белгілі бір нүктелерге ойран салуға бағыттап отыратын лагерьлері де бар. Өкінішке қарай, солардың арасынан біздің елдің адасқан азаматтары да кездесіп қалады. Қауіпсіздік қызметінің жүргізген іс-шараларының нәтижесінде жат ағымға еріп, алданып қалған 45 қазақстандық елімізге қайта оралды. Сонымен бірге, 33 азаматымыз өз еріктерімен қайтып келді.
Экстремизм және терроризм сипатындағы әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады. Оған қатысы барлар заң талаптарына сәйкес жазалануы тиіс. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметтері бойынша, соңғы бес жыл ішінде террористік және діни-экстремистік сипаттағы қылмыстар жасағаны үшін 445 адам бас бостандығынан айырылған. Ал өткен жылы 25 адам сотталған, қазіргі кезде 50-ге жуық адам тергеу изоляторында отыр.
Сирия – Ирак аймағындағы қарулы жанжалдар салдары бүгінде Таяу Шығыс елдерінің көпшілігінде террористік белсенділік қаупін күшейте түсуде. Өйткені, терроршылардың қатары түрлі елдерден келетін жаңа топтармен толығуда. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың ішінде Қазақстан азаматтары да кездеседі. Құқық қорғау органдары оларды алған беттерінен қайтару үшін нақты іс-шараларды қолға алып та жатыр. Мысалы, ұлттық қауіпсіздік органдары соңғы бес жылда 559 қазақстандықты террористік белсенділігі жоғары аймақтарға кетуден алып қалды.
Қазіргі кезде қарулы жанжалдар болып жатқан жерлерден өз отандарына оралғандардың қоғамға қауіп туғызатыны белгілі. Себебі, олардың көпшілігі өздерінің ұстанған радикалды көзқарасынан бірден арыла қоймайды және олар түрлі әдіс-тәсілдерді жақсы меңгерген, тәжірибелері бар. Сондықтан, қауіпсіздік органдары ондайлар тарапынан террористік актілер жасалу қаупі жоғары екенін жоққа шығармайды. Ал террорлық әрекеттер белсенді аймақтарда қалып қойғандар радикализм идеяларын таратумен қатар, көпшілік арасында алауыздық тудырып, қатарына жаңа адамдар тартумен де айналысады.
Соңғы жылдары залалсыздандырылған радикалды топтардың бір бөлігі халықаралық террористік ұйымдар жетекшілерінің нұсқау беріп, жол көрсетуімен әрекет ете бастады. Қалған бөлігі өздерінің қызметін ақпараттық насихат түрінде жалғастыруға көшті. Сондықтан, бүгінде Интернет желілері бойынша радикалды идеологияның таралуы негізгі проблеманың бірі болып отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі кезде діни-идеологиялық және террористік әрекеттердің әдіс-тәсілдерін оқытып-үйрететін интернет-ресурстар желісі көбейіп кетті. Оған тосқауыл қою үшін мемлекет тарапынан кезек күттірмейтін қосымша шаралар қарастырылуы керек. Олардың барлығы заңнамалық деңгейде шешілгені жөн.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек», деп атап өтті.
Бірқатар мемлекеттерде болған террорлық шабуылдар көрсеткендей, соңғы жылдары адамдар көп шоғырланатын сауда, демалыс және ойын-сауық орындары, сондай-ақ, ірі көлік нысандары экстремистер мен терроршылардың нысанасына айнала бастағаны жасырын емес. Бұл біздің елде де қырағылықты барынша күшейтуді талап етеді. Өйткені, елімізде жолаушыларға күндіз-түні қызмет көрсететін 20 әуежай, 17 темір жол вокзалы және 21 автовокзал бар. Осы нысандардың барлығы қажетті техникалық құралдармен толық жабдықталған деп айту қиын. Естуімізше, техникалық қамтылуы өте нашар деген бірқатар көлік нысандарына құрал-жабдықтар сатып алу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлініпті.
Экстремизм және терроризмге қарсы күресте бейнебақылау ерекше маңызды рөл атқаратынын әлемдік тәжірибе көрсетті. Осы құралдың арқасында талай қылмыстың беті ашылды. Бірақ, ауыл-селоларды айтпағанда, қалалардың өзі бейнебақылау құралдарымен толық қамтамасыз етілмеген. Оны Ақтөбедегі қайғылы оқиға көрсетіп берді. Ал қазіргі кезде елімізде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдарының жедел бақылау орталығына қосылған 4 мыңдай сыртқы бақылау камерасы жұмыс істейді екен. Тиісті органдар қызметкерлерінің пікірінше, бұл жеткіліксіз. Сондықтан бейнебақылау камераларының санын 51 мыңға жеткізу қажет. Бұл мәселе енді экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында шешілетін болады.
Терроризм қаупінің дер шағында алдын алуда мониторинг жүргізу мен халықтың хабарламаларына назар аударудың орны бөлек. Осыған байланысты Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық аумақтық органдары қосылған үш саннан тұратын біртұтас «110» нөмірін бөлді. Сонымен бірге, аудандық және қалалық телефон стансалары абоненттерімен тұрақты байланыс қамтамасыз етілді. Енді біртұтас «110» нөмірін Kcell, Activ, Altel және Tele-2 мобильді байланыс операторларына қосу мәселесі қарастырылуда.
Бүгінде басым бағыттардың тағы бірі – жастарды экстремистік және террористік әрекеттерге бой алдырудан сақтандыру. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі жаңа үлгідегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» деген оқу бағдарламасын әзірледі. Сондай-ақ, тәрбие жұмыстарының жаңа технологиясы дайындалды. Еліміздің аймақтарындағы жұмыспен қамту органдары – білім басқармаларының, кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссиялардың, жастар мәселелерімен айналысатын басқа да мекеме-ұйымдардың жұмысын жандандыру қолға алынды.
Терроризмге қарсы күрес мәселесіне қатысты ресейлік және батыстық әлеуметтік желілермен де ынтымақтастық жолға қойылып отыр. Соның нәтижесінде, Интернетке орналастырылған экстремистік және террористік сипаттағы көлемі біраз болатын материалдарды өшіріп тастауға мүмкіндік туды. Нақты деректер бойынша, Интернетте ай сайын террористік мазмұндағы 70 мыңға жуық материал көрінеді екен. Солардың 400-ден астамының қазақстандық аудиторияға бағытталатыны байқалған.
Қазіргі уақытта шетелдердің теологиялық оқу орындарын бітірген қазақстандық түлектер мен шет елдерде теологиялық оқу орындарында оқып жүрген студенттердің тұрақсыздау идеологияны таратуы да проблемалық мәселенің бірі болып тұр. Қоғамға жат осындай әрекеттерді болдырмау мақсатында дін істері жөніндегі өкілетті органдар шет елдерде рухани білім алудың баламасы ретінде оларды отандық теологиялық оқу орны – «Нұр» университетінде оқыту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Оның үстіне «Нұр» университетіне оқығысы келетіндерге білім гранты да бөлінбек.
Осылайша, еліміздің қауіпсіздік органдары экстремизм мен терроризмге қарсы күресудің жаңа әдісін қолға алып отыр.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»